Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ: «Елбасы стратегиясы татулықтың тұғыры болды»

«Әр ұрпаққа заман өз талабын қояды. Бүгінгі буын тәуелсіз мемлекетті құрып, оны өркендету міндетін ойдағыдай іске асырды. Осы істі жалғастыруда кейінгі толқынның жауапкершілік жүгі үлкен. Елдікті сақтап қалу үшін олар ең алдымен білім бәсекесінде алға озып, сонымен қатар ұлттық құндылықтарға мән беруі тиіс». Тәуелсіздікті нығайту жолында Елбасының үзеңгілес серігі болып келе жатқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, «Қансонар» аңшылық шаруашылығы республикалық қауымдастығының төрағасы Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ осылай дейді.

БҰЛ КӨШ ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ АСТАНАҒА КЕЛУІНЕ СЕБЕП БОЛДЫ

– Оралбай аға, биыл бірнеше мерейтойлық дата қатар келді. Ата Заңымыздың және Ассамблеяның 25 жылдығы, алда Тәуелсіздік күні келе жатыр. Осы оқиғаның барлығы бүгінгі Тұңғыш Президент күні мерекесімен тығыз байланысты. Сіз Елбасының үзеңгілес серігі болып ұзақ жыл елге қызмет еттіңіз. Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздікті қалыптастырудағы ең үлкен ерлігі деп қандай шешімдерді айтар едіңіз?

– Шынында кейінге көз салсаң сол тағдыршешті оқиғалардың маңызы жыл өткен сайын арта түсетінін сезінесің. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін, экономикалық дағдарыс басталып, қиын кезеңді бастан кешкенімізді білесің. Кәсіпорындар тоқырап, жалақы да, зейнетақы да айлап берілмеген күндер болды. Өз алдына егемен ел болуы ғана елге күш беріп тұрды. Осындай сын сағатта Президенттік басқару жүйесінің жолға қойылуы үлкен серпіліс берді. Елбасы тығырықтан шығудың жолын іздеп, бірнеше тарихи шешім қабылдады. Соның ішіндегі ең маңызды мәселе стратегиялық жоспарлауы дер едік. Бастапқыда 1-2 жылға, сосын 5 жылға, кейін 2030 жылға дейінгі бағдарлама қабылданды. Президенттің сол стратегиясы Қазақстан халқы бірлігінің, дінаралық, этносаралық татулығының тұғыры болды. «Бірінші – экономика, содан кейін басқа мәселелерді шешеміз» деген ұстанымды алға тартты. Осылайша, нарықтық экономикаға өту үшін барлық салаға реформа жасалды.

Сол қиын жылдарда халықтың басын біріктіріп, экономикаға локомотив болып, алға жылжытқан тағы бір тарихи шешімі – астананы Ақмолаға ауыстыруы.

– Сіз басы-қасында жүрдіңіз ғой, осы бастаманы халық қалай қабылдады?

– Әртүрлі пікірлер болды. Әрине, жылы Алматыдан көпшілігінің кеткісі келген жоқ. Ақмоланың климаты қолайсыз екені, инфрақұрылымы дамымағаны, қаншама ғимаратты салуға қыруар қаржы жұмсалатыны айтылды.

Мен де ол кезде Алматыда Президент аппараты басшысының орынбасары қызметіндемін. Осы істі жүзеге асыруға тікелей атсалыстық. Төрағасы Әбіш Кекілбаев болған XIII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңесте елорданы көшіру туралы шешім қабылданды.

Бұл сөзсіз Елбасының ең үлкен ерлігінің бірі. Түсінген адамға бұл өзі қазақтың менталитетін өзгертетін шешім болды. «Бұрынғы жүйемен біржола қоштасамыз. Жаңа мемлекет, жаңа жүйе құрамыз» дегенді ұғындырды. Екіншіден, мұның түбінде ұлттық мүдде жатыр еді. Білесіз, солтүстік аймақтарда жергілікті ұлттың үлесі өте аз болды. 8-13 процент төңірегінде. Елдік тұғыры бекімеген ел үшін бұл өте қауіпті жағдай еді. Бұл көш қазақ жастарының астанаға келуіне себеп болды. Бұл осы өңірлерде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтті. Сосын отандық құрылыс индустриясының дамуына негіз салды. Құрылыстың қарқындауы басқа көптеген саланы дамытты. Өзіміздің отандық өнімдер шыға бастады. Жаңа кәсіпорындар ашылды, жұмыс орындары көбейді.

