Қарағанды

Қарағандының НЗМ оқушылары мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге арналған гироскутер арбасын жасап шығарды

Қарағанды қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушылары София Дасаева мен Лейла Нұрлыбаева электроарбаның бюджеттік баламасын ұсынды. Мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге арналған гироскутер арбасының эксперименттік нұсқасын жасады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

– Біз мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қалалық ортаның қолжетімділігіне талдау жасадық. Өзекті мәселелердің бірі – электр арбаларының қымбаттығы. Біз бюджеттік балама құрастыруды шештік. Жақында танымал болған және қазір көпшілікке қажет емес гироскутерлерді қалай пайдалануға болады деген ой келді, – дейді НЗМ студенттері. – Жобаны оқытушы Жанар Бәйметованың басшылығымен жүзеге асырдық. Моделімізді құрастыру үшін балаларға арналған механикалық мүгедектер арбасы, гироскутер және басқа да бөлшектер, тұтқалар қажет болды. Оның барлығын Облыстық клиникалық аурухананың техникалық бөлімінің мамандары жинап беруге көмектесті.

Сондай-ақ, сол ауруханада және екі емханада гироскутер арбаның сапасы мен ыңғайлылығы тексерілді. Тестілеу үшін София мен Лейла өздері арбаға отырды, онымен пандуспен көтерілуге және түсуге, 90 және 360 градусқа бұрылуға, жылдамдықты арттыруға және қалпына келтіруге болатынын байқап көрді.  

– Біздің арба рычагтар арқылы қозғалады. Оның қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін нұсқаулық жасадық, – дейді София.

Оның айтуынша, мұндай арбаның құны 100 мың теңгеден сәл асады – электр арбасынан 14 есе арзан. Мектеп оқушылары әлеуметтік жобаны бастай беруге болады деп санайды: адамдар қажет емес гироскутерлер мен механикалық мүгедектер арбаларын тапсырады, ал құрылғыны құрастырғаннан кейін мұқтаждар тегін алады.

НЗМ ғылыми жобаларының желілік байқауында София Дасаева мен Лейла Нұрлыбаева үшінші орын алды. Болашақта олар өз идеясын жүзеге асыру үшін оны жетілдіре түспекші.

Сол байқауда 12-сынып оқушысы Альмубди Мутайхан жеңімпаз атанды. Оқытушы Дәурен Қызыловпен бірге ол Қарағандыда еріктілер қозғалысының дамуын зерттеді. Нәтижесінде НЗМ оқушысы тақырыптық сайт құрды.

– Бұл сайтта Қарағанды еріктілерінің қызметі туралы ақпарат орналастырылған. Бұл аймақтық деңгейде волонтерлік қызметті үйлестіруге көмектеседі. Біз жобаны жалғастырамыз. Қазір мобильді қосымшаны одан әрі дамытып жатырмыз. Қазіргі уақытта ол тестілеу сатысында, – дейді Альмубди.

Ол ерікті ретінде құрдастарына онлайн курстар арқылы бағдарламалауды үйретті. Бұл салада Альмубдидің жетістіктері бар және ол өз білімімен қуана бөліседі.

Басқа материалдар

Back to top button