Руханият

Абайда – Абай ескерткіші

Абай ескерткіші орналасқан Ленин көшесіне Ұлы Абайдың есімі берілгенін сүйіншілей жазған болатынбыз. Кеше сол игі шараның тұсауы салтанатты түрде кесілді. Арқа көгінде Абай рухы әлі асқақтап тұр. Әлеуметтік желідегі ағайын бір-бірін ақжарыла құттықтап жатыр. Бұл қуанышты көптен күткенбіз. Міне, сол қуаныш одан әрі жалғасты. Араға күн салып, ұлы ақынның еңселі ескерткішінің алдында тұрмыз. Бұл жолы баба тұғыры ел бойынша Һакімнің есімі берілген жалғыз қалада, яғни, ырысы еселеніп, берекесі көшеленген Абай қаласында бой көтерді. Алашымен қауышқалы тұрған жаңа ескерткішке облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК және бір топ салтанатты жиынға арнайы қатысқан мәртебелі қонақтар гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты шара аймақ басшысының құттықтау сөзімен басталды.

– Міне, Абай есімімен аталатын жалғыз қалада ұлы ойшылдың еңселі ескерткішінің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Елбасы «Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті» деп ұлы тұлғаның қадір-қасиетіне баға берді. Ұлы Абай біздің елдің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Абай әдебиетіміздің негізін ғана қалап қоймай, көрегендігімен бүкіл қазақ қоғамының өркениетін өрге сүйреді. Ақын мұрасындағы терең ой, өршіл рух ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпады. Өткенін ұмытпаған, ұлыларын ұлықтаған жұрттың қашан да болашағы жарқын болады. Осы тұрғыда Абай мұрасын тереңнен зерделеп, келешек ұрпаққа жеткізетін бүгінгідей шаралар ұлттың берік негізін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады, – деді аймақ басшысы Жеңіс Махмұдұлы.

Келесі келелі сөзді қоғам және мемлекет қайраткері, абайтанушы Ғарифолла Есім алды.  «Абай біздің сезім-санамызды, таным-түйсігімізді өзгертуші тұлға. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың, жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп айтып кетті. Енді жақсы менен жаманды айыратын кез келді. Қазақ сапалы ұлт болатын уақыт болды. Өйткені, Абай сол кездегі қазақтың намысын оятып, халықтың үміт шамын жаққан еді. Абайдың сол жаққан үміт шамы өшпесін. Өшпейді де. Болашағымыз зор. Сол зор жетістіке Абаймен бірге жетейік» деп түйіндеді абайтанушы.

ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахман қарағандылықтарға айрықша алғыс білдірді.

– Ардақты абайлық ағайын. Жалпы Абайға қай қаладан болса да ескеркіш қоюға болады. Ал, Қарағанды өңірінде ескерткіш орнатуға тиіспіз. Өйткені, Абайдың нағашы жұрты да, қайын жұрты да осы Қарағанды жері. Ұлы ойшылдың құрметіне ұйымдастырылып жатқан шаралар өте орынды әрі жарасымды. Қасиеттісін қадірлеген Қарағанды елінің берекесі арта берсін, – деп ақжарма тілегін жеткізді.

Ескерткішке тоқталсақ. Ескерткіштің тұғырмен бірге биіктігі 10 метрге жуық. Таза қоладан құйылған. Салмағы –5 тонна 600 келі. Бұл еңбекті жасауға 3 ай уақыт кетіпті. Авторы – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қарағандылық мүсінші Бейбіт Мұстафин. Айталық, шебер Ботақара кентіндегі Бұқар жырау мен Нұрадағы Сәкен ескерткіштерінің авторы.

Салтанатты шара жергілікті ақындардың «Абай жаққан бір сәуле…» атты жинағының тұсаукесерімен жалғасты. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтің әлемнің 18 тіліндегі «Абай жолы» роман-эпопеясының дискілі жинағы ұсынылды. Кітаптарды цифрлау Шахтинск қаласының орталық кітапханасымен бірлесіп жүргізіліпті.

Кеудені қуаныш кернеп, көңіл пернесі Абайдың «Көзімнің қарасын» деммен сызылтып тұрғандай күйдемін. Сірә, бұл сезім «Алла, Алаш, Абай» деп жиылған әр азаматтың тұла бойын толқытып тұрған шығар…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button