Руханият

Музыка әлеміне соны қадам

Ирина Колесникова Қазақстанның хор өнері тұрғысындағы айтулы да санаулы өкілдерінің бірі. Қазіргі кезде Ирина Тәттімбет атындағы өнер колледжінде ұстаз, дирижер-хормейстер болып қызмет етуде. Музыканың кәнігі маманы Ирина Викторовна «Қазақтың хор өнерінің әдебиеті» пәні бойынша тәлімгерлерге дәріс береді екен. Ондаған жылдар бойына бұл пәнді жанына серік еткен ұстаз бертін келе жинақтаған тәжірибесін кітапқа түсіруге бел буған көрінеді.

– Қазақтың хор өнері турасында айтарымыз көп. Маған қазақ хор әдебиетінің әлеміне бойлатқан марқұм профессор Владимир Пилипенко еді. Ғазиза Жұбанова, Құддыс Қожамияров, Борис Лебедев сынды ұлы композиторлардан бері жалғасып келе жатқан бұл өнер түрі бүгінгі күнде де насихаттауды қажет етеді. Сондықтан, бойдағы құнды мәліметтер мен азды-көпті тәжірибемізді кітап бетіне қалдыра кеткенді абзал санадық, – дейді автор.

Идея Петербургтегі кезекті жиын кезінде өрбіген. Профессор Пернебек Шегебаевпен танысқан соң шешім қабылданды.

– Профессордың жетекшілігімен іске кірістік. Әлбетте, бұған Тәттімбет колледжі де барынша игі ықпал етті. Ақыры өнер колледжінің мерейлі 70 жылдығына орайластырылған оқу құралы, жалғанның жарығын көрді.

Еңбек мазмұны Министрлік талаптарына толығымен жауап береді. О баста орыс тілінде басылған кітап Қазақстанның әр тарабына жөнелтілді. Қазақстанның Халық әртісі А.Жаманбаев, Мәдениет саласының үздігі Л.Ясанова, Білім беру саласының үздігі Л.Жүнісовалар секілді өнер майталмандарының лайықты бағасын алған құнды еңбек қазақша тәржіманы қажет етті. Еліміздегі музыкалық білім ордаларының мамандары тарапынан кітапты қазақ тіліне аудару туралы ұсыныс түсе бастады. Ең бастысы, олқылықтың орнын толтырған оқулық Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің оң бағасы мен қолдауына ие болған. Толықтыра түссе, құба-құп болатындай сезілді. Әсіресе, қазақтілді тәлімгерлерге ауадай қажет дүние.

Кітапты толықтырып басуға бас-аяғы екі жыл кеткен. Автор қазақ тіліне аудару кезінде «Ortalyq Qazaqstan» газетінің корректоры Жазира Ахметоваға алғыс білдіреді. Әлбетте, мұндай оқулықтар әлі де тапшы. Әзір бұл қазақ тіліндегі бірден-бір оқу құралы. «Өнер колледжінің мерейтойына тұспа-тұс келгендігі қуантады», – деп ағынан жарылды Ирина Викторовна.

Басқа материалдар

Back to top button