Спорт

Арнайы секциялар ашылды

Қарағандыда алғаш рет аутизм, сал ауруына, даун синдромына, психологиялық ауытқу сырқатына шалдыққан балаларға арналған спорт секциялары ашылды.

Аталмыш секцияларда балалар таэквондомен, инклюзивті хореографиямен, суда жүзумен және бочча спорт түрлерімен тегін түрде айналыса алады.

«Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында ашылған мұндай спорт секциялары бұған дейін еліміздің өзге де қалаларында және де Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында ашылған болатын. Жоба аясында Қарағанды аймағы бойынша 100-ге тарта баланы спортқа тарту көзделуде.

«Ерекше балалар үшін қозғалыста болу өте маңызды. Бұл алдымен аз қозғалудың салдарынан болатын сырқаттардың алдын алады. Сондай-ақ, балалар үшін бейімделген спорт түрлерімен айналысу олардың физикалық және коммуникативтік қабілеттері ашады», дейді жобаның координаторы Нұргүл Ұлжекова.

Аталған спорт секцияларының тағы бір ерекшелігі онда ерекше балалар дамуында ауытқуы жоқ дені сау балалармен қатар бір топта спортпен айналысатын болады.

«Осындай инклюзивті бағытта Нұр-Сұлтан қаласындағы спорт секциялары бірнеше жыл қатарынан жемісті жұмыс істеп келеді. Біздің қор жоба аясында жаттықтырушыларды оқыту, олардың еңбекақысын төлеу, арнайы спорттық және методикалық жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалатын қаржыны өз мойнына алады. Біз осылайша мүгедек жандардың өмір сүру сапасының артуына үлесімізді қосамыз», дейді «Мир равных возможностей» қорының директоры Нұргүл Ұлжекова.

Ерекше балалар шынығатын бейімделген суда жүзу секциясы Қарағандының «Балалар және жасөспірімдер сарайында», бочча секциясы №27 жалпы білім беретін мектепте және қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған жаттығулар облыстық мектеп-интернатында, таэквондо секциясы «Қарағанды облыстық Таэквондо Федерациясында», инклюзивті хореографиямен Достық үйінің ғимаратында айналысуға болады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button