ЖаңалықтарСпорт

9-шы сатыға сырғыды

   Премьер-Лиганың ХХХ турында «Шахтер» Атырауға барған еді. Жергілікті «Атыраумен» кезекті мәрте кездесті. Амал нешік, жігіттеріміз барын салды. Бірақ, бұл күні атыраулықтардың мерейі үстем болды.

Ойынның есебі – 2:0. «Мұнайшылар» өткен кездесудегі жеңілістің есесін қайтарды. Естеріңізде болар, сол кезде «Шахтер» «Атырауды» 3:0 есебімен жерге қаратқан-ды.

Матч басында-ақ шахтерлік Симоновски есеп ашу мүмкіндігіне ие болды. Қақпашы Нарзикуловпен оңаша қалды. Алайда, атыраулық қақпашы допты секіріп барып қағып алды.

Есеп 17-ші минутта ашылды. Атыраулық Куртеан Аржановқа пас шығарды. Өз кезегінде Аржанов ала допты Шацкий қорғаған қақпаның төменгі бұрышына дәл бағыттады. 1:0.

Алғашқы таймның соңына таман Куртеан айып добын тебуге мүмкіндік алды. Шацкий бұл соққыны қайтара білді.

Екінші тайм Уббниктің қауіпті соққысымен басталды. Өкініштісі, Уббник қақпадан жоғары тепті.

78-ші минутта атыраулықтар есепті еселеді. Жаппай қарымта шабуылға шыққан алаң қожайындары Шацкийдің қақпасында тағы бір допты тулатты. Алдымен Чуреев Сапаровқа пас берді. Сапаров допты Трыткоға шығарып, оны поляк қақпаға қарай шірене тепті. «Шахтердің» Шацкиі соққыны қайтарғанымен кері серпілген допқа Шабалин бірінші жетіп, қақпаны бағындырды. 2:0.

Бұдан кейінгі уақытта ойын тізгінін «Шахтер» қолына алды. «Атырау» қарымта шабуылдарға иық сүйеді. Десе де, таблодағы нәтиже өзгеріссіз қалды.

Атыраудағы ойыннан соң «Шахтер» 9-шы сатыға сырғыды. Қоржында – 33 ұпай. Келесі турдағы қарсылас «Жетісуда» – 31 ұпай. Тиісінше, «Шахтерден» кейінгі орын – талдықорғандық клубтың еншісінде. 11-ші орынды 29 ұпаймен «Тараз» бен «Ақжайық» бөлісуде. Ал, көш басындағы «Астананың» 68 ұпайы бар. Және елордалық команданың бір ойыны кем.

«Шахтер» «Жетісуды» 22 қазанда қабылдайды. Ойын Қарағандыдағы «Шахтер» стадионында өтеді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button