Қайнарлықтар астығы – қамбада

Нұра ауданында астықтың 85 пайызы жиналды. Науқанды бірінші болып «Қайнар» серіктестігі аяқтады.

Нұра ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марлен Оспановтың мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы көктемгі егіс жұмыстары карантиндік режимде өткенімен уақытылы аяқталған. Сондай-ақ, жаз мезгіліндегі ауарайының қолайлылығы үлкен үлес қосып, сәйкесінше, түсім де жоғары екен.

– Көктемгі егістік жұмыстары ерекше шектеу талаптарымен жүргізілсе де диқандар дәнді уақытылы сеуіп үлгерді. Шаруа қожалықтары сапалы егіс материалдарымен, арзандатылған тыңайтқыштармен, өсімдіктерді қорғау құралдарымен, техникамен қамтамасыз етілді. Қазір аудан бойынша орақ науқаны қарқынды жүруде, – деді Марлен Оспанов.

Маусымдық жұмыстарды бірінші болып тәмамдаған «Қайнар» серіктестігіндегі өнімділік орташа есеппен гектарына 10 центнерді құраған. Ауыл шаруашылығы бөлімінің деректеріне сүйенсек, аудан бойынша орташа түсім гектарына шаққанда 10 центнерден болса, облыс бойынша гектарына 10,1 центерді құрауда.

Негізінде, аудан бойынша дәнді дақылдар 260,1 мың гектар алқапқа егілген. Соның ішінде, 36800 гектары «Қайнар» серіктестігіне тиесілі. Бұл алқаптың серіктестік 32696 мың гектарына бидай егіп, 32283 тонна өнім алса, 1341 мың гектарға еккен сұлыдан 1500 тонна, 2763 гектарға еккен арпадан 3039 мың тонна өнім алған.

Төкпей-шашпай бас-аяғы отыз күннің ішінде мәреге жеткен науқандық жұмысқа серіктестіктің 320 жұмыскері түгелдей жұмылдырылған. Астықты оруға үш бригада бойынша 43 комбайн, тасымалдау жұмысына серіктестіктің 27 техникасы қамтылған.

– Егін науқанын өте жақсы көрсеткішпен аяқтадық. 10 тамызда алғашқы алқаптарға орақ салып, 10 қыркүйекте толығымен жинап алдық. Түсім өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Қазір астықты түгел тазалап, өзімізге қажеттісін қамбалап қойдық, – дейді серіктестіктің бас агрономы Айнар Нығметов.

Бүгінде серіктестікте 30 мың тонна астық сақтайтын қойма жұмыс істеп тұр. Өткен жылы 5 мың тонна астықты тазалап, кептіріп сақтайтын заманауи қойманы 260 миллион теңгеге салды. Бүгінде жаңа қойма да астыққа лық толы. Сонымен қатар, серіктестік Үкіметтен берілген көмекті қолайлы пайдаланып, 120 миллион теңгеге лизинг арқылы бірқатар техника алып, техника паркін де жаңартты.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.