Аманатқа адал азамат

Осы мақаланы жазарда ноутбугымның қуаты бітіп қалып, қуаттағышын таппадым. Түн баласы қағаз бен қалам алып, жазуға кірістім. Жақсының жақсылығын жария етпекке ештеңе кедергі бола алмайды екен. «Жақсы» деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық кейіпкеріміз – 50 жылдан астам білім саласына еңбегі сіңген ардагер, ҚазКСР халық ағарту ісінің озық қызметкері Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ. Саналы ғұмырын сәулелі жол мен сауапты іске арнаған ол мерейлі 80 жасқа келіп отыр. Тілеуғалы ағамыздың есімі аталса, Майқұдықтағы №76 мектепке және Октябрь ауданына Алаш көсемі Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ есімін беру жолындағы ерен ерлігі еске түседі…«Кейбір адамдар 25 жасында өліп қалады, бірақ, оны 75 жасында жерлейді» деген сөз бар. Ойландыратын сөз. Шындығында, біреуге уақыт жетпейді, ал кейбіреулер уақытты босқа өлтірумен әуре. Осыны жасынан ұққан Тілеуғалы ағамыз бар күш-жігерін ізгілікке арнаған жан.

Атап айтсақ, 1992 жылы пайдалануға берілген №76 қазақ орта мектебінің тізгінін қолға ала салысымен білім ошағына Ә.Бөкейханның есімін беру жайын көтерді. Өйткені, бұл бала кезінен бойына сіңіріп өскен Әлихан рухының қуаты еді. Өзі де алтын бесік Ақтоғай топырағынан. Ауылдың көнекөз қарияларынан естіп, Тұрсын Жұртбай, Сұлтанхан Аққұлұлы сынды ғалымдардың еңбегін оқып, бойына Әлекең жайлы көп деректі түйіп өскен. Әлиханды өз қиялында бар құрметке лайық көріп жүрсе де, бұл бастамасы бірден қолдау таппаған. Өйткені, Әлекеңнің 1955 жылы ақталғанын 30 жылдан астам уақыт жасырын ұстапты. Сонда да алған бетінен қайтпаған Тілекең түрлі шаралар мен конференциялар ұйымдастырып, тұшымды баяндамалар жасапты. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне мақалаларын жариялап, күресті тоқтатпайды. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, дегеніне жетіп, мектепке Ә.Бөкейхан есімі беріледі. Мұнымен тоқтамай, ұстаздардың қолдауымен «әлихантану» пәнін жоспарға енгізеді. Себебі, зерттей түсу – ауадай қажет. №7, №2 гимназиялардан кейін ашылған осы Әлихан атындағы мектеп еді.

Бұдан бөлек, Тілекең аймақтың рухани-мәдени қоғамдық өміріне белсене араласып, білімді ұрпақ тәрбиелеуде сүбелі еңбек етті. «Құдіретті тұлғалар», «Жақсылық – жан жадыратар», «Майталман мамандар» және басқа да бірнеше кітап жазды. Бұлар – елдің сүйікті туындысына айналған. Өзі адал еңбек етумен қатар, еңбек адамдарын да жан-жақты танытуға күш салған. Тілекеңнің қайраткерлігі туралы Ерден Қапашев «Игілікті істер иегері» атты еңбек те жазған. Бұл да ағамыздың ұлт рухы жолындағы ерен еңбегін аңғартады.

– Еңбекқор Тілекең 400-ден аса түрлі жанрда еңбек жазған. 3 танымдық, 4 әдеби кітап шығарған. «Құдіретті тұлғалар» кітабы танымдылығы мол, тарихи негізге сүйеніп жазылған, құнды, тартымды кітап. Тілекең өз кәсібін, өз пәнін барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйген адам. Біздің өңіріміздегі ұстаздардың ішіндегі алғашқы, алғашқылардың бірегейі, жалғыз әлихантанушы – осы Тілекең, – деп баға беріпті ардагер-ұстаз Ошақбай аға.

Иә, Тілекең өз пәнін шексіз сүйген. Математиканы жетік меңгерген жан осындай ізденімпаз, жылдам шешім қабылдағыш келеді екен. Бұл туралы жазушы С.Сматаевтан да естігенбіз.

