Бас тақырыпРеферендум

Халық жарқын болашаққа дауыс берді

Жексенбі күні Конституциялық реформа бойынша республикалық референдум өтті. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ бұған дейін айтқандай, еліміз үлкен өзгерістер табалдырығында тұр. Жай өзгерістер емес, саясат пен экономикада монополияға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған түбегейлі өзгерістер. Халық қолдаса, Мемлекет басшысының өкілеттігі қысқарып, Парламент ел саясатына әсер етуде күшке ие болады. Осылардың барлығы болашақта Қазақстанның ерікті демократиялық қоғамда өмір сүретінінің нақты кепілі болмақ. Ал, демократиялық қоғам бәсекеге қабілетті ұлтты ғана емес, сапалы адами капиталды да қалыптастырады. Осы мақсатта қазақстандықтар Конституцияның 33 бабына енгізілетін өзгерістерге қатысты өткізілген референдумда дауыстарын берді. Өзгерістер қабылданатын болса, қабылданған шешімдер биліктің ғана емес, халықтың да шешімі болады. Демек, жауапкершілік те ортақ.

Тарихи сәттегі маңызды шешім

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы ғимаратында орналасқан №59 референдум учаскесінде дауыс берді.

Бүгін, еліміз үшін шын мәнінде, тарихи күн. Халқымыз бетбұрысты шешім қабылдамақ. Ешқандай мәжбүрлік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған, – деді Президент.

Содан кейін Мемлекет басшысы қазақстандықтарды референдуммен құттықтап, конституциялық реформаның негізгі мақсаттары мен міндеттеріне қатысты журналистердің бірқатар өзекті сауалдарына жауап берді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та «Астана Опера» театрында орналасқан референдум учаскесіне дауыс беруге келді. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі ресми парақшасында «Нұрсұлтан Назарбаев жалпыхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе бойынша дауыс берді» деп хабарлады.

Ал, облыс басшысы Жеңіс Қасымбек Қарағандыдағы Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиядағы №42 референдум учаскесінде дауыс берді. Аталған учаскеде 2674 дауыс беруші тіркелген. Комиссия төрағасы Ләззат Ділмағамбетованың айтуынша, алғашқы болып дауыс бергендер – жұмысқа баратындар мен егде жастағылар.

«Балаларым мен немерелерімнің келешегі үшін дауыс бердім» деген ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық иегері Серік Ақсұңқарұлы референдум маңызына тоқталды.

– Өзгерістер алдында тұрмыз. Бұл өзгерісті Қазақстан халқы көптен күткен еді. Билік өз болашағымызды өзіміз таңдауымызға мүмкіндік берді. Мұнда әрқайсымыздың даусымыз маңызды. Мен де өз дауысымды бердім, – деді ақын, Қарағандыдағы №37 референдум учаскесінде.

Референдумды үлкен тойға балаған әнші, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Меруеш Башай еліміз аса маңызды сәттің табалдырығында тұрғанын айтады.

– Отандастарымыз үшін бұл тарихи сәт аса маңызды. Жалпы, халық болып қарқынды дауыс беріп жатқанын байқаймын. Әлеуметтік желіден де көріп отырмыз. Халықтың үлкен үміті бар. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» демей ме? Сіз бен біздің дауысымыз үлкен рөл атқарады. Қазақ елінің бағы жансын деп тілек айтамыз. Негізі, бұрынғымен салыстырғанда қысқа мерзім ішінде біршама өзгерістер орын алып үлгерді. Сол да үмітімізді арттыра түседі, – деді Меруеш Башай.

Халықтың белсенділігі жоғары

Жалпы, республикалық референдумда қазақстандықтардың белсенділігі жоғары болғанын айтуда сарапшылар. Бұл республиканың барлық өңірінде байқалды. Одан бөлек, референдум учаскелеріндегі комиссия мүшелерінің өзі биыл тұрғындар ерекше талпыныспен келгенін нақтылауда.

– Тұрғындар референдум жайлы жақсы хабардар әрі саналы түрде дауыстарын беруде. Ақпарат заманы болғандықтан, референдум деген не, әрі алдымызда қандай өзгерістер күтіп тұрғаны жайлы толық мағлұмат алған. Осы жолы тұрғындар Kaspi.kz қосымшасы, Egov.kz. порталы арқылы өздері қарайтын учаскелерді біліп, цифрлық технологияның барлық мүмкіндігін пайдалануда, – дейді Қарағандыдағы №76 референдум учаскесінің комиссия төрағасы Сәуле Ізтілеуова.