– Әлемдік мәдениет, әлемдік білім келді…

– Иә, халықаралық орталыққа айнала бастады. 2010 жылы ОБСЕ-нің отырысы болды, 57 мемлекеттің өкілдері осында жиналып, еліміздің жетістіктерін көзімен көрді. Қазақстанның зайырлы, демократиялық ел ретінде қарқынды дамып келе жатқанын көрген БҰҰ мен халықаралық ұйымдар реформаларымызды қолдай бастады. 2017 жылы ЭКСПО-ны өткіздік. Бұл шара қандай экономикалық мүмкіндігіміз бар екенін танытты. Өтпелі шақта астана салу кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейді. Бірақ, Елбасының бастауы мен халқымыздың бірлігінің арқасында біз мұны іске асырдық.

ЕЛБАСЫ СӨЗІНДЕ ТҰРАТЫН БАСШЫ ЕКЕНІН КӨРСЕТТІ

– Сіз тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздіктен бері де Нұрсұлтан Назарбаевпен үзеңгілесе жүріп, көптеген жауапты қызметтерді атқардыңыз. Ол кісінің жұмыс стиліндегі ерекше тәсілдерді айтып өтіңізші?

– Иә, ел басқару деген кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бірақ, бізде ондай азаматтар сөзсіз бар. Соның алдыңғы қатарында Елбасы болды. Нұрсұлтан Әбішұлымен 1970 жылы таныстым. Ол кісі Теміртау қалалық комсомол комитетінің хатшысы болды, мен облыстық комсомол комитетінде істедім. Жиын-шараларда кездесіп тұратынбыз. Сол кезден-ақ байқалған ерекше қасиеті – ойын халыққа жеткізе білетін, жұртты аузына қарататын шешендігі мен алғырлығы. Осы қасиетінің арқасында абыройы артты, қалада, облыста партия комитетінде жауапты қызметтер атқарып, кейінірек 1989 жылы Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Сол тұста мені Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысымен орталық комитеттің бөлім меңгерушісі ретінде бекітті. Тәуелсіздіктің қалыптасуы жылдарында үзеңгілестерінің бірі ретінде жанынан табылып, жауапкершілігі мол қызметтерде сенімді ақтадым.

Тағы бір ерекше қасиеті – болашақты күнілгері болжап, дамудың жолын алдын ала ұсынатыны, сол бастамаларға халықты жұмылдыра білуі. Сосын адамды тыңдай білетіні және елді сендіре алатыны. Қарағандылықтар, жерлестерім жақсы біледі, 90-шы жылдары шахтерлердің ереуілі болғанда Мәскеуден ұшып келіп, алаңға барып, халықпен бетпе-бет кездесті. Ол кезде Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы. Сол жерде қарақұрым халықтың арыз-шағымын тыңдап, оларды ымыраға келуге иландыра алды. Жағдайды реттеп, тұрмысты түзейтінін айтты. Халық Елбасының сөзіне сенді. Кейін сол жерде берілген уәделердің бәрі орындалғанына куә болды. Содан кейін Президент сайлауы кезінде халықтың жаппай қолдауының өзі соның көрсеткіші деп ойлаймын. Өйткені, бұл кісі айтқан сөзінде тұратын басшы екенін көрсетті.

– Келесі жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Егемендігімізді нығайтуға аға буын, өздеріңіз бірқатар еңбек сіңірдіңіздер. Енді соңдарыңыздан ерген ұрпаққа қандай міндеттер жүктелмек? Жастар қандай мәселелерге назар аударуы керек?

– Қазақтың «Елу жылда ел жаңа» деген сөзі бар ғой. Сол өлшеммен қарасақ, 30 жыл көп уақыт емес. Бұл бақыт бізге қандай қиындықпен келсе, оны ұстап тұру одан да күрделі міндет. Осыған байланысты кейінгі ұрпақтың мойнында үлкен жүк бар. Ең басты мәселе – елдің ынтымағын сақтау. Өткеннен, қазіргі көршілерімізде болып жатқан оқиғалардан сабақ алу. Келер ұрпақ осыны ұмытпауы тиіс. Бір қуантатыны – қазіргі жастар білімді. Тәуелсіздіктің арқасында, біздің мыңдаған жастар шетелден оқып келді. Оқыған-тоқығандары, көргендері мен көңілге түйгендері көп. Бірақ, елдікті сақтап қалу үшін, оларда ең алдымен ұлттық намыс, ұлттық түсінік болуы тиіс. Шетелге барып келген соң «енді бәрін білемін» деген астам ойға берілуден абай болуы тиіс. Иә, өзгенің жақсысын үйренген жөн. Бірақ, әр мемлекеттің өзінің ұлттық ерекшелігі бар екенін ұмытпаған да жөн. Осыны сезінсе, жастар. Бұрынғы Одақ кезінде тәрбиеленгендер қазір биліктен кетті негізі. Қазір барлық саланың басына жастар келіп жатыр.

