Жаңалықтар

Қарағандының киелі жері немесе Әлімхан үйі жүдеп тұр

Сонау бір жылдары «киелі жерлер» дегенде, жұртты жиып алып, біреулер тау-тас кезіп, дала безіп кеткені рас-ты. Шындығында, қазақтың әр өңірі киелі. Әулие-әмбиелер, батырбағландар дамыл тапқан топырақта, тіпті, еселі. Оны айтасыз, табаны тиген, түтін түтеткен қонысында да бар қасиет. Кейде ойлайсыз. Осы біз қасиетті, киені неге айдаладан іздейміз деп. Қарағандының қақ ортасында да сондай киелі үйлер бар. Абай көшесінің бойында. Соның бірі – Әлімхан Ермековтің үйі. №58 үй. (Арысты тар қапасқа қамаған баптың нөмірі де 58-тін). Ұлтымыздың біртуар ұлы, профессор, қазақтың тұңғыш математигі. Айдаудан кейін көз жұмғанша соны мекен қылды. Онда кие жоқ деп кім айтады? Кімнің батылы, аузы барады? Күні кеше ескерткіш тақта орнатылған үйдің сыртында мін жоқ. Қасбеті дұшпан көзге – түзу. Ал, іші – тозып тұр. Жөндеу көрмеген, жадау. Пәтер иелері өз күштерімен жөндеуге ұйымдасқан. Бірақ, келіскен адамдары із-түзсіз. Жұмыс жайына қалған. Жергілікті билік жекеменшік болған соң «өз қотырыңды өзің қасы» дейді. Жөн. Бірақ, бұл қаймана қазақ – менің, не сіздің үй емес. Қазақтың арысы тұрған тарихи үй. Соны есте сақтасақ, биліктің «күл болмасаң, бүл бол» дейтін жөні бар ма? Заң сөйдегенімен, адамдықтың аясына сыя ма? Ұлттығымызға сын емей немене? Бүгін әспеттеп тақта ілген үйіміз бірер жылда құлап қалса, кірмегеніміз қара жер емес пе?

Құстың ұясындай қосқабатты үйдің кіреберіс есігін ашқаннан жылы леп тоңазыған бойымызды жылытып ала жөнелген. Жылылық бар. Алайда, жөндеусіз жүдеген үйдің іші – жылыған бойды іле-шала мұздатты. Әлімхандай тұлға үйінің мынадай жүдеу суреті есті адамды бейжай етпей қоймайды. Әнеу бір тақта ілінген күні атқамінерлер үйге кіргенде нендей күй кешті екен деп ойлап үлгердік. Өз басымыз аруақтан қысылдық… ұялдық…

Үйдің байырғы тұрғыны Бақытжан Рысбекова үйдің ішіне өткен ғасырдың 70-жылдарынан кейін сылақ тимегенін айтады. Қазіргі уақытта үй жеке меншікте болғаннан соң жергілікті билік тарапынан еш көмек жоқтығын да жеткізді. Өз күштерімен жиналып, үйдің ішін жөндеуге құрылыс материалдарын сатып алып та қойған. Әйткенмен, жөндеуге келіскендер «жоғалып» кеткен. Сонымен, жөндеу жұмысы аяқсыз қалыпты.

– Үйдің сырты мен шатырын бюджет есебінен жөндеп берді. Қазір біздегі мәселе – подъездің жөндеуі. Бұл проблеманы әлі күнге шеше алмай отырмыз. Тұрғындар қаражат жинады. Бірақ, жұмыскерлер кетіп қалды. Таба алмадық. Құрылыс материалдары дайын тұр. Әкімдік пәтер меншік, тұрғындар өзі жасауы керек деген уәж айтады. Біз өз күшімізбен жылу жүйесін, су құбырларын, элеваторды, еденнің жартысын ауыстырдық. Одан кейін тағы ақша жинап, құрылыс материалдарын алдық. Дегенмен, ол қаржымыз мұнда толық жөндеу жасауға жете қоймайды – дейді Бақытжан Рысбекова. Тұрғындар жөндеу жасаудан қашып отырған жоқ. Қолдарынан келгенше тырбанып жүр. Дегенмен, шамалары жетпей жатқан сыңайы бар.

Осы үйде туып, Әлімхан Ермековтің көзін көрген байырғы тұрғын «подъезге жеңіл-желпілеп жөндеу жасалса» деген ойын жасырмады.

Үйдің ауласын жарықтандыратын, үйге келетін жарық желілері де өткен ғасырдан бері жаңармаған. Бұл туралы да тұрғындар тиісті орындарға хат жазған. Оның бәрі шығарып салма сөзден аспаған. «Қарағанды Жарық» компаниясы жарық келетін жүйелерде ешқандай дефект жоқ, сондықтан ауыстыруға жатпайды деген хат жолдаған. Тұрғындар желінің жаңармауы электр қуатының сапасына әсер етеді дейді.

Үйдің кіреберісінің жағдайын толық шешуге тұрғындардың өздерінің мүмкіндіктері жетеді дегенге күмәніміз бар. Екінші қабаттағы төбенің сылағы жаппай дерлік құлап қалған. Арғы жағынан ырсиып, тартылған ағаштары көрінеді.

Әлбетте, жекеменшік пәтерлері бар үйді «қамқорлығына» алуға жергілікті билікке заң-зәкүн рұқсат етпейді. Десек те, демеушілік негізде көмек ұйымдастыруды әзірге ешкім жойған жоқ. Сөйтіп, тұлғаларымыз тұрған үйлерге ықыласпейілімізді танытсақ, кім «қой» дейді?!

«Бұл үйдің осынау кейпін бұған дейін де республикалық басылымға Ермековтің ұрпағы да көтеріп жазған» дейді Бақытжан Рысбекова. Бәрібір нәтиже шықпапты. Ермековтің ұрпағы аталарының бұл үйіне ара-тұра арнайы келіпкетіп тұрады екен. Мұражайға келгендей аралап, қасындағыларға таныстырып, әңгімелеп береді екен. Сонда қазақтың шекарасын шегелеп берген, Ленинмен сөз таластырып, оны мойындатқан аталары тұрған үйдің мынадай кейпі көңілдеріне қаяу түсірері хақ. Ермеков ұлты үшін ұлы істер жасады. Біз Ермековтің үйі үшін түк істей алмаймыз. Ұят па?

Басы бүтін мемлекеттік қорғауға алынбаса да, Үкіметтің мерейі түсетіндей әрекет ету неге жоқ? Көкейіміздегі жалғыз сауал – осы. Қазақта Әлімхан Ермековтей арыс күнде дүниеге келмейді. Бір ғасырда бір рет. Далада шашылып жатқан жоқ.

Дәл Ермековтей тұлғалар бұл күні табылса, біз бүгін басқаша өмір сүрер ме едік, қайтер едік?!. 

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button