Ал, №15 орта мектепте орналасқан №92 референдум учаскесінде тіркелген 2507 адамның жартысына жуығы сағат 10:00-ге дейін дауыс берген.

– Тұрғындардың белсенділігі өте жоғары. Көріп отырғандарыңыздай, дауыс берушілердің көпшілігі таңдауларын жасады. Әсіресе, бүгін жұмыс істейтіндер кешкіге қалмай, учаске ашылғанда келіп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсетіп, дауыстарын берді. Халық өзгеріске сенеді әрі жақсылықтан үмітті, – дейді аталған учаскесінің комиссия төрағасы Сая Жақсыбекова.

Ал, деректерге жүгінер болсақ, облыста сағат 20:00-дегі жағдай бойынша сайлау тізімдеріне енгізілген азаматтардың жалпы санының 77,39 пайызы дауыс берді. Осы орайда Ұлытау және Шет ауданының тұрғындары белсенділік танытқанын айту керек. Онда халықтың 87 пайыздан астамы дауыс берді. Көшбасшылар үштігінде Жаңаарқа және Қарқаралы аудандары да бар.

«Отан – отбасынан басталады»

Референдум кейбір жандардың отбасындағы атаулы күнмен де ұштасты. Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум күні жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-де Қарағандыда 6 бала дүниеге келді. Жаңа туылған нәрестелер арасында 4 қыз және 2 ұл бар.

Ал, Алиасқар мен Томирис Барекаевтар республикалық референдум күні отбасын құрған. АХАТ бөлімінен шыққан бетте Балқаштағы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінде орналасқан №179 референдум учаскесінде жас жұбайлар дауыс берді және Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты пікірлерін білдірді.

– Бұл – біз үшін ерекше, есте қалатын ғажайып күн. Біріншіден, еліміздің болашағына дауыс берсек, екіншіден, өмірлік жар ретінде бір-бірімізді таңдап, отбасын құрып жатырмыз. Еліміз үшін аса маңызды қадам болып табылатын референдумға келіп дауыс бергеніміз үшін өте қуаныштымыз. Еліміз тыныш, Отанымыз аман болсын! – дейді Алиасқар Барекаев. Дауыс беруді азаматтық борыштары санаған жас жұбайлар өз қуаныштарын атап өтпестен бұрын референдумға қатысуды басты міндеттері деп санаған.

Приозерскілік жас жұбайлар Асылхан Тухтаев пен Нұржайна Сәдуақасова қаладағы №260 референдум учаскесіне дауыс беру үшін отбасы ретінде алғаш рет барды.

Бүгін – біздің еліміздің азаматтары үшін өте маңызды күн. Күні кеше құрған кішкентай мемлекетіміздің бастауы осы тарихи күнге тұспа-тұс келуін жақсылыққа жорыдық, – деп жас жұбайлар өз қуаныштарымен бөлісті.

«Алпысқа келгеннен ақыл сұра»

Қазақстанның болашағы жарқын екеніне аға буын да бек сенімді. Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Рассказимов Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағалы бері маңызды оқиғалардың бел ортасында. Ол 1995 жылғы референдумнан бастап, Президент сайлауында да белсенділік танытқан. «Осы референдумда да өз таңдауымды жасадым» дейді ардагер.

Ал, ата-бабасы сонау аштық жылдары Қазақстанға жер аударылып келген қарағандылық Анна Ларионова туған жері – Қазақстанының өсіп-өркендеуі үшін дауыс беретінін айтады.

– Еліміздің өркендеуі жолында өзгерістерге дауыс бердім. Осы жерде оқыдым, білім алдым, жұмыс істедім. Қандай қиын кезеңдерде де қазақтар бауырына тартты, өзге ұлтсың деп, жаттық көрсеткен жоқ. Ата-бабаларым Қарағандыда шахта құрылысына қатысты, осы жерде өсті, өркендеді. Мен Қазақстанның болашағы жарқын болатынына бек сенімдімін, – дейді Анна Ларионова.

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнын тыс қалмауы үшін барлық жағдай жасалған. Референдумның әр учаскесі ыңғайланып жабдықталғанын да айту керек. Мысалы, Балқаштағы №179 учаскесіне келіп, таңдауын жасаған Ерболат Бурабайұлы айтулы шарадан тыс қалмауды жөн санаған әрі ел болашағына бей-жай қарамау керектігін айтады.

Аталған референдум учаскесінде арбаға таңылған азаматтардың кедергісіз келуіне барлық мүмкіндіктер қарастырылған екен. Өзім Томпиев көшесінде тұрған соң осы учаскеге келдім. Шараға қатысуыма қала әкімі қолдау білдірді. Мен азаматтық парызымды орындадым. Бізді жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенімдімін, – дейді Ерболат Бурабайұлы.

Қаладағы референдум учаскелері пандустар, шақыру тетіктерімен жабдықталған. Жүріп-тұруы қиын азаматтар жауапты мамандар тарапынан жасалған бұл қамқорлыққа дән риза.

Жастар жарқын болашақ үшін дауыс берді

Есімі елге танымал спортшылар да референдумға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Солардың бірі – бокстан екі дүркін Азия чемпионы, Францияда бокстан өткен дүниежүзілік студенттер гимназиясының жеңімпазы, балқаштық Ерасыл Ермек.

Осындай шараға алғаш қатысуым. Біз жастар, әрине, болашағымыздың жарқын болғанын қалаймыз. Мемлекетіміздің алдында талай асулар тұр. Жас боксшы ретінде, азамат ретінде референдумда өз таңдауымды жасау – маңызды. Қазақстанның Көк Туын желбіретіп, ел намысын қорғауға әзірмін. Менің таңдауым еліміздің болашағы, – дейді Ерасыл Ермек.

Одан бөлек, №15 Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінде орналасқан №179 референдум учаскесінде Түркияда өткен кикбоксингтен Әлем кубогының қола жүлдегері Бекболат Әкім де дауыс берді.

Ал, 18 жасар приозерскілік Сәкен Оралханның бұл алғаш рет дауыс беруі. Ол Приозерск қаласындағы №258 референдум учаскесіне алғашқылардың бірі болып келді.

Жасым он сегізге толды. Бүгін науқаннан қалмай, алғаш рет дауыс беріп отырмын. Бұл – әрі қызық, әрі өмірімдегі бірінші таңдауым. Сол үшін мұндай маңызды шараға ерте келдім. Болашақ үшін дауыс беру – әр азаматтың еркі әрі борышы, – деді ол.

Алдын-ала нәтиже не дейді?

Алдын ала деректер бойынша референдумда Қазақстан Конституциясына енгізілген түзетулер үшін сайлаушылардың 77,18%-ы, яғни, 17 өңірден 6 млн-нан астам адам дауыс берді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров брифинг барысында мәлімдеді.

Сайлаушылардың 18,66%-ы қарсы дауыс берген. Бюллетеньдердің шамамен 1,58%-ы жауаптың екі нұсқасын да қамтиды, олар жарамды деп танылғанымен, дауыстарды санауда ескерілмейді. Ал, 2,58%-ы жарамсыз.

Дауыс беру 68,06%-ды құраған. Яғни 11,73 млн азаматтың 7,98 млн.-ы таңдау жасады. Референдумға қатысқандар саны тұрғындардың үштен екісінен асқандықтан, дауыс беру өткізілді деп танылды. Хаттамалар толық жеткізілгеннен кейін ОСК референдумның түпкі нәтижелерін жариялайтын болады. Іс-шараның күні әлі белгісіз.

Ал, «Қоғамдық пікір» зерттеу институты экзитполдардың деректеріне сілтеме жасай отырып, алдын-ала мәліметтерді жариялады. Дерек бойынша 74,8% адам өзгерісті қолдаса, 25,2%-ы келіспеген. Бұл ретте дауыс беруге келгендер – 70,1%. Ал, «Социс-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институтының экзитполдарының нәтижелері бойынша қазақстандықтардың 76,7%-ы жақтап дауыс берсе, 23,3%-ы қарсы дауыс берген. Келу – 67,5%. «Демократия институты» экзитполиттерінің ақпараты бойынша түзетулерді қолдаған – 79,4%, қарсы – 20,6%, дауыс беруге келгені 66,3%.

Салтанат ІЛИЯШ

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ

Әлібек ӘБДІРАШ

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Нұрдос КӘРІМ

Жәлел ШАЛҚАР

Қасымхан ҒАЛЫМ

Ербол ЕРБОЛАТ.

Суреттерді түсірген: Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button