Жаңалықтар

Мың бір түнге бергісіз «Театрдағы бір түн»

Бұған дейін «Кітапхана түніне» бірнеше рет қатысқан едік. Ал, «Театр түнін» алғаш көруіміз. Халықаралық театр мерекесіне орай С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры басшылығының бастамасымен, іргелі ұжымның бір кісідей жұмылуымен «Театрдағы бір түн» акциясы ғажайып мың түнге бергісіз түнге айналды. Бұрын-соңды мұндай мерекені тамашалап көрмеген мәртебелі көрермен театр табалдырығын аттаған сәттен-ақ, өзін құдіретті өнер шаңырағының бір бөлшегіндей сезінгені өтірік емес.

 Алдымен, кіреберісінде театр түніне шақырылған қалың көрерменіне аяқтарынан тік тұрып, сахнада ғана емес театрдың табалдырығынан бастап қызмет еткен сәкендіктер театр деген тылсым өнердің ішкі қыр-сырымен, тыныс-тіршілігімен таныстырып, спектакльдегі бір жарым-екі сағаттық өмір үшін сахна сыртында қаншама маман жұмыла жұмыс істейтінін әңгімеледі.

– Шамдары самаладай жарқыраған фойеде мерекелік кешке келген қалың жұртты қарсы алған театрдың грим, киім, костюмдер, сахналық декорация, көркем-бутафор, сурет-дизайн бөлімдері мен цехтарының қызметкерлері әр бір мейманды назардан тыс қалдырмады. Сахнадан көретін таныс та, кейіпкерлердің киімдерін қолдарымен ұстап, көзбен көріп қана қоймай, бір сәт киіп алып, суретке түсіп жатқан жандарда толас жоқ болса, артистке грим қалай салынады, бутафор не үшін қажет екенін түсіндіріп жатқан театр қызметкерлерінде үзіліс жоқ. Театр атты өнерді ішінен танып, сахна сыртында қалатын қыруар құпияны көзімен көрген бүгінгі театр түні көрерменінің олжасы мол болғаны даусыз, – дейді ардагер журналист Сағат Батырхан.

Бұдан кейін театрдың кіші залына жиналған қалың көрерменге Мәскеудегі байырғы Вахтангов театрында қызмет ететін қазақтың талантты режиссеры Гүлназ Балпейісова шеберлік сағатын өткізді. Қонақтар қатарынан таңдалған бір топ жасты сахнаға шығарып, көрерменнің көз алдында артистік шеберлікке баулыған Гүлназдың режиссерлік өзгеше әдіс-тәсілінен бір мезетте ғашықтардың образына кірген кәнігі әртістер пайда болды. Режиссердің бағыттауымен жұмулы көзбен, аймаласқан қолдар арқылы-ақ, махаббат құдіретін танытқан жап-жаңа әртістерге көрермен қошеметтеп қол соқты.

Еуропа сахналарында спектакль қойып жүрген Гүлназ Балпейісова Сәкен театрының басшысы Құрман Қалымовтың арнайы шақыртумен хореограф Эльмира Иманғазина әріптесімен һәм командасымен келіп, Сәкен театрының ұжымымен жаңа қойылым дайындап жатқанын айта кеткен жөн. Алдағы күндері премьера көрерменге ұсынылмақ.

Акция түнгі сағат 10:00-ге қарай театрдың үлкен залына ойысты. Театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Айдын Салбановтың басшылығымен жас актерлар залда ине шаншар жер қалдырмаған қалың көрерменге мерекелік қойылым-концерт ұсынды.

Ақылдытентек бала Қожамен (Б.Соқпақбаев) бірге балалық шаққа саяхат жасап, Сұлтанмен бірге жайлауды аралап, өмірден ерте кеткен әнші Цойды «тірілткен», тамашаға толы, ғажайып түн болды. Әнші де, биші де болған театрдың «сегіз қырлы,бір сырлы» жастарына дуылдата қол соққан көрерменнің рухы көтеріліп, сергіп қалды.

Ғажайыптарға толы болған театр түнінің соңында театр басшысы Қ.Қалымов қалың қауымды Халықаралық театр күнімен құттықтап, Арқадағы абыз театрдың 90 жылдық мерейтойы жылында еңбегімен ерекше көзге түсіп жүрген қызметкерлерге Алғыс хат пен ақшалай сыйлық сертификаттарын тапсырды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button