– Бұл жақсы ма, жаман ба?

– Жақсы немесе жаман деп айтуға болмайды. Бұл – заңды нәрсе. Уақыты келген сайын дүние жаңарып отырады. Сол жастар өзінің алдындағы ағаларының, әкелерінің жақсы дәстүрлерін жалғастырып, өздері соған жаңаша қарап, жаңаша ұстаным, ұлттық сана-сезіммен осы мемлекеттің құрылысын жалғастыра берсе, келешегіміз жарқын болары анық. Енді 20 жылдан кейін қоғам мүлде басқаша болады деп ойлаймын. Ол да заңды нәрсе. Бірақ, әр ұрпаққа уақыт өз талабын қояды. Тәуелсіз мемлекетті құру, оны тұрақтандыру, әрі қарай дамыту, өзге елдерге таныту ісін біздің ұрпақ ойдағыдай іске асырды деп ойлаймын. Қазіргі жастар осы істі әрі қарай жалғастыруы тиіс. Ол үшін бәсекеге қабілетті болуы қажет. Оның басты шарты – білімді болу. Озық технологияларды жылдам қабылдап, кәдеге жарату. Бір жақсысы – қазақ ежелден жаңалыққа, ғылымға жақын халық. Жылдам үйренеді.

Жалпы, ізбасар жастарды тәрбиелеуге, қолдауға Елбасы да, Мемлекет басшысы да үлкен мән беріп келеді. Жастарды қолдайтын бірнеше бағдарламаны іске қосты, арнайы Жастар жылын жариялады. Білікті жастарды кадрлық резервке тартты. Осының бәрі жастарды саясатқа үйретіп, басқару жүйесіне келуіне жол ашу. Алдымызда Мәжіліс сайлауы келе жатыр. Заңға өзгеріс енгізіліп, мәслихаттарда, Мәжілістің өзінде әйелдер мен жастардың үлес салмағы 30% болуы керек деп отыр. Бұл да жастардың өз мақсаттарын іске асыруға берілген жақсы мүмкіндік.

ӘБІШ, ШЕРХАН СЫНДЫ ТҰЛҒАЛАР ПАРЛАМЕНТТЕ ҮЛКЕН РӨЛ АТҚАРДЫ

– Сайлау демекші, сіздің де бұл салада тәжірибеңіз мол. Сенатта төраға, депутат болдыңыз. Кезінде Парламентте ақын-жазушы көп болды. Кейінірек бизнестің өкілдері көбейді. Енді жастарға орын берілмекші. Сіз қалай ойлайсыз, Мәжілісте осы айтылғандардың қайсысы көбірек болғаны пайдалы?

– Оның рас, бір кездері Парламентте руханият өкілдері көп болды. Мен Кеңес одағы кезіндегі 12-ші шақырылымның депутаты болдым. Және оны өткізуге, депутаттарды сайлауға мен өзім тікелей қатыстым. Ұйымдастыру жұмысының ортасында жүрдім. Ол кезде Жоғарғы кеңестің 360 депутаты болатын. Оның 90-ы қоғамдық ұйымдардан сайланды. Жазушылар одағы, академия сияқты ұйымдардың барлығы өз кандидаттарын ұсынды. Тіпті, өрт сөндірушілер қоғамынан да болды. Сол шақырылымдағы депутаттардың орны бөлек. Олар Тәуелсіздік жөніндегі декларацияны қабылдады. Тәуелсіздікті жариялады. Барлық мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Мемлекеттің басты негізі қаланды. Ол кездегі отырыстарды тікелей халық қарап отыратын, облыстардан жастар, ғалымдар келетін. Өзге ұлттың өкілдері де көп болды. Олар Кеңес одағынан айырылғысы келмеді, Тәуелсіздікке тікелей қарсы болып, сөйлегендер болды. Сондай сын сағаттарда Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза сияқты жазушылардың үні маңызды рөл атқарды. Олар дәлелді де дәйекті сөздерімен басқа ұлттың өкілдерін де, депутаттарды да өздеріне қаратып, оң шешімдер қабылдануына ықпал етті.

