Руханият

Ж.Бектұров кітапханасында М.Әуезовтің 125 жылдығына арналған оқырмандар конференциясы өтті

Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Тарих.Тұлға.Тағдыр» жобасы аясында жазушы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған «М. Әуезов – әлемдік тұлға» атты оқырмандар конференциясы өтті.

Жалпы аталмыш конференцияның мақсаты – жасөспірімдер арасында Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасын насихаттау, жазушының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы білімдерін жүйелеу, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу, кітап оқуға баулу, шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Іс-шараға ғалымдар, филологтар, ұстаздар, Қарағанды қаласының ардагерлер кеңесінің мүшелері, оқушылар мен студенттер қатысты.

Оқырмандар конференциясында, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәуен Хамзин (Қарағанды қ.), М.Әуезовтің немересі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры Диар Қонаев, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекші ғылыми қызметкері, бас қор сақтаушысы Салтанат Мұқатаева, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Нұр Мағазбеков, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Шолпан Әмірбаева, ақын, Қарағанды қаласының ардагерлер кеңесінің мүшесі Қабиден Байбосин, Павлодар қаласының М.Әуезов атындағы ЖББМ орыс тілі мен әдебиет мұғалімі Лаура Омарова және Беларусь Республикасы, Минск қаласындағы М.Әуезов атындағы №143 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Татьяна Букатая мен 11-сынып оқушылары – Матвей Комар және Алена Лабковская (Беларусь Республикасы, Минск қ.) сөз сөйлеп, баяндама жасады.

– Ұлы жазушы, данышпан ойшыл, ғұлама ғалым, асыл азамат Мұхтар Әуезовтің туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Дүниеге қазақ перзенті болып келіп, адамзат перзенті болып аттанған Мұхтар Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі. Заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын өнегесі. Бар қазақты «Абай жолы» арқылы төрткүл дүниеге мәшһүр еткен ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына тұңғыш рет қалам тербеп, сол арқылы тіліміздің шұрайын, еліміздің шырайын танытқан қарымды қаламгер, дарынды ғалым туралы аңызға бергісіз әңгіме көп. Жалпы, Мұхтар Әуезовтің данышпандығы да бар. Неге десеңіз ол сталиндік солақай саясаттың үстемдігінде жүріп-ақ, Құнанбайды ұлықтай алды десек жалған емес. Ол Абайды Абай еткен Құнанбай екенін шығармада жасырын көрсетті. Осынысынан-ақ біз Мұхтарды кешегі Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт жанашырларының соңғы көші дей аламыз, – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Мәуен Хамзин.

М.Әуезов өмірі мен еңбегінің халық үшін қаншалықты маңызды болғанын кейін тарихтың өзі дәлелдеді. Ол аласапыран кезеңдерде халқымыздың талай рет үзіліп қала жаздаған мәдени-рухани арқауына, ұлттық сана сезіміне дәнекер болып, кешегі күннен бүгінгі күнге аман жетуіне себепкер болды.

Осылайша М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы студенттер өз ойларын ортаға салды. Олар аға буын өкілдерінің тұшымды ойы мен пайымдарынан жазушы Мұхтар Әуезовты басқа қырынан танығандай болды.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ 

Басқа материалдар

Back to top button