Руханият

Шартараптан жеткен саз

Кенді шаһардың орталығында Халықаралық «Әуенді Сарыарқа» фестивалі ақ шымылдығын XХІІІ мәрте түріп үлгерді. Төрт күнге созылған музыка мейрамы арқа жұртшылығы мен меймандарын рухани ләззатқа бөледі.

«Шалқыма» концерт залында бастау алған әуенді көштің басын Бішкек қалалық мэриінің қырғыз халық аспаптар оркестрі тізгіндеді. Айкөл Манас жұртының халық әртісі, бас дирижер Б.Тилегенов, халықаралық конкурстардың лауреаттары, солистер А.Эмилбекқызы, Ы.Анаркулуулу, Р.Сапаралиуулы сынды һас шеберлер қаймана елге самырсын сазын есіне түсіргендей ғанибет әсер қалдырды.

Келесі күні Кеншілер мәдениет сарайында джаз фестивальдерінің лауреаты В.Покровская, дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері И.Андрейченко Қарағанды концерттік бірлестігінің джаз оркестрі мәдениеті бөлек мәйекті туындыларын көрерменіне паш етті.

Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің Е.Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрінің концерті талғампаз әлеуметті музыка әлемінің тұңғиығына бір мезгіл сүңгітіп алғандай. Бұл құрамдағы жеке орындаушылар: ҚР халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ж.Әубәкірова, Литва Халық премиясының лауреаты алманиялық Д.Герингас, бас дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері П.Грибановтар тыңдармандарын саз әлемінің жауһар туындыларына бөледі.

Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің концерті еларалық ауқымды шараны түйіндеді. Орындаушылары халықаралық конкурстардың лауреаттары өзбекстандық С.Примов, отандық музыканың майталмандары С.Байжұманова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.Шоқанбаев, дирижерлер «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Е.Бақтыгерей, халықаралық конкурстар лауреаты Ә.Сағымбаевтардың өнері көпшілік көңілінен шықты.

Республика күнінің қарсаңында өткен музыка мерекесі талғампаз көрермендерінің жадында жатталарлық кәдесый болды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button