Кино әлеміРуханият

Қазіргі киноның халі нешік?

XXI ғасыр – талғамы мен тәрбиесі бөлек жастар заманы. Әркімнің өзіне тән «стилі» бар. Бала кезімізде ата-анамыз бізді үйге кіргізе алмаса, қазіргі балаларды далаға шығара алмайды. Бұрын сыныппен жиналып театрға барсақ, бүгінгі балалар киноға барады. Кино демекші, қазіргі таңда кинотеатр экранынан көрсетіліп жатқан фильмдер бала тәрбиесіне қаншалықты әсер етеді? Себебі, қомақты қаржы жұмсалып, кинотехнологияның озық үлгісінде түсірілген картиналардың «әсерлі» көріністері мен сюжеттік үзінділерінен жиі берілетін жарнамалық кезеңі көрерменді тартымдылығымен қатты қызықтыратыны сөзсіз.

Бүгінгі отандық экран осындай тәсілдерді пайдаланатын комедияларға толы. Оған дәлел ретінде Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по казахски в Корее» фильмі. Келушілер көп. Бірақ, оны түсінетін жұрт жоқ. Күледі, көргенін істейді, ешқандай сабақ алмайды. Сол өкінішті.

Екінші туындысы «My love is Aisulu» фильмі бірталай көрермендердің көңілінен шығуда. Көрермендердің басым көпшілігі оқушылар, жастар. Жалпы айтқанда келер ұрпақ. Аға-апаларымыз үшін бұл туындылар қызық емес. Себебі, мән-мағынасы жоқ. Сонда қазіргі жастарды тек жеңіл, берер тәрбиесі жоқ туындылар қызықтыра ма? Дәл осындай стильдегі фильмдер өте көп және оған келетін көрермендер аз емес. Тіпті, орын болмай жататын кездер де болады. Неліктен өзіміздің тарихымызға толы «Томирис» фильміне осылай таласа келмеске? «Томиристі» тамашалауға тек қана ата-әжелеріміз, аға-апаларымыз келеді екен. Жастар залдың 10%-ын құрайды десек те болады. Олардың айтуынша, «қызықсыз, іш пыстыратын» фильм. Мұны ел ертеңі саналатын жастарымыздың тарихқа қызықпағаны әлде сыйламағаны деп түсінгеніміз дұрыс па?! Менің ойымша, осындай фильмдердің насихатын көбірек жасап, өзге елдер де көретін жағдай туғызса өзіміз түгілі шетелдіктер де біздің салт-дәстүрімізге қызығушылық танытар еді.

Бүгінгі таңда, қазақстандық фильмдерге қарағанда басқа елдің туындыларына сұраныс көбірек екені жасырын емес. Мысалы, «Джокер» фильмі көрермендердің көңілінен шығып, мәртебелі марапатқа ие болды. Жанры триллер, тек кәмелеттік жастан асқандар ғана көре алады. Соның бәрін кинотеатр қызметкерлері ескертеді. Сонда да «балалары қалағандықтан келетін ата-аналар саны да аз емес. «Жай ғана кино ғой, онда тұрған ешнәрсе жоқ» дейді. Түсінікті болу үшін киноның мазмұнына тоқтала кетейін. Бала күнінен бас кейіпкер америкалық тілмен айтқанда «стендап комик» болуды армандайды. Анасынан басқасының бәрі оны кемсітіп, күлкіге айналдырады. Осындай ортада өскен ол барлығын ішке түйіп, тұйық болып өседі. Қызықтың бәрі 30-дан асқанда басталады. Кезінде күлкі қылған бала достарынан, ортасынан кек ала бастайды. Фильмде ауыр қылмыстық сюжеттер анық көрсетіледі. Сонда, осы «жай ғана киноның» баланың тәрбиесіне, психикасына кері әсер етпейтініне қалай сенімді болуға болады? Тек қана бұл фильм емес, қазіргі таңда экраннан көрсетіліп жатқан «Хищные птицы. Потрясающая история Харли Квинн», «Джентельмены» туындыларында да баланың психикасына кері әсер ететін сюжеттер өте көп.

Шетелдік туындылардың барлығын іске алғысыз қылмайын, ауыз толтырып айтатын керемет туындылары да аз емес. Қазіргі таңдағы «Малефисента: Владычица Тьмы», «Холодное сердце 2» , «Лёд 2» , «Соник в кино» балаларды армандаудан жалықпауға және олар міндетті түрде орындалатынына, сенімге үйретеді.

Болашақта экраннан қазақстандық тәрбиесі мол туындылар көбірек көрсетілсе деймін. Сонда ғана келешек ұрпақтың тәрбиесіне тамшыдай болса да үлесіміз қосылған болып есептелер еді.

Нұршат ҚАЙЫРДЕН,

ҚарМУ-дың студенті.

Басқа материалдар

Back to top button