Балалар жылы

Балдырған шаққа ақын көзімен

Балалар жылы аясында Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақтың көрнекті ақыны Жеңіс ҚАШҚЫНОВТЫҢ 80 жылдығына орай «Ғашық көзбен қарадым гүл өңірге…» атты әдеби-сазды кеш өтті.  
Кездесуге Жеңіс Қашқыновтың қарындасы Сара Қашқынова мен ақынның інісінің ұлы Ернат Мелсұлы арнайы қонақ ретінде шақырылды. Сондай-ақ, шараға «Қасым» республикалық қоғамдық-әдеби журналының бас редакторы, ақын,жазушы С.Сағынтай, «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі, айтыскер ақын А.Жұмағұл, ақын Салтанат Смағұлтегі және кітапханашы мамандар мен Қарағанды қаласындағы орта мектептердің оқушылары қатысты.
Алдымен ақынның өмірі мен шығармашылығын қамтитын безнежазба жұрт назарына ұсынылды.

Кеш қонақтары қаламгер жайлы естеліктер айтып, көпшілікті әдебиеттің қызығы мен шыжығы мол әлеміне жетелеп әкетті. Ернат Мэлсұлы ақын жөнінде қызықты деректерін ортаға салды. Тіпті, Жеңіс Қашқыновтың қолжазбаларын да көрсетті.

Жас кезімізден тай-құлындай тебісіп, қатар өстік. Өте ерек, алғыр болатын Жеңіс ағам. Кейін филология ғылымдарының докторы, профессор, қазақ тіл біліміне өз үлесін қосқан ғалым Әсет Болғанбайұлының қамқорлығына барып, Алматыдағы №12 мектепке ауысты. Сол жақта жоғары оқу орнын бітірді және отбасын құрды. Алматыға қоныс аудару оның өміріндегі үлкен бетбұрыс болып, әдеби ортаға жақын жүріп, ақын болып қалыптасуына оң ықпалы болды. Жастайынан өлең-жырға әуес-тін. Ағаммен мақтанамын. Осы кешті ұйымдастырған кітапхана ұжымына үлкен алғыс айтамыз, – деді Сара Қашқынова.

Серік Сағынтай, Айтбай Жұмағұл сынды кеш қонақтары ақынның қазақ әдебиетіндегі алатын орнына тоқталып, балалар әдебиетінің кенжелеп тұрғанын да назардан тыс қалдырмады. Жеңіс Қашқыновтың шығармаларын насихаттап, зерделі ұрпақ тәрбиелеуде осындай әдеби кештердің қосар үлес мол екенін баса айтты.

Айтбай Жұмағұл Жеңіс Қашқынов атындағы облыстық мүшәйра өткізетінін айтып, жүлде қорын жасақтауды өз мойнына алды.

Кітапхана оқырмандары қарапайым жырларымен-ақ жеткіншектер жүрегіне нұр сеуіп, соңына мол мұра қалдырған көрнекті балалар ақыны Жеңіс Қашқыновтың өлеңдері мен «Ақжолтай Ағыбай батыр» поэмасыннан үзінді оқыды.

Кітапханашы мамандар Жеңіс Қашқыновтың кітаптары қойылған кітап көрмесімен жұртты таныстырып, балалардың қызығушылығын оятуға барын салды.
Кеш соңында Ернат Мелсұлы кітапхана қорына «Ағылшынша тіл сындыру» кітабын сыйлады.

Осылайша, балдырған шаққа ақын көзімен сапар шегіп, өзгеше күйге бөлендік.

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button