Руханият

Бекем бірлік берекеге бастайды

Егемендік алған күндерден бастап әлемге тыныштық пен бейбіт өмірді сүйетіндігімен танылған Қазақстан халқы үшін Рухани келісім күнінің мән-мағынасы зор. Мұның негізінде қазақтың қанына біткен қонақжайлық, бейбітсүйгіштік, қамқорлық сияқты сезімдер жатқандығы сөзсіз. Әлі күнге дейін осы қасиетінен айнымай келеді.

18 қазан – Рухани келісім күні қарсаңында өңірдегі діни және этномәдени бірлестіктердің өкілдері бас қосты. Достық үйіндегі жиын Отанымыздағы татулық пен келісімді сақтау мен нығайтуға арналды.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов жиналғандарды келе жатқан мерекемен құттықтап, 30 жылдан бері аталып келе жатқан мерекенің орны ерекше екеніне тоқталды. Сонымен қатар, діни экстремизмнің алдын алуға, діни оңалту жұмысына белсенді қатысып жүрген бірқатар мамандарға Алғыс хат табыс етті.

Марапатқа ие болғандардың бірі – қылмыстық атқару жүйесі департаменті №35 мекеменің теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру бойынша топтың аға инспекторы Ағзам Сахи Қарабас кентінде жұмыс істейді.

– Сотталғандар арасында дін мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бізге дін өкілдері, теологтар келеді. Терроризм, экстремизм баптары бойынша сотталғандармен жеке кездесулер, тренингтер, психологиялық жұмыстар өткіземіз. Ойын түзетуге шамамыз келгенше ат салысамыз, – дейді ол.

– Бүгінде елімізде 17 конфессия, 130-дан астам ұлт өкілі ауызбіршілікте өмір сүріп жатыр, – дейді сөз алған облыстың бас имамы Естай Әбдіғали. – Дінімізге кіріп жатқан басқа ұлт өкілдері бар. Осыған қарап дінді таңдауда сенім еркіндігінің бар екенін байқауға болады. Құран Кәрімде: «Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз Отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла Тағала қарсы емес. Өйткені, Алла Тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді» деген аят бар. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да көршімен тату болуға, бейбітшілікке үндеген. Қазір облыста 130-дан астам мешіт бар, тағы 11-і бой көтеріп жатыр.

Орыс православ шіркеуінің Қарағанды және Шахтинск епархиясы хатшысы Дмитрий Патрикеев дін адамды Құдаймен байланыстыратынын, махаббат сезімінің ішінде Құдайға деген махаббаттың зор екенін тілге тиек етті.

– Махаббат – адамгершілігі мол, бір-біріне жақсылықпен, мейіріммен қарайтын адам болудың негізі. Қасиетті жазбалар адамдарды бір-біріне жақын болып, жаманаттан алыс болуға шақырады. Сонда қоғамда тыныштық орнайды, – дейді ол.

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы өкілдері атынан сөз алған «Polonia» облыстық поляк бірлестігінің төрағасы Альберт Хмелевский бірлікті сақтаудың қаншалықты маңызды екенін әлімдегі бүгінгі жағдайдан анық көруге болатынын айтты.

– Елдегі тұрақтылықты сақтаудың негізгі институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Тарихи жағдай солай болды, қазақ еліне өзге қаншама ұлт өкілдері жер аударылды. 1936 жылы алғашқылардың бірі болып 100 мыңнан астам поляк жерны жиі айтылады. Бұл – шынайы естеліктер. Бүгінде біз, солардың ұрпақтары қазақ жерінде туып, қазақтың осы қасиеттерін өз бойымызға сіңірдік, – дейді Альберт Витальевич.

Сонымен қатар, ол осы 30 жылда бір-бірінің мәдениеті мен болмысы араласқан біртұтас ұлт құра алғанымызды басты жетістік деп атады.

– «Біздің күшіміз – бірлікте» деген ұранымыз айтуға қарапайым болғанымен, оның мәні терең. Оны біз өсіп келе жатқан ұрпаққа сіңіре білуіміз керек. Осы бірліктің арқасында Қазақстан әлемге үлгі, – деді А.Хмелевский.

Рим-католик епархиясының дін қызметкері Владимир Дзуренд, «Вечное Евангелие» қауымдастығы шіркеуінің пасторы Сергей Серов та лебізін білдірді.

Түрлі дін мен ұлттың өкілдері болса да дөңгелек үстел басында айтылған ой біреу, ол – ортақ шаңырақтағы татулық пен бірлік.

– Еліміздегі тұрақтылықты сақтап, оны одан әрі нығайтуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Айтқандарыңыздың бәрі орынды. Бүгінде әлем – тұрақсыз, айналамыздағы қақтығыстарды барлығымыз естіп, біліп жүрміз. Тұрақтылықты бұзу – оңай, ал, оны сақтауға күш салу қиын. Осы жолда нақты қадамдар жасап жатқан сіздерге алғыс, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге. Елімізде қалыптасқан дінаралық татулық, ұлтаралық келісім – тәуелсіз еліміздің жеткен басты жетістіктерінің бірі. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button