АбайАймақ

Мүмкіндігі мол шағын орталық

Абай ауданы, Топар кентінде гемодиализ орталығы ашылды. Бүгінде шағын ғимаратта 8 кабинет жұмыс істеп тұр. 20-ға жуық науқас ем қабылдауда.

Аймақ бойынша дәл осындай 8 гемодиализ орталығы бар. Шағын орталықтарды ашу үшін бюджеттен 117 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал, Топар кентіндегі орталыққа соның 39 миллионы аударылған. Мұндағы медициналық құрылғыларды Жапония мен Германия елдерінен арнайы алдыртыпты. Қазір емделушілерге 5 гемодиализ аппараты қызмет көрсетуде.

– Осы орталықты екі мақсатпен аштық. Біріншіден, облыс орталығында диализ деңгейін көтеру, екіншіден, бүйректі алмастыру терапиясын дамыту. Абай ауданында бүйрек ауруымен ауыратын жандардың қарасы көп. Сондықтан, осы кенттен ашқанды жөн көрдік, – деді «Нефрос Азия» орталығының аймақтық директоры Жұлдыз Нұрсейітова.

Бұл орталық – бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққан науқастарды қабылдайды. Мұнда ем алушылар жергілікті аурухана жолдамасымен келіп, 4 сағат көлемінде ем қабылдайды екен. Мамандардың мәліметінше әрбір екінші адамнан осы диагноз анықталады. Оларға донор табу қиын болғандықтан, осындай диализ аппаратының көмегіне жүгінеді екен. Ал, аппарат – қан құрамындағы әртүрлі улы заттардың теңгерімін түзетіп, бүйректің жұмыс жасауын реттейді. Алдағы уақытта мұндай шағын орталық Осакаров пен Қарқаралы аудандарында ашылады деп жоспарлануда.

– Бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққаныма – 4 жыл. Осы уақытқа дейін Шахтинск, Қарағанды қаласындағы гемодиализ орталықтарына аптасына 3 рет қатынап, ем алып жүрдім. Осы орталық Топар кентінен ашылғанына қатты қуандым. Біз секілді қарт адамдарға алысқа бару қиын. Әсіресе, қыс мезгілінде. Боранда шыға алмай қаламыз, – деді Топар кентінің тұрғыны Мәшірәпхан Қасенов.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button