Руханият

Ақын Ғалым Жайлыбай Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды

Астанадан Арқаға ақжолтай хабар жетті. Жерлесіміз, Алаш жырының Ардакүреңі Ғалым Жайлыбай Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Жусан аңқыған жұпар жырларымен жырсүйер қауымды рухани ләззатқа бөлеп жүрген арда ақынның тұлпар мінезді туындылары алты құрлықты кезіп кеткелі қашан. Бұған дейін де Халықаралық деңгейдегі талай мәртебелі сыйлықты иеленіп жүрген ақын үшін туған халқының ыстық ықыласынан асқан сыйлық жоқ. Сол үшін де Арқа жұртының алаң көңілінің аптығын басып, ағайыннан сүйінші сұрағанды жөн көрдік.

Ақ самал ақынның бұл мерейі – қазақ жырының мерейі! Руханият аламанына үкілеп қосқан «Ай таңбалы Арғымақ» атты жыр жинағына ақын жанкүйерлері бағасын беріп, бәс тіккенін де білеміз. Сол сенім ақталып, Алаштың жыр ордасында ақ түйенің қарны жарылды бүгін!

Қуаныш құтты болсын, Арқа жұрты! Мерейіңіз әрқашан үстем болсын, Алаштың Ардакүреңі!

Жәлел ШАЛҚАР

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button