– Яғни, Парламент қабырғасында руханият өкілдері көбірек болуының пайдасы болмаса, зияны жоқ дейсіз ғой?

– Иә, көбірек болуы тиіс. Шығармашылық интеллигенция – жазушылар, ғалымдар, журналистер болғанын өз басым қолдаймын. Өйткені, қоғамдағы пікірді жеткізу көбіне осылар арқылы жүзеге асады. Сосын 30% әйелдер мен жастардан болу керек деген шешім де құптарлық.

– Осы тақырыпты өрбітсек. Қазір ауыл әкімдерін сайлап жүрміз. Енді аудан мен қала әкімдерін де солай таңдау керек деген ұсыныс жиі айтыла бастады. Осы мәселеге көзқарасыңыз қандай?

– Жалпы, сайлау жақсы үрдіс екеніне дау жоқ. Алайда, жекелеген жағдайларға байланысты шешімді таразылап барып жасау керек. Сайлауға теріс әсер ететін жершілдік пен рушылдық дертін де ұмытпаған жөн. Кезінде Шоқан болыстыққа түскенде, сол өңірдің батыры, биі болған Ерден Сандыбайұлы қатысып, жеңіп кеткен жоқ па?!

Біз неге партиялық тізіммен сайлауға көштік. Бұл жерде халық жекелеген адам емес, бағдарламасы ұтымды партияға дауыс береді. Қазіргі жағдайда осы дұрыс деп ойлаймын. Ауылдық округтерде сайлау өткізу – жақсы қадам. Осы арқылы халықты сайлау мәдениетіне біртіндеп үйретіп алу қажет. Бір кішкентай ауылдың өзінде алуан көзқарастағы адамдар тұрады. Жасыратыны жоқ, біз әлі рушылдықтан арылған жоқпыз. Бір байқағаным, жастардың арасында да өзінің қай рудан екенін мақтанып айтатындары бар. Жершілдік деген де асқынып тұр. «Мынау біздің ауылдыкі, бәріміз жабылып осыған дауыс береміз» дейтіндер де кездеседі. Бұл – халықты бөлетін нәрсе. Сондықтан, осыны біртіндеп, алдымен ауылдық округтерде жолға қойып алсақ. Әрине, бұл менің өз ойым.

Біз – жас ұлтпыз. Ұлттық мүддеге жұмылдыратын ұстанымдарды жолға қоюымыз қажет. Сонда руы мен жеріне қарамай, іскерлігі мен біліміне қарап таңдайтын дәрежеге жетеміз.

– Рушылдық, жершілдік демекші, командамен көшіп жүру деген де бар. Кейбіреулер «Сенімге ие болған адамдармен ісің алға басады» деп айтады. Ал кейбіреулер бұған қарсы. Осыған сіз қалай қарайсыз?

– Мен, оған қарсымын. Командамен жүру деген көбінесе жемқорлықпен байланысты дүние. Жасыратын ештеңесі жоқ, басшылар өзімен еріп келгендерді қаржы, мемлекеттік сатып алу, салықты басқару жүйелеріне тағайындайды. Яғни, ылғи «майлы» жерге жібереді. Негізі өзінің бір көмекшісі мен кеңесшісін ерте келсе болды. Ал басқаларын ертіп әкелу дұрыс емес. Қазір кадр тапшылығы жоқ. Оқыған-білген, екі-үш оқу бітірген, оның үстіне шетелде оқып келгендер көп. Бірақ, командалық жүйеден ада, өздері жұмыс істеп жатқан азаматтар да бар. Оның барлығын халық жақсы біліп отыр.

– Сіз «Nur Otan» партиясы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесті басқардыңыз. Талай адам әшкереленді, талайы жазаланды. Бірақ, осы мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Қалай ойлайсыз, сонда мұны жеңудің жолы жоқ па?

