Спорт

Аламан қызып келеді

Күллі әлем көз тіккен доп додасының да топтық кезеңдегі екінші айналымы аяқталуға жақын. Бұл жолы футбол жанкүйерлері тағы бір сенсацияға куә болды. Атағы дардай Белгиялықтар Марокко құрамасына есе жіберді. Ал, француздар даниялықтарды жеңіп, мерзімінен бұрын 1/8 финалға жолдама алды.

А тобы

Нидерланд құрамасы алғашқы кездесуден сүрінбей өтіп еді. Екінші айналымда Эквадор құрамасынан айласын асыра алмай, кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Дегенмен, Эквадор құрамасы оңай шағылатын жаңғақ емес. Бұл құрама да алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Алайда, Нидерланд жанкүйерлері отандастарынан жеңіс күтсе керек. Әлеуметтік желідегі, тіпті букмейкерлік кеңселер де Нидерланды құрамасының айқын жеңіске жететінін мәлімдеген еді. Бұл кездесуде басымдықты нидерландықтар алғанымен, соққы саны бойынша Эквадор құрамасы басым түсті. Қос қомандада ұпай саны тең. Егер, екеуінің біреуі жеңіліп қалса – топтық кезеңнен шыға алмайды. Себебі, сенегалдықтар бір ұпай айырмашылығымен ғана қалып келеді.

Ал, Сенегал құрамасы катарлықтарды жеңді. Дегенмен, қос команда бір біріне лайық өнер көрсете алды. Алайда, сенегалдықтардың жолы болды.

В тобы

Аты шулы ағылшындар америкалықтармен тең түсті. 2005 жылдан бастап америкалықтар ағылшындарды жеңе алмай келеді. 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен Әлем чемпионатында қос қоманда «С» тобында өнер көрсетіпті. Сол жылы екеуі де топтық кезеңнен шығып, 1/8 финалдан әрі аса алмай қалған. Биыл Англия құрама көш бастап тұр. Ал, америкалықтар топтық кезеңдегі екі ойынын тең аяқтап, ІІІ орынға табан тіреді. Енді олар алдағы уақытта Иран құрамасымен кездеседі. Топтан шығып, шықпауы сол кездесуден кейін анықталады.

Уэльс құрамасының биылғы чемпионатта жолы болмай тұр. Алғашқы кездесуде ағылшындармен тең ойнаса, екінші айналымда Иран құрамасынан айласын асыра алмады. Қоржынында небәрі 1 ұпайы бар Уэльс құрамасының жағдайы мәз емес. Алдағы уақытта олар ағылшындармен кездеседі. Оларды жеңгеннің өзінде жағдай оңынан шешіле қоймас.

С тобы

Алғашқы айналымда мексикалықтармен тең ойнаған Польша құрамасы, екінші айналымда аргентиналықтарды жеңген арабтарды басып озды. Бұл жолы поляктар қателікке бой алдырмады. Осы жеңістен кейін олар топтық кезеңде көш бастады.

Ал, Аргентина құрамасы мексикалықтарды 2:0 есебімен жеңді. Аргентиналықтар үшін ойын оңайға түспеді. Тек, екінші таймда ғана қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Қазір Аргентина құрамасы ІІ орында. Арабтар өкшелеп келеді.

D тобы

Француздар Дания құрамасын 2:1 есебімен ұтып, еш күмәнсіз жеңіске жетті. Осы жеңісімен олар 1/8 финалға жолдама алған алғашқы команда болды.

Тунис құрамасы австралиялықтарға есе жіберді. Әзірге жеңілген қос команда қоржынында – бір ұпайдан. Австралия құрамасында – 3 ұпай. Енді бұл құрама Дания құрамасымен кездеседі. Алайда, оларға есе жіберіп қарап отырмасы хақ. Демек, топтан екінші болып келесі кезеңге шығып тұр деген сөз. Алайда, аргентинаны жеңген арабтар, немістерді тұралатқан жапондар секілді даниялықтар да сенсация жасар, бәлкім!

Е тобы

Әлемнің аузынан түспей жүрген Жапония құрамасы екінші айналымда Коста-Рика құрамасынан 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Ойынның көрсеткішіне сүйенсек, жапондардың басым болғанын көруге болады. Алайда, оларға бұл жолы сәттілік жетпей қалған сыңайлы.

Жанкүйерлер көп күткен кездесудің бірі – Испания мен Германия құрамалары арасындағы тартыс. Немістер испаниялықтарды соңғы рет 2014 жылы жеңіпті. Оның өзі жолдастық кездесуде екен. Десе де немістер құрамы жасарған Испания құрамасынан асып түсе алмады. Қазір немістердің халі – мүшкіл. Қоржынында небәрі бір ұпай. Егер келесі қарсыласы Коста-Риканы жеңсе топтық кезеңнен шығып қалар, бәлкім. Алайда, немістердің тағдырын жапондар шешкелі тұр. Бірақ, испаниялықтар жапондарға есе жібереді деп ешкім ойламасы анық.

Ғ тобы

Алғашқы айналымда жеңіске жеткен Белгия құрамасы, екінші айналымда Марокко құрамасына есе жіберді. Бұлай болады деп кім ойлаған? Небір тәжірибелі ойыншылардан жасақталған Белгия құрамасын бұл кездесуде жолы болмады. Қазір олардың қанжығасында – 3 ұпай.

Хорватия құрамасы 4:1 есебімен Канада құрамасын жеңді. Тартысқа толы бәсекеде хорваттар керемет ойын өрнегін көрсетті. Қазір олар топтық кезеңде көш бастап тұр. Бельгиялықтарды жеңген Марокко құрамасының ұпай саны – тең.

Бұл топтағы командалар – тең қарсылас. Бірінен бірі озып, бірімен-бірі жарысып келеді. Қазіргі уақытта Канада құрамасынан бөлек бәрінің де келесі айналымға өтуге мүмкіндіктері бар. Ал, оны уақыт көрсетеді.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button