Бәрекелді!

Тізе буынына алғаш рет ота жасалды

Естеріңізде болса, қазақстандық ғалым Вячеслав ОГАЙ аурудың емін тапқанын хабарлаған болатынбыз. 28 жастағы тізе буынының ауруына шалдыққан науқасқа фибрин гидрогелін қолдану арқылы алғаш рет ота жасалды. Ғалым тізе буынының шеміршегін хирургиялық қалпына келтірудің жаңа әдістемесін клиникалық зерттеуден өткізді. Бұл әдістеме ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2021-2022 жылдарға арналған ғылымды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Мәліметтерге сүйенсек, ел аумағында буын ауруына шалдыққандар саны көбейіп кеткен. Мысалы, соңғы 5 жылда буындардың жалпы ауруы 100 мың халыққа шаққанда 4223,7-ден 5283,2 адамға дейін өскен. Аурудың бұл түрі жастар арасында да белең алып барады. 19 жасқа дейінгі жастарда – 0,1%, 29 жасқа дейін – 0,2%, 39 жасқа дейінгілер арасында – 3,5%-ға жеткен. Ал, 50 жастан асқан азаматтардың көпшілігі осы аурумен ауырады.

Дәрігерлер буын ауруларын дер кезінде емдемесе, мүгедектікке әкелуі мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда.

Ұлттық биотехнология орталығының тін жасушалары зертханасының меңгерушісі Вячеслав Огай осы аурудың емін тауып, бірегей гидрогель ойлап тапты. Науқастың денсаулығы үшін бұл жұмыстың маңызы өте зор болып отыр.
– Модификацияланған фибрин гидрогелінен, пациенттің өз тін жасушаларынан тұруы гидрогельдің бірегейлігі болып есептеледі. Осының арқасында зақымдалған шеміршектің қалпына келуі жеңілдейді. Жаңа техника пациенттердің өмір сүру сапасына жақсы әсер етіп, мүгедектіктің алдын алады. Нәтижесінде тізе буынын эндопротездеуге мұқтаж адамдар саны азаяды, – деді Вячеслав Огай.
– Бұл Мемлекет басшысының медициналық-биологиялық зерттеулердің басымдығы және елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру туралы тапсырмаларын іске асырудың алғашқы практикалық нәтижелерінің бірі. Ғылымды қаржыландыруға көңіл бөлініп, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген ғылыми идея мен әзірлемені қолдау мүмкіндігі артты. Қазақстандық ғалымдар QazVac вакцинасын жасап шығарды, Айтхожин атындағы Молекулярлық биология және биохимия институты қант диабетін емдеуге арналған жобаны енгізіп жатыр. Буындарды қалпына келтіруге арналған гидрогельдің клиникалық зерттеулері Ұлттық биотехнология орталығы Н.Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығымен бірлесіп жүзеге асыруда. Бұл қазіргі таңда Министрлік қаржыландыратын 59 ғылыми-техникалық бағдарламаның бірі екенін де айта кеткен жөн. Оның барлығы өмірлік маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған, – деп атап өтті ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button