Спорт

Жолдама қолда, Олимпиада қашан?

Мәдениет және спорт министрлігі Токио Олимпиадасының шегерілуіне байланысты Спорт және дене шынықтыру комитетіне бірқатар сауал жолдаған еді. Комитет хатында Олимпиада ойындарына жолдама ойнатылатын лицензиялық жарыстардың бәрі кейінге шегерілгенін ашық жазған. Қазіргі таңда ұлттық құрама командалардың дайындығына қатысты барлық спорттық объектілер санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтай отырып, жұмысын жалғастыруда.

Бүгінге дейін Қазақстан спортшылары спорттың 17 түрінен 42 лицензия жеңіп алған. Оның 3-еуі жеңіл атлетикадан болса, тасжолдағы велосипед спортынан 4 лицензия еншілеген. Оның ішінде жүзудің үш түрінен – 4, садақ атудан – 4, спорттық құзға өрмелеуден – 1 жолдама қоржында. Палуандар грек-рим (ерлер) күресінен – 2, еркін күрестен – 4, ал, әйелдер (грек-рим) арасынан – 2 лицензия ұтқан. Спорттық гимнастикадан – 1, стенд атудан – 1, нысана көздеуден – 1, бессайыстан – 2, каратэдан – 1 жолдама бар. Сонымен қатар, бокстан (ерлер) – 8, әйелдер арасынан 1 лицензияға қол жеткізген.

Алдағы уақытта өткізілетін Олимпиада ойындарында жүлделі болған спортшылардың сыйақысы өзгеріссіз қалады. Халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушыларға және спорт түрлері бойынша құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелеріне ақшалай көтермелеудің мөлшері қаулымен бекітілген. Соған сәйкес қысқы Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарынан І орын алған спортшыларға – 250 мың АҚШ доллары, ІІ орын алғандарға – 150 мың АҚШ доллары, ІІІ орын алғандарға – 75 мың АҚШ доллары беріледі. Ал, жүлделі ІV орын алғандарға – 30 мың АҚШ доллары, V орын алғандарға – 10 мың АҚШ доллары, VІ алған спортшыларға – 5 мың АҚШ доллары табысталады.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button