– Жалпы, мемлекеттік органдар, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі, мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттіктер бар, прокуратура, сот, құқық қорғау органдары бар, тек өздері жұмыс істей берсе, ешқашанда жеңе алмайды. Мемлекет пен қоғам бірлесіп күрескенде ғана жеңуге болады. Содан кейін барлық жерде ашықтық болуы керек. Кезінде «Ұлттық жаңару» деген қозғалыс құрғанбыз. Әр облыста филиалдарымыз бар. Жұмыс істеп келе жатқанымызға 7 жыл болды. Біздің мақсатымыз жемқорларды ұстап, әшкерелеу емес, ең алдымен халықтың сана-сезімін өзгерту, жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру. Заңдарға енгізілген соңғы өзгерістер біздің ұсыныстарымыздың нәтижесі. Мысалы, мемлекеттік орган басшысының орынбасары жемқорлықпен ұсталса, бірінші басшы отставкаға кету керек дегенді біз көтердік. Екінші ұсыныс – қабылданатын заңдар мен бұйрықтарды жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу. Қазір Мәжілісте қаралатын заңдардың барлығы сараптамадан өтеді. Иә, қазір бізге төніп тұрған үлкен қауіп – осы жемқорлық. Бөлінген қыруар қаражат дұрыс пайдаланылмай, талан-таражға түсіп жатыр, шетелге асып жатыр. Міне осының барлығы тоқтамай, қойған мақсаттарымызға ешқашан жете алмаймыз.

БИЛІК ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСЕ, БӘРІ ДЕ ШЕШІЛЕДІ

– Тағы бір қауіп – тіл мәселесі. Отыз жылдың ішінде біраз жұмыс жасалғанымен, ол мардымсыз деген пікір бар. Кезінде өзіңіз де Мәжілісте осы туралы баяндама жасап, «Билік қазақша сөйлесе, бәрі де шешіледі» дегенсіз. Әлі де солай ойлайсыз ба?

– Әлі де солай ойлаймын. Қазір Үкіметтің отырыстары мемлекеттік тілде өтіп жатыр. Алға жылжу бар. Бірақ қанағаттанатындай жағдай жоқ. Оған да уақыт келетін шығар. Біз қазір жаңа әліпбиге көшейін деп жатырмыз ғой. Латынға көшу қазақ тілін меңгеруге тың серпін береді деп ойлаймын. Қазақтарға ғана емес, жалпы Қазақстан халқына. Бұған қарсы шыққан интеллигенция өкілдері де бар. Олар бұған дейінгі рухани мұраларымыз оқылмай қала ма деп қорқады. Алайда, бұл күрделі мәселе емес. Қазіргі технология оның барлығын жаңа әліпбиге оңай аударып береді.

– Тілді қолдауға қаншама қаржы аударылып жатыр. Бірақ, қазақ мектебінде оқушылар орысша сөйлеседі. Күнделікті қолданыста да тілдің жағдайы мәз емес. Бұған не істеуге болады?

– Үкімет қазақша сөйледі, енді ата-аналар да отбасында қазақша сөйлесуі керек.

– Сіздің балаларыңыз қазақша сөйлей ме?

– Балаларым қазақша біледі. Немерелерімнің арасында білмейтіндері бар. Ағылшын тілін білетіндері бар. Өзің айтқандай қай жерге барса да орыс тілі басым, аулада да, мектепте де. Соның да әсері бар. Мен өзім 1 сыныпта Нұрада жүріп, орысша оқыдым. Бірақ, отбасында қазақша сөйлесетінбіз. Үйде анамыз болды, сол кісіге қазақша басылымдарды оқып беретінмін. Тілді ұмытпауымызға осының әсері мол болды.

– Енді қазіргі бастамашы болып жүрген жұмысыңызға ойыссақ. «Қансонардың» іс-шараларын жиі еститін едік, пандемияға байланысты саябырлағаны байқалады. Қауымдастық қазір қандай шаруалар жасап жатыр?

– Былтыр Қарағанды өңірінде Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы аясында қансонар өткіздік. Сонау Қырғызстан мен Моңғолиядан да саятшылар келді. Біздің үндеп жүргеніміз – қазақтың дәстүрлі аңшылық үрдісін жолға қою. Мәдениет және спорт министрлігі ұсыныстарымызды қолдап отыр. Келесі жылы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алматы облысында халықаралық салбурын өткізуді жоспарлап жүрміз. Тағы бір мақсат – қазақы тазы мен төбетті сақтап қалу. Осыны талай жерде мінберден айтып келеміз. Қазір аздап бетбұрыс бар сияқты.

– Тазы мен төбеттің стандартын бекіткен екенсіздер…

– 2015 жылы бекіттік. Біздің тазының стандарты 1958 жылы Кеңес одағы кезінде бекітілген екен, соны негізге алдық. Таза тұқымды төбеттер аз қалды. Өйткені, оларды басқа иттермен шағылыстырып тұқымын бұзып жатқандар бар. Сол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қаражат бөлініп, елордадағы Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте питомник ашуды ұсындық. Ашылған жағдайда онда қазіргі технологияның көмегімен иттер тұқымын зерттеу, анықтау жұмысын жолға қоюға болар еді.

