Биыл Қарағандыда қандай нысандардың құрылысы аяқталады?

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Қарағандыда салынып жатқан әлеуметтік нысандарды тексерді. Бүгінгі күні қалада Оқушылар сарайының, үлкен және үстел теннисі орталықтарының және қазақ тілінде оқытатын мектептің құрылысы белсенді қарқынмен жүріп жатыр. Жоспар бойынша Қарағандыда қыркүйек айына қарай жаңа мектеп ашылуы тиіс.  1200 орындық оқу ордасы Оңтүстік-Шығыстағы 30-шы шағын ауданда ашылады. Құрылыс нысанында қазірдің өзінде қабырғалар, шатырлар тұрғызылып,  сыртқы қасбетті қаптау және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа мектепте қазақ тілінде оқытатын болады. Мұнда жақын маңдағы оқу орындарынан оқушылар мен педагогтар көшіріледі. Бұл сыныптардағы балалардың шектен тыс көп болу  мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік береді.
Биылғы жылы облыста Қарағанды мен Жезқазған қалаларында екі мектеп пайдалануға беріледі. Алдағы жылдары өңірде тағы алты білім ордасы салынбақ.
Жеңіс Қасымбек сондай-ақ Оңтүстік-Шығыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа сарайдың құрылыс алаңында болды. Бұл ғимарат 2019 жылдың көктемінде тұрғызыла бастады. Сыртқы қабырғалар, бөлме аралық жабындар мен шатырлардың бір бөлігі дайын. Қазір мердігерлер коммуникация өткізуде.
Оқушылар сарайында үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Цокольдық қабатта спорт залдары, би сыныптары мен йога және гимнастикаға арналған залдар жабдықталады. Жоғарғы қабаттарда робототехникамен, бағдарламалаумен айналысуға арналған кабинеттер орналасады.
—  Жаздың соңына қарай барлық құрылыс жұмыстарын аяқтау қажет. Кейін қала әкімдігі аумақты абаттандырумен айналысады. Мердігер ретінде сіздердің басты міндеттеріңіз – нысанды 2020-2021 оқу жылының басына дейін қолданысқа беру, — деп тапсырды Жеңіс Қасымбек.
Өңір басшысы салынып жатқан үстел және үлкен теннис орталықтарына да барды.
Үстел теннисіне арналған жабық корт «Панель-орталық» шағын ауданында тұрғызылуда. Оны осы жылдың күзінде аяқтау жоспарлануда. Мұнда іргетас дайын, жақын арада қабырғалар көтеріледі.
Ал үлкен теннис орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Оны осы жазда пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір мұнда коммуникациялар жүргізілуде. Содан кейін, жылыту жүйесі орнатылып, ғимараттың іші қажетті температураға дейін жылытылған бетте ішкі әрлеу жұмыстары басталады.
Жеңіс Қасымбек барлық нысандардың құрылысын мерзімінде аяқтауды және жұмыс сапасын қадағалауды тапсырды.