Арда ағамыз мұнымен тоқтамайды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, Октябрь ауданына Ә.Бөкейхан есімін беру мәселесін көтеріп, бұл туралы талай рет мақала жазады. №76 мектепке Әлихан есімін беруге талпынысы осындай үлкен жұмыстың бастамасы дерсің. Алған бетінен қайтпайтын ол бұған да бел буып, кіріседі.

– Октябрь ауданын, сол аудандағы Магнитогорская көшесін Әлихан Бөкейханның есімімен атап және Октябрь ауданындағы Мәдениет сарайының алдына ескерткішін қою жөнінде қалалық, облыс тық мәслихаттар мен әкімшіліктерге мектептер ұжымы мен аудан халқынан мыңнан астам қолы қойылған құжаттарды және Әлихан туралы деректердің көшірмесін өз қолыммен апарып тапсырып, өзімше түсініктер берген болатынмын. Ол сұраныстарымызға да «Совет ауданына Қазыбек би атын әрең бекітті. Октябрь ауданының атын бекіту келесі сессияға қалдырылды» деген бір депутатымыздың ауызша жауабын естіп, «көпке шыдаған қазақ» артын күтіп біраз жүрдік, – деп тебіреніпті Тілекең.

Міне, осындай күрестің арқасында 30 жылға жуық уақыт өткен соң, Октябрь ауданына Әлихан есімі берілді. Бұл жөнінде қоғамдық тыңдауға барғанда марқұм Бақытқали Мұсабеков ағамыз: «Бірнеше шовинист депутаттың кесірінен осы күнді 25 жылдан астам уақыт күттік қой, қайтейін» деген еді…

Әлихан есімі ауданға берілген тұста Тілеуғалы ағамыз бірнеше жылдық еңбектің ақталғанын айтып, «Орталық Қазақстан» газетіне мақала жазды. Тақырыбы – «Аманатқа қиянат жоқ». Осы мақалада №76 мектепке Ә.Бөкейхан есімі берілгенде мектепте өткен жиынға бір топ зиялымен бірге қайраткер-жазушы Жайық Бектұров келгені айтылады. «Мұз жарылды, сең қозғалды, енді сендерге жол ашық. Мына Октябрь ауданының атын Әлихан Бөкейхан деп өзгертуге күш салыңдар. Бұл – осы отырғандарымыздың, біз сияқты талай ұлтжанды зиялылардың, тіпті, қазақ халқының аманаты деп ұғыңдар» деген сөзін келтіріп, аға аманатының орындалғанын хабарлап, елден сүйінші сұрады. Осының бәрі Тілекеңнің биік парасаттылығы мен азаматтық болмысын көрсетеді.

Иә, Тілекең осылайша, өз азаматтық парызын біртіндеп орындап, арманына қол жеткізуде. Жоғарыда айтылған ерен еңбегі ел тарихына алтын әріптермен қатталуы ақиқат. Өйткені, ол аманатқа адал азамат. Елдікті сақтаудың өзі бәрімізге бабалардың аманаты екенін ұмытып кетеміз кейде. Бұдан басқа да ағаның көптеген игі ісі ел аузында жүр.

Біз кейде бабалардың ерлігі мен батырлығын тамсана айтып, өзіміз түк бітірмейміз. Ал, Тілеуғалы ағамыз сол бабалардың сара жолымен өз перзенттік борышын өтеп, ел ықыласына бөленіп, жастарға үлгі болып келеді.

Енді, Магнитогорск көшесіне де Ә.Бөкейхан есімі беріліп, Майқұдық мәдениет үйінің алдына ұлт көсемінің еңселі ескерткіші қойылар күн де алыс емес деп білеміз. Өйткені, бастысы облыс орталығының үлкен бөлігін алып жатқан аудан атауы қазақыланды. Бұл Тәуелсіздіктің және Тілекең сынды біртуар азаматтардың патриоттығының арқасы.

Бір мақалада Тілекеңдей тұлғаның бар қырын қамту мүмкін емес. Біз оның бір қырын ғана тілге тиек еттік. Осының өзі біз үшін – үлкен мәртебе!

Жәлел ШАЛҚАР.