Жемқорлықпен күрес – басым бағытының бірі
«Ақ жол» партиясының өкілдері Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы бойынша үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Дауыс беру партиялық жолмен жүзеге асқалы отырғандықтан, «ақжолдықтардың» облыстық штабы сайлауалды шараларды ұйымдастырып, өткізуде.
«Ақ жол» партиясының облыстық филиалы атынан Парламент Мәжілісіне депутаттыққа 1 үміткер болса, 69 кандидат мәслихат депутаттығы үшін бағын сынайды. Жуырда «Ақ жол» партиясының өкілдері Осакаров ауылының тұрғындарымен кездесті.
Ауыл тұрғындары жұмыссыздық, жалақының төмендігі, дәрідәрмектің жетіспеушілігі жөнінде әңгіме өрбітті. «Ақ жолдықтар» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – демократиялық партияның басым бағыттарының бірі екенін айтады. Әлеуметтік құбылыс ретіндегі жемқорлық елдегі әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тартуды тежейтінін атап өтті.
Штаб өкілдері кездесулер өткізу барысында жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлық туралы ұғымды түсіндірді. Сайлаушыларды жемқорлыққа қарсы тәртіп орнатуға үндеді.
Сондай-ақ, партия өкілдері Саран қалалық мәслихатына үміткерлер сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында сайлаушыларымен кездесті. Үгіт-насихат тобы «Ақ жолдың» сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, партия жұмысы жөнінде сөз қозғады.
Саран қалалық мәслихатына кандидат, бастауыш сынып мұғалімі, жас маман Алима Жанжiгiтқызы «Ақ жолдың» алдағы уақытта да Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, парламенттік институттарды енгізуге, нарықтық экономиканы дамытуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізуге қызмет ететінiне сенімi мол екенін айтты. Осы ретте сайлаушылар дұрыс таңдау жасайтынына сенім білдірді. Сұрақтарға жауап беріп, сайлаушылардың пікірін тыңдады.
Сондай-ақ, штаб мүшелері флешмоб өткізді. Салауатты өмір салтын ұстанған Қарағанды және Теміртау қаласының мәслихатқа үміткерлерi таңнан марафон жүгіріп, көк байрағымызды Қазақстан халқы Ассамблеясы орналасқан Достық үйіне дейін алып келді. Науқан «Ақ жол» демократиялық партиясының Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауға қатысуы аясында өтті. Онда өкілдер «Қазақстандық жастарды қолдау партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарының бірі болып табылады. Жастардың еркін таңдау жасауға мүмкіндіктері болуы керек. Қазақстанға бастамашыл, мықты және өзіне сенімді жастар қажет» деген партия тұғырнамасындағы ұстанымдарын атап өтті. Сонымен қатар, «Ақ жолда» қазақстандық жастардың таңдау еркіндігі мен адамдық қадір-қасиетін қорғау маңызды деп саналатыны айтылды. Штаб мүшелері алдағы уақытта өткізетін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарында кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырып, жастар флешмобы және түрлі марафондар өткізбек.
Аяулым СОВЕТ.