Кітап оқы, балақай!

«Балалар жылына» орай биыл «Шұғыла» қоры мен «Дария» дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Тұлға болам» атты кітап оқу сайысы басталды. Басты мақсат – оқушылардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. 3 кезеңнен тұратын сайысқа тіркелу 9 сәуірге дейін жалғасады. Өткен маусымның бас жүлдегеріне Нұр-Сұлтан қаласынан 1 бөлмелі пәтер берілген. Бұдан бөлек, жүлдегерлерге Стамбулға саяхат, MacBook, iPad, Apple Watch жəне басқа да бағалы сыйлықтар беріледі. Сайысқа қатысу тегін.

Бұл ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өтеді. 3 кезеңнен тұратын сайысқа 100-ге жуық үміткерлер тіркелуде.

«Шұғыла» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Leportem» ЖШС құрылтайшысы Азат Тапишев қазіргі балалар гаджеттерден бас алмайтынын, бұл құбылыс жастардың болашағына кері әсер ететінін айтады.

– Қазір қоғамда әртүрлі проблемалар бар. Солардың бірі – балалардың гаджетке байлануы. Ондай балаларда сабырсыздық, ойлана алмау, болашақты жоспарлай алмау мәселесі болады. Біз соның шешімі ретінде балаларды кітап оқуға баулығымыз келеді. 25 жасқа дейін баланың миында нейрон құрылады екен, яғни өмір бойы пайдаланатын үрдістер қалыптасады. Алайда, интернеттегі мардымсыз мағлұматтардың көптігінен баланың ойлануға қажетті процесі ұйқыға кетеді екен. Ойлану үрдісін іске қосу үшін бар болғаны 20 минут қажет. Бірақ әр 15 минут сайын гаджетке үңілу салдарынан ойлану процесін үзіп тастайды екенбіз. Сол себепті ойлана алмайтын балалар саны әлем бойынша өсіп жатыр. Онымен күрес үшін балаларға классик жазушылардың кітабын оқытуды таңдадық, – дейді қамқоршылық кеңесінің мүшесі Азат Тапишев.

– Әдеби кітап оқыған бала өмірде табысты болып қана қоймай, бақытты да болады. Әрі мейірімді болып өседі. Сондықтан, біз бүкіл Қазақстан балаларын кітап оқу арқылы мейрімділікке, адамгершілікке баулығымыз келеді. Дамыған АҚШ, Жапония, Оңтүстік Кореяда кітап оқуға көп мән берілген, соның арқасында жетекші елдер қатарында. Біздің кішкентай бастамамыз ертеңгі ел экономикасының гүлденуіне себепші болады деген үміттеміз. Жобаға қатысу тегін, ешкімнің қалтасына салмақ салмайды, тек кітап оқыса болды, – деді ол.

«Тұлға болам» кітап оқу сайысы Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының және демеушілердің қолдауымен өтеді. Сайысқа 4 оқушылар тобы және 1 ересектер тобы қатысады. Əр топтың кітабы және жүлдесі бөлек. Сайысқа қатысушылар қазақ классиктері мен әлем классиктерінің шығармаларын оқиды. Қатысушылар 3 кезенде 3 кітапты оқып бітіруі тиіс. Әр кезеңнің соңында оқыған шығармалар бойынша онлайн-тест өтеді. Сайыс жастардың кітап оқуға деген құштарлығын ояту, оқушылар арасында кітап оқу дағдысын қалыптастыру мақсатын көздейді.

«Дария» даму орталығының директоры Ерболат Солтамұрат аталған сайыс басталғалы бері ата-аналардан алғыс, ризашылық, жылы лебіз көбейгенін айтады.

– Бұған дейін екі рет дәл осындай сайыс өткіздік. Содан бері ата-аналардан оң пікірлер келіп жатыр. Олардың көпшілігі: «Бұрын баламыз смартфонда отыратын еді, сайысқа қатысқалы бері уақытының көп бөлігін кітап оқумен өткізеді», – дейді. Басында оқушылар сыйлықты ұтып алсам деген мақсатпен талпынып кітап оқыған, кейін ол дағдыға айналып кетті. Яғни кітап оқу әдетке айналған. Сайысқа қатысушы жастардың жас ерекшелігіне қарай кітаптар беріледі. Осы жолы Ұлттық кітапханамен ақылдаса отырып, 5 кітапты бекіттік, – дейді Ерболат Солтамұрат.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.