Жарықтың «жыры» жалғасуда

Биыл ақпанда аудан әкімі жұртшылықпен жүздескенде жарықпен жабдықтаудың жайы аса алаңдатарлық екені ашық әңгімеге өзек болған еді. Жергілікті билік бұл бағытта нақты шаралар атқарылатынын айтқан. Алайда, жарықтың «жыры» әлі жалғасып жатқан сыңайлы. Өткен жексенбіде ұлытаулықтар тағы да ұлардай шулады. Себеп: аудан орталығы жарықсыз қалды.

Түскен дабылға сәйкес бірнеше адаммен телефон арқылы тілдестім. Кейбіреуі әртүрлі себепті алға тартып, аты-жөні мен қызметін айтқысы келмеді. Сондықтан, ашық әңгімеге келіскенінің ғана пікірін қысқаша келтіргенді жөн көрдім. Соның өзінен көп нәрсені аңғаруға болады.

Татьяна Мирасекова, үй шаруасындағы әйел: «Мына заманда жарық жөн-жосықсыз сөнгені не сұмдық?! Тұрмыстық жабдыққа келтіретін залалын айтпай-ақ қояйын, мектепте оқитын балаларға обал болды. «Сабағым орындалмай қалды» деп жылайды. Жарық желісін жаздай жөндеп жатыр, деп естіген едік, сапасы мынау ма?».

Медет, аудан орталығының тұрғыны: «Мұндай жиі болып тұрады. Күтпеген жерден жарық сөніп, түнек торласа, оған таңданбаймыз. Жарықтың екі-үш күн болмай қалатын кезі де кездеседі».

Лара Қапарова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қыз меткері: «Нұр-Сұлтан қаласында оқитын екі студент балама қиын болды: біреуі – Еуразия университетінде, біреуі – колледжде. Қашықтан оқитын болғандықтан, қазір үйде. Жарық жиі сөнетіндіктен, жағдай белгілі ғой. Оқу орындары ренжиді. Оларға сылтау керек емес.

Жақында білдім, Ұлытауда электрик жоқ көрінеді. 15 күндік вахталық әдіспен Жезқазғаннан қатынап істейді екен. Сонда жеке электрик даярлауды ауданның билік басында отырған азаматтары ойламағаны ма? Әлде, оларға осы қолайлы ма? Жайма-шуақ жаз артта қалды, күрең күзің өтіп барады, алда ақырған қысың тұр. Ұлытаудың қысы алабөтен екенін ел біледі, ендеше жайбарақаттықтың жөнін түсіндіретін тірі жан бар ма?».

Жоғарыдағы – жексенбідегі «жыр». Ал, дүйсенбіде түске салым «Жарық қашан жанады?» деп дабылдатқан фермер Б.Тобашев былай дейді: «Қаракеңгірде» жекеменшік шаруашылығым бар, отбасым аудан орталығында тұрады. Анда-санда келгенде алдымнан осындай келеңсіздік күтіп тұрады. Жел тұрса, жарық сөнеді. Ертең қыста күніміз не болады?».

Біз бұл сауалды аудан басшылығына бағыттағанды жөн көрдік.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҰЛЫТАУ ауданы.