Спорт

Жансай СМАҒҰЛОВ: «Көк Туымды желбіретсем деймін»

Токио Олимпиадасында ел намысын қорғауға үміткер спортшылар қатарында Қарағандылық саңлақтар да бар. Солардың бірі һәм бірегейі дзюдодан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жансай СМАҒҰЛОВТЫ жедел сұхбатқа тарттық.

– Жансай Жанатұлы, жақында ғана Қазақстанның 2020 жылғы чемпионы атандыңыз. Алда – Олимпиада. Спортшыларға жарыс алдында көңіл-күй маңызды деп естіген едім. Сіздің көңіл-күйіңіз қалай? 4 жылда бір өтетін әлемдік спорт додасына дайындық жақсы ма?

– Рахмет! Көңіл-күй бір қалыпты. Дайындық мығым. Былтыр өкінішке орай пандемияға байланысты өтпей қалды. Биылғы жылға тас-түйін дайындалып жатырмыз. Бұйырса жолдама алуға бір қадам қалып тұр.

– Жалпы, Олимпиадаға жолдама алу қалай жүзеге асырылады?

– Бұл күрделі мәселе. Өйткені, дзюдо спортында бұл жүйе ерекшелеу. Әр спортшы рейтингке жұмыс істейді. Сондағы ұпай санымен тағдырың шешіледі. Сондықтан, бас алмай дайындалып, рейтингті түсіріп алмау керек.

– Қаңтар айында өтетін жарыстан қандай нәтиже күтесіз? Бұл рейтингке әсер ете ме?

– Қаңтарда Қатар елінің астанасы Доха шаһарында 11-13 қаңтар аралығында «MASTERS» турнирі өтеді. «Топ-16» болады деген, көп турнир кейінге шегерілгендіктен, мұнда «топ-32» болады деп отыр. Әлемнің кіл мықтылары жиналады. Алматыда – 25 күн, Шымкентте – 30 күн оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Нәтиже ойдағыдай болуы тиіс. Таңдаулылар қатарынан көрініп, жолдама алуға күш саламын.

– Олимпиадада өз салмағыңыздағы негізгі қарсыластар кімдер?

– 73 келі салмақта өте тартысты күрес болғалы тұр. Өйткені, осы салмақта Жапония, Грузия, Италия елдерінің 3 Олимпиада чемпионы бақ сынайды. Сондықтан, жауапкершілік – өте үлкен. Басқа салмақтарда мұндай қарсыластар жоқ.

– Сіздің өз салмағыңызда үздіктер қатарынан көрініп, Олимпиадада атой салуыңызға шын көңілден тілектеспіз. Алла қалап, бәрі ойдағыдай болса, алтын алуға деген сеніміңіз қалай?

– Бұл – әр спортшының арманы. Жаттықтырушының барлық талаптарын орындап жатырмын. Жаттығу, режим бәрін бұлжытпай игеріп келемін. Алла тағала «бақ берем» десе, түріңе, ұлтыңа қарамайды. Негізгісі – тас-түйін дайын болу. Бұл жағынан бізде еш кемшілік жоқ.

– Олимп шыңына шығуға қандай кедергі, қиындық көріп тұрсыз?

– Айтарлықтай кедергі көріп тұрған жоқпын. Бастысы – аурусырқаудан аман болу. Бар қабілетім мен күш-жігерімді салып, жеңіске жетіп, қазағымның Көк Туын желбіретсем деймін!

– Өмірлік ұстанымыңыз бен Жаңа жылдық тілегіңіз?

– Қай салада болса да, талмай тер төгіп, адал еңбек етсең – бағындырмайтын шың жоқ. Күрес – қазақтың қанында бар. Еліміздің атын шығаратын спортшылар өсе берсін! Біз үшін ерекше жыл ғой. Сиыр жылы – құтты, берекелі, жеңісті жыл болғай! Ел аман, жұрт тыныш болсын! Індет жоламасын!

– Әрлі әңгіме өрбіткеніңізге үлкен рахмет!

Әңгімелескен Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button