Үшінші мәселе – жабайы жануарларды қолдан өсіру. Фермерлік шаруашылық сияқты соларға көңіл бөлініп, субсидия бөлінсе дейміз. Еуропаның тамақтандыру орындарында жабайы жануарлар етінен дайындалған тағамдар көп. Олар диеталық тұрғыдан өте таза болып келеді. Сондай жануарларды қолдан өсіреді. Біз де соған көшуіміз керек. Міне, сондай жұмыстармен айналысып жатырмыз. Иттер байқауы мен көрмелерін өткіземіз. Ит жүгірту туралы спорттық сабақ өткізейін деп жатырмыз.

– Бір сұхбатыңызда «аңшылықты дамыту бюджетке қосымша кіріс болар еді» дейсіз. Керісінше, зияны көп болып шықпай ма? Браконьерлер арқар мен киікті қынадай қырып жатыр ғой.

– Қызыл кітапқа кірген жануарларды сақтап қалу – бөлек әңгіме. Иә, браконьерлер аң-құсты аямай қырып, кісі өлтіруге дейін барып жатыр. Ұсталып, сотталып та жатқандары қаншама. Бірақ, тыйым жоқ.

– Сұрап отырғаным, сонда аңшылар қандай пайда әкеледі деген мәселе ғой…

– Егер қолдан өсіруді жолға қойсақ, еті қоғамдық пайдалануға түседі. Ондай шаруашылық салық төлейді. Екінші жағынан халықты тамақтандыру мәселесіне өз үлесін қосады. Жұмыссыздықты азайтады. Оны алыс ауылды жерлерде өсіруге мүмкіншілік жасау керек. Бұл 1-2 жылдан кейін пайдалы бизнес болады. Біз сол жағын айтып жатырмыз. Ресторанда бұғының еті болса, қаз-үйрек етінен жасалған тағамдар ұсынса. Мен Литвадағы аңшы шаруашылығында бір кішкентай 700 гектар жерде 2000 бас бұғы өсіріп жатқанын көрдім. Етін жанындағы қалаларға жібереді. Сұраныс зор. Оған қора салудың қажеті жоқ. Жемін дайындап, арнайы орында өсіруге болады.

– Өзіңіз ат баптап, ит жүгіртесіз бе?

– Жоқ. Бұрын ауылда тұрғанда ұстайтын едік. Қалада оны қайда бағасың? Көпқабатты үйде ит ұстау – жануарды қорлау. Оны күнде жүгірту керек, далаға шығару керек. Қалаға келгеннен бәрі қалды ғой. Алдағы уақытта осы істің тізгінін жастарға берсем деп жүрмін.

– Ауылға жиі барып тұрасыз ба?

– Жиі барып тұрамын. Нұра мына тұрған жер ғой. 100 шақырым. Қол босағанда, жазда, пандемия өршіп тұрған кезде екі ай ауылда жаттым. Қалада далаға шығуға болмайды. Сондықтан ауылға барып, даланың ауасымен тыныстап қайтамыз.

– Халық біртіндеп болса да қалаға көшіп жатыр ғой. Келешекте ауылдың тағдыры қалай болады деп ойлайсыз?

– Қазақтың болашағы ауылда. Ауылда өскен жастардың ұлттық болмысы қалада өскен азаматтарға қарағанда жылдам қалыптасады. Мемлекет ауыл шаруашылығына көп көңіл бөліп, қаншама қаражат, субсидия беріп, қолдап жатыр. Осыны дұрыс пайдаланса, ұрлық, жемқорлықтан құтылсақ, күні ертең ауыл шаруашылығы бізді алға жетелейді.

Жер деген жетеді. Қазір жаңа технологиялар бар, соларды пайдалану керек. Нұрада «Шахтер» деген шаруашылық бар. Олар ең қиын жылдың өзінде егіннің гектарынан 17-18 центнерден кем алмайды. Сол ауылда барлық мәселе шешілген. Дүкендері, бассейн, спорт залдары бар. Ол жерден кетіп жатқан адам жоқ. Сондай іскер азаматтарды қолдап отырса, ауылдың болашағы да зор болады. Мен бұған сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан, Қамбар АХМЕТ.