Қарағандыда «Бұқарекең жырлайды» атты дәстүрлі облыстық ақын­-жыршылар байқауы өтті

Қарағандыдағы Достық үйінде қоғам қайраткері, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі облыстық ақын­жыршылар байқауы өтті. Сайыс тарихи құндылықтарды насихаттау, поэтикалық дәстүрлерді жаңғырту, ұрпақты ұлттық дәстүрлер рухында тәрбиелеу, халықтың рухани, мәдени мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатын көздеді. Биылғы шара халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, Қырғыз Республикасынан арнайы Мамбеттокто Мамбеторзаұлы, Чыңғысхан Карыбекұлы сынды қонақтар қатысты.

Байқауда Ақтоғай, Бұқар жырау, Шет, Жаңаарқа аудандары мен Алматы, Қарағанды, Теміртау қалаларынан үміткерлер өнер жарыстырды.
Қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Айгүл Қосанова болса, құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Қайрат Кемалов, ҚР Мәдениет қайраткері Мүгілсім Шибаева, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры Саржан Такиров, жыршы, айтыскер ақын Дидар Қами болды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы, Бұқар жырау ауданының әкімшілігі «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы- жыраулар мектебі бірлесе ұйымдастырған шара төрт номинация бойынша өтті.

«Бұқар жырауша» аталымында сайысқа түскен ақындар өз туындыларын жырлау поэзиясы үлгісінде жазып, өзекті мәселелерді көтеруге тырысты. Мұнда I орынды Нұртай Ерсұлтан (Қарағанды), II орынды Мақсат Жарылғасынов (Қарағанды), III орынды Өркен Құдайберген (Бұқар жырау ауданы) иеленді.

«Бұқар жырау оқулары» номинациясында жыраудың жыр-толғауларын мәнерлеп оқып сайысқандар арасынан I орын Арай Райымбековаға (Бұқар жырау ауданы), II орын Қанат Ақерке мен Мәлiк Тiлекке (Бұқар жырау ауданы), III орын Нұртай Жарылғапов (Жаңаарқа ауданы), Мейрам Фатих Султан, Сия Айбота (Қарағанды), Адель Асановаға (Бұқар жырау ауданы), арнайы жүлде Саят Сезiм мен Зекен Абылайға (Қарағанды) бұйырды.

«Жыршы-жыраулар сайысында» қатысушылар Бұқар жырау Қалқаманұлының жыр-толғауларын белгілі бір аспапта мақамға салып орындады. Бұл сында I орын Тiлеубек Жанарыс (Алматы), II орын Нұрәлi Ботпай, Виктория Аленина (Бұқар жырау ауданы), Бердiбек Тiлеубекке берілсе (Қарағанды), III орын Ербол Расул (Бұқар жырау ауданы), Ерасыл Игiлiк, Мәди Жақып (Қарағанды қаласы), арнайы жүлде Жанкелдi Нұралының (Қарағанды) мен Есiмхан Тiлеуханның (Шет ауданы) еншісіне бұйырды.

«Әлемді түгел білсе де» аталымында өзге ұлт өкілдері жырау шығармаларын қазақша, орысша және өз тілінде жатқа, мәнерлеп оқып, I орынға Станислав Иванов (Абай ауданы), II орынға Мария Григориади (Теміртау), III орынға Алаң Сюй (Бұқар жырау ауданы), Анастасия Финонченко және Зинаида Асадчия (Қарағанды) лайық деп танылды.
Барлық қатысушыға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Жәлел ШАЛҚАР.