Қарағандыда емделушілерді онлайнда бақылауға мүмкіндік беретін жоба жасалды

Әлемдегі күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты Қарағанды облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы «Даму» Ақпараттық технологиялар орталығы»  компаниясымен бірлесе отырып «Виртуалды патронаж» жобасын іске қосты. Бұл COVID-19 індеті таралған елдерден келген пациенттерді дер кезінде анықтауға және бақылауға мүмкінік береді. Осылайша, вирустың Қазақстан Республикасы аумағында таралуына тоқтау салынбақ.

«Damumed» қосымшасы арқылы кез келген адам коронавирусқа тән белгілерге мониторинг жасай алады. Сырқат белгілері ДДҰ және қазақстандық инфекционистердің ұсыныстары негізінде әзірленген.

Мониторинг жүргізу тәртібі өте оңай. Қосымшаны орнатқан адамдар күніне бірнеше мәрте өзінің денсаулығы туралы сауалнама толтырып отырады. Сондай-ақ, дәл осындай сауалнаманы балалар мен зейнеткерлер үшін де толтыруға болады. Бұл сауалнама бірден учаскелік дәрігерге және облыстағы КВИ штабының мамандарына түседі. Олар пациенттің жауаптары бойынша әрі қарай не істеу керектігін қабылдайды. Егер қауіпті белгілер байқалса карантинге жабады немесе ауруханаға әкетеді.  

Үй карантиніне алынған пациенттер өздері туралы ақпаратты күн сайын жолдауы тиіс. Ал, өзге азаматтар денсаулығына байланысты алаңдаушылықтар туындаған кезде ғана қажеттілік бойынша ақпарат ұсынады.

«Виртуалды патронаждың» бір артықшылығы – дәрігер мен пациент арасындағы байланысты оңтайландырады. Басы артық кездесулер мен байланысты азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде дәрігерлердің уақытын үнемдеп, жұмыстары жүйелі жасауға жол ашпақ.