Жаңалықтар

Тасқынға қарсы штабтар тәулік бойы жұмыс істейді

Қарағанды облысында  су тасқынына қарсы іс-шаралар күшейтілген режимде өтуде. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аймақтық, қалалық және аудандық штабтары  тәулік бойы жұмыс істейді.

Қарағанды облысында тасқын суларды қауіпсіз өткізу бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Елді мекендердегі қар шығарылып,  су өткізу құбырлары тазалануда. Сондай-ақ, су бұру траншеяларын жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Жалпы алғанда, бүгінде дейін аймақ бойынша  2 миллион 670 мың текше метр қар шығарылды.
Сондай-ақ, Қарқаралы ауданының  Жарлы өзенінде, Қарасор көлінде, Бұқар Жырау ауданының Нұра өзенінде және Самарқанд су қоймасының кіре берісінде мұз жару  жарылыс жұмыстары жүргізілуде. Өзендерде мұз жару жұмыстары 20 учаскеде жоспарланған.
Тасқын суларды кедергісіз өткізу үшін автожолдарда 87% су өткізу құбырлары және теміржол желілеріндегі құбырлар 90% тазартылды.

Судың артық мөлшерін ағызып жіберу жалғасуда. Қазіргі уақытта негізгі су қоймаларының көлемі ең төменгі деңгейге дейін жеткізілді.

Тасқын қаупі жоғары 174 елді мекеннің тұрғындарымен 170-тен астам жиын өткізілді.
Абай және Шет аудандарының, сондай-ақ Жезқазған аймағының аумақтарына рейдтер жүргізілді.

15 наурыздан бастап барлық облыстық, қалалық және аудандық су тасқынына қарсы штабтар тәулік бойы жұмыс істейді.
ТЖД иелігінде жеке құрамды тасымалдау және халықты эвакуациялау үшін өтімділігі жоғары техника, жол талғамайтын көліктер, жүзу құралдары, өрт-сорғы станциялары, мотопомпалар және т. б. бар. 

Басқа материалдар

Back to top button