Руханият

Ұлтқа тірек ұлы көш

«Жұлдызың туды-ау оңыңнан,
Жан біткен еріп соңыңнан,
Он сан Алаш баласын,
Аузыңа Құдай қаратып,
Жусатып, тағы өргізіп,
Жұмсап бір тұрсың қолыңнан.
Ақтан болды-ау күніңіз,
Арсы менен күрсіге,
Тайталасты үніңіз!»
Ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған Бұқар жырау Абылай хан туралы осылай сөйлейді ғой. Шалкиіз жырау би Темірге қарата «Бармай тапқан қағбамсың» десе, Бұқар «Бір Құдайдың дидарын, Сен көрмесең, кім көрер?!» дейді. Иә, Қазақтың басында осындай да осындай замандар болған. Қазір заман басқа, заң өзге дегенмен, осыншама жерді алып қалған бабаларымыздан асып кеткеніміз жоқ. «Сен Еңсегей бойлы Ер Есім ханның бір түстігіне де жарамайсың», – дейді екен Бұқар Абылайға. Пайымдап көріңіз. Бірақ, қалай десек те, көнеден қалған көш жолы тоқтамады. Сонау Абылай ханның заманында біраз ел шекараға әдейі қоныстандырылған деседі. Қазақ жоңғарды жеңіп, жері кеңіп, мейманасы асқан шақ екен де бір. Жұмаққа бергісіз жайлы мекенді жайлап, көшіп-қонған да жүрген. Содан беріде не заман өтпеді?! Ақ қашып, қызыл қуғалы «заманың сенің өзгерді, текеметтің түріндей» демеске болмады. Орыс, Қытай шекара бөлісінде Қазақтың Қытай, Моңғолиямен шектес жерлері тұтасымен аталған елдердің аумағына өтіп кетті. Ел көшпей қалып қойды сол арада. Әйтпесе, Арқадан Шәуешек пен Құлжаға барып Әсет тегін ән салсын ба?! Бәлен ғасырлап жайлап отырған қалың қазақтың ортасы болмаса, «Арғынмын, атым Әсет арындаған» деп ән салғыза ма өзге жұрт?! Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары ат ізін салар ма еді қоғадай жапырылып қазақ іші отырмаса. Тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен кезде шет жұртта қалған қандастардың бармаған жері, баспаған тауы бар ма?

Айналайын ел азаттық алды дегенде, қоғадай жапырылып көштің басын елге бұрды дейсіз ғой. Солайы солай-ау, бірақ бұл жерде сәл кідіруге тура келеді. Дәл сол тоқсаныншы жылдары туған біздің білгеніміз шамалы. Тарихты біраз парақтауға тура келді. Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайда? Сөйтсек, Алаш азаттық алысымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 31 желтоқсанында алыстағы ағайындарға мынадай үндеу жолдаған екен.

«Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы Еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикадан және шет елдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан, атамекенге келем деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» депті. Әрине, бұл – бүгін де айта салғанға жеңіл сөз. Ал, бөтен елде Отанын ойлап жүрген қарға тамырлы қазақ үшін бұдан асқан қуаныш болмаған шығар ол кезде. Біз жөндіжөнсіз жауырын шығарған «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген сөз содан туған. Арқаға келін болып түскен қыз Алтайға өте алмайтын заманада өмір сүріп, ақыры бір төркіндей алмай қайтып кеткен де. Көкіректе қанша мың батпан шер-сағыныш кетті десейші… Бөтен жұртта тарихи Отанын аңсаған перзенттерге Елбасының жоғарыдағы сөзі өлген әкесі тіріліп келгендей қуаныш емей не? Ұлы көш содан ағылған деседі газет тігінділері.

«Екі қазақтың басы қосылса әңгіме желісі атажұртқа жету болды. Қазақстанға барам деушілердің саны күрт өсіп, жазылу басталды. Құжат тапсыру, ұзын сонар кезек, тапсыра алмағаны қонып жатып кезек күтіп құжат тапсырып жүрді» дейді бұл тақырыпты мандытып жазып жүрген Дахан Шөкшир.

***

Әрине, бұл ұлы көш – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Елбасы мен егемендік егіз ұғымдар десек, азаттық алған күннен бастап алғадай сөзін арнап, ақ тілеулі үндеуін жариялап, алыстағы ағайынды елге тартқан, бауырға басқан Тұңғыш Президенттің өзі. Ендеше, Асан қайғыдан жерұйық сөзін айырып ала алмаған сияқты, Елбасы есімінен де ұлы көшті ажыратып алу жоқ. Сыртта қалған, өзге елді өгейсіген Алаштың шығарда жанындай жарымына жуығы болмаса да, бір бүйірі. Осы уақытқа дейін бір миллионнан астам қандас Отанымызға оралған екен. Алғаш тәуелсіздік алғанда, Қазақстанға ұлы көш маңдай тірегенде, елді қос өкпеден нарық қысты. Өтпелі кезең орнады. Байырғы атажұртына келген ағайын осындағы қазақпен тағдырдың ыстығы мен суығына төзді. Көш жайлы 1993 жылы арнайы заң қабылданып, Еңбек министрлігінде көшті реттейтін департамент құрылды. Дәл нарық қысып берген тұста. 1997 жылдың аяғында мәжіліске ұсынылған заң жобасы шеттегі қандастардың мүддесіне сай келмеді. Заңға сол кездегі мәжіліс депутаты Ә.Ысқақ бастаған оралмандар тобы балама жоба ұсынды. Үлкен тартыспен оралмандар жасаған жоба қабылданды. Заңға сай Көшіқон агенттігі құрылды. Агенттік оралмандар дерегін жасап, 2000-2001 жыл аралығында 4080 баспана сатып алып берген. Осыған дейін Моңғолиядан келген 70 мыңдай адам азаматтық ала алмай 10 жыл жүргені түбегейлі шешілді. Бұл мәселені Елбасымыз Моңғолияға барған сапарында тікелей өзі араласып шешкен болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы Ауғанстандағы қазақтардың қиын жағдайына алаңдап, сол елдегі қандастарды Ауғанстанмен шекаралас елдердің жабық тұрған әуе кеңістігін 24 сағатқа аштырып жүріп елге әкелгенін ұмыту әсте мүмкін емес шығар.

Елге ел қосылғаны құт деп жатамыз. 2010 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан халқының саны 16,2 миллион болса, қазақтардың үлес салмағы 63,6 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш 1999 жылы 53 пайыз болыпты. Осы он жыл ішінде қазақтар санының 10 пайызға өсуінде, әрине шеттен келген қандастардың үлес салмағы жоқ емес. Жалпы тәуелсіздік жылдары 1 миллионға таяу, нақтысы 260 325 отбасы, жан басына шаққанда 955 894 этникалық қазақ көшіп келген екен. Осы оралған ағайындардың 61,6 пайызы Өзбекстаннан, 14,2 пайызы Қытай, 9,2 пайызы Моңғолия, 6,8 пайызы Түркіменстан, 4,6 пайызы Ресей Федерациясынан, 3,6 пайызы басқа елдерден қоныс аударған.

***

Білетіндер дүниежүзі қазақтарының құрылтайын шақыру идеясының авторы да Елбасы дейді. Мәліметтерге сүйенсек, ол ой Түркия Республикасына барған сапарында туған екен. Тұңғыш Президент Стамбул қаласына кезекті бір сапарында қазақ диаспорасымен кездесу өткізеді. Кездесуге Түркияда іссапармен жүрген Сайран Қадырұлы атты қазақ қатысады. Елбасыға ол әлемдегі қазақтар туралы әңгіме айтып, әртүрлі мысалдар келтіреді. Жер беті қазақтарының басын қосу төңірегінде сұхбаттасады. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізу туралы ой сонда туады. Сөйтіп, әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайы 1992 жылы Алматы қаласында өтеді. Құрылтайда дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан төраға болып сайланады. Содан бері де 4 рет дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтіпті. Жер бетінің жарымына жуығын алып жатқан Түрік балаларының бір тарауы – Қазақ ұлысы. Әлем елдерінде қазақ бармаған, қазақ баспаған топырақ жоқ шығар. Қай елде болсын қазақ бар. Солардың барлығының кіндік Отаны, негізгі жерұйық мекені Қазақстан екені қазір шартарапқа аян болуы тиіс. Мақаланың басында көмекей әулие Бұқар жыраудың Абылай ханға қарата айтқан сөзін келтіргеніміздің себебі де сол. Оған біз Нысанбай жыраудың мына сөзін қосып, тізгін тартпақпыз.

«Кімнен таяқ жегендей, Ер Түріктің баласы?!

Алдырып жүрген дұшпанға ауызының аласы»

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button