Руханият

Қарағандыда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің бюсті ашылды

Қазақтың заңғар жазушысы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай Қарағанды қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Заманның заңғары – Мұхтар Әуезов» атты ғылыми конференция өтті. Кітапхана алдