Руханият

Бастау бұлақтар

Орталық Қазақстан аймағының аты қойнауындағы қисапсыз мол жер асты қазынасы арқылы мәлім болғаны аян. Бұл туралы зерттеуші ғалымдар тілдері жеткенше жазып, баяндаған. Оларды қайталамай-ақ, Қарағанды өңіріндегі алғашқы газеттер қашан және қалай пайда болды деген сұраққа жауап іздейік. Мұндайда білетін адамдар бірден қазіргі «Индустриальная Караганда» және «Орталық Қазақстан» газеттерінің алғашқы өрісі «Большевистская кочегарка» және «Қарағанды пролетариаты» үнқағаздарын атаулары сөзсіз. Бұл дұрыс жауап, бірақ мәселені толық ашып бере алмайды. Өмірде әр құбылыстың бастауы болатыны сияқты өңірдегі баспасөздің алғашқы қарлығаштары да болғанын қозғай кетейік.

Сонша алыс емес тарихқа сәл көз жүгіртсек, Кеңес Одағы тұсында билеуші большевиктік (кейін коммунистік) партия нендей бір іргелі шараны жүзеге асырар алдында насихат пен үгітке, қуатты қару – баспасөзге арқа сүйеген. Тарихтан мәлім, БК(б) П ХІУ (желтоқсан, 1925 ж.) және ХҮ (желтоқсан1927 ж.) съездері елде индустриаландыру мен ұжымдастыру (коллективтендіру) ұранын көтерді. Ел әсіресе кокстелетін көмірге,түсті және қара металға зәру еді. Соған орай алыстағы Қазақстанда бұрын шетелдік алпауыттар қолға алған отын-металлургия өндірістерін қалпына келтіру бағыты ұсталды. Сөйтіп: шығыста «Алтайполиметалл», ал орталықта «Атбасартүстіметалл» трестері құрылып, кейінгісінің міндетіне Қарсақбай мыс комбинатының құрылысын аяқтау жүктеледі. Профессор А.Гапеев пен геолог М.Русаковтың геологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде Қарағанды көмір кенішінің қоры бірнеше есе артып, Қоңырат мыс кенінің негізінде Балқаш мыс қорыту заводын салу қолға алынды. Партия мен үкіметтің тиісті шешімдері қабылданды. Осыған орай орталық органдар жаңа өндіріс орындарын бүкіл Одаққа әйгілеп жатса, тұрғылықты халықты өндіріс жұмысына тарту, мемлекеттік маңызы бар істі насихаттау мақсатында жергілікті баспасөз құралдары болуы қажет еді. Сөйтіп, біздің облыс аумағындағы аталмыш өндіріс орындарында алғашқы газеттер Қарсақбайда – «За медь» және «Қызыл кенші» газеттері 1930 жылдың 7 қарашасынан, ал Балқашта – «Прибалхашская правда» және «Балқаш жұмысшысы» газеттері 1932 жылдың 1 мамырынан шыға бастады.

Бұл орайда билік уақытша, яғни, журналистердің тілімен айтқанда көшпелі көп тиражды газеттер құруға да көңіл қойды. 1931 жылдың басында Ақмоладан Қарағандыға тартылып жатқан темір жол құрылысы шешуші кезеңге тақалғанда құрылысшылар мен көміршілерді жұмылдыру мақсатында республикалық «Советская степь», орталық «Правда» және ақмолалық «Новая степь» газеттерінің «Казжелдорстрой» тресінің жұмысын бақылау ретінде жылдың алғашқы екі айында көшпелі «В поход за уголь» газеті ұйымдастырылды. Алғашқы саны 20 қаңтарда шыққан. Төртінші санында, яғни, 5 ақпанда газет темір жол тармағының Қарағандыға жеткендігі туралы: «Қарағанды көмірі өзінің миллиардтаған қорымен социализм үшін күреске кірісті» деп хабарлады (Х.Бекхожин. Қазақ баспаөзі тарихының очеркі, А.1981). Барлығы сегіз саны шыққан сияқты. Соның 4-7 сандары кезінде облыстық мемлекеттік архивте микрофильмнің негативі ретінде сақталып келген.

Бұдан кейін 1931 жылдың шілде айында одақтық «Горнорабочий» журналы Қарағандыға көшпелі редакциясын жіберіп, «За уголь Караганды» атты көп тиражды газет шығарады. Алғашқы саны 5 шілдеде жарық көріп, Қарағанды большевиктерінің 1-конференциясына арналады, 5-санында (16 шілде) Қарағанды кеншілерінің Донбасс шахтерлеріне арнаған атақты үндеуі жарияланған (бұл үндеу «Правда» газетінде сәл кешіктіріліп, бірнеше екпінді жұмысшылардың қолымен бірге жарияланған). Газет шахталардың жұмысынан мәлімет беріп, бұқаралық шаралар ұйымдастырады, жұмысшы тілшілер тартады, артта қалушыларды сынап, озаттарды дәріптейді.

Редакторы Борис Апанащенко деген азамат, редакцияда кейбір деректер бойынша бес адам болған. Аптасына әуелі екі рет, кейін үш рет шығып тұрған. Тиражы әуелі 2000 дана, сонан соң 3500 данаға жеткен. Нақты қанша саны шыққаны белгісіз. (Осы жолдар авторында газеттің 1-12 сандарының ксерокспен жасалған сапалы көшірмесі бар.Оны Мәскеуге барған бір сапарымда Ұлттық кітапхананың Химкидегі газет қорынан түсіртіп алғанмын).

26-шілдедегі санында, міне ғажап, американдық инженермен сұхбат жарияланған. Газетшілер әңгімені жұқартып жариялаған сияқты, өйткені шетелдік маман бірден білікті жұмысшы күші мен механизмдердің жоқтығына назар аударған: «Мен мұнда көмір қабаттарын зерттеп, Қарағандыда салынатын шахталарды жобалау үшін келдім. Сондықтан, Қарағандының келешегі туралы қандай да тұжырымды пікір айту асығыстық болар еді. Бірақ, қазірдің өзінде мен мынаны айта аламын: Қарағанды тек ұлттық қана емес, сонымен бірге интернационалдық (әлемдік) мәні бар кеніш. Маман жұмысшысы жоқ, механизмдері болмаған жағдайдың өзінде мынадай дайындық жұмыстары бар екеніне таң қалып отырмын. Бұлардың бәрі де шет елдердегіден бірде кем емес» (З.Тайшыбаев. Бастаулар. «Орталық Қазақстан», 12.10.1986 ж.)

Бұларды келтіріп отырған себебіміз, Қарағандыда сол жылдары қазақ тілінде де көшпелі газеттер шығарылған сияқты. Мәселен, газеттің 50 жылдығына байланысты редакторымыз Р.Сағымбековтың басылымның алғашқы сандары туралы сұрағына облыстық партия архивінің меңгерушісі А.Кутищеваның қайтарған жауабының мазмұнын келтірейік. Қарағанды аупарткомы бюросының 07.09.1931 ж. кезектен тыс отырысының хаттамасында («За уголь Караганды» газетінің жергілікті «Большевистская кочегарка» және «Қарағанды шахтері» газеттерін құруға үлкен көмек көрсеткені айтылады. Сонан соң «ЗУК» газетінің көмегімен 15 тамыздан «Қарағанды шахтері» қазақ газеті жұмыс істей бастады, делінеді. Ал, Қарағанды аупарткомы мәдени-насихат бөлімі меңгерушісі орынбасарының Орталық партия комитетіне 24.09.1931 ж. жолдаған хатында Қарағандыда екі газет шығатындығы атап өтіледі: «10.08-ден қазақ тілінде «Қарағанды шахтері» аудандық газеті, тиражы 2 мың дана, бес күнде бір рет шығып тұрды. Қазақ шрифтілерінің жоқтығынан көрші Тельман ауданында «Еңбек туы» және «Красное знамя» газеттерінің баспаханасында басылады» (бірақ, бұл газеттердің атаулары «Қазақ ССР газеттері,1917-1957. А. 1977 ж.» библиографиялық көрсеткіші бойынша тиісінше «Колхоз даласы» және «Знамя труда» деп аталады).

Сондай-ақ, аупартком бюросының 12.08.1931ж. №26 хаттамасында «орыс тіліндегі газеттің аты «Большевистская кочегарка», қазақ тілінде – «Қарағанды шахтері» деп бекітілген қаулы бар екендігі көрсетілген. Бірақ, қазақ тіліндегі газеттің қашан «Қарағанды пролетариаты» атанғаны белгісіз.

«Қарағанды шахтері» – бұл қай газет? «Қарағанды пролетариатының» ізашары, көшпелі, уақытша газет болғаны ма? Бірақ, бұл деректер «Қазақ ССР газеттері» библиографиялық көрсеткішімен қуатталмайды. Онда мұндай газет атымен жоқ. Ал, Тельман аудандық «Колхоз даласы» деген газеттің 1930-34 жж. тігінділері Алматыдағы Ұлттық кітапхана қорында жоқ болса да 1930 жылғы 28 қыркүйектен шыға бастады деген дерек келтіріледі. Сондай-ақ, көрсеткіште Қарағандыда әр жылдары «Қарағанды құрылысы» (1932), «Лениншіл жастың» Қарағандыда шығарған көшпелі газеті (1934-35) көрсетіледі де артынша «мәлімет жоқ» деген сілтеме жасалады. Мұны қазақ тіліндегі газеттерге түбінде құнды мұра болады-ау деп ескермеген салғырттығымыздың кесірі деп білеміз. Бір жағынан аш-жалаңаш, тұрмысы ауыр халықтың, жаңа ғана қалыптасып келе жатқан жұмысшы поселкесінде не кітапхана, не басқа да мәдени ошақтарының жоқтығынан ғой деп түсіндіріп, өзімізді жұбатамыз. Бірақ, орыс тіліндегі газеттердің басым көпшілігі неге сақталған?

Қарағандыда көшпелі, немесе көп тиражды уақытша газеттің шығарылғанына тағы бір дәлел бар. Қазақтың белгілі әдебиет сыншысы, ғалым М.Қаратаев өзінің «Ең қымбат қазына» деген естелігінде 1931 жылдың маусым айында студенттік практикада болған шақтарында Басыр Мұхамеджанов, Абдол Сәдуақасовтармен бірге Қарағандының қазақ газетінің алғашқы сандарын шығаруға қатысқандығын жазады. «Біз Басыр екеуміз Тельман ауданына шрифт әкелуге барғанбыз. Ол кезде редакцияның штаттық қызметкері әлі жоқ болатын. Газетке материал жинап, түні бойы редакцияның қызыл вагонында атар таңды көзімізбен атқызып, бір рет газетті әрең шығаратынбыз. Көрші вагондағы орыс редакциясына да жәрдемдескеніміз бар», деп еске алады. (Алыптар туралы аңыз. А., 1960). Бұл жоғарыдағыдай кейбір ұйымдардың, республикалық газеттердің ынтасымен шығарылған көшпелі газет болуы мүмкін. Тоқсан жыл өткеннен кейін бұл шындықтың бетін ашу мүмкін емес шығар.

Бір нәрсе ғана ақиқат. Ол қазіргі облыстық газеттердің 1931-32 жж. сандарында басылымның қай уақытта шыққандығы туралы деректері тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Сөйтіп, бүгінгі «Индустриалка» өзінің алғашқы адымын 1931 жылғы 11 қыркүйектен, ал «Орталық» болса сол жылдың 4 қазанынан бастаған. Қарағандының алғашқы газеттерінің тағдыры бір-бірімен ажыратылмас!

Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист,

облыс баспасөзі тарихын зерттеуші.

Басқа материалдар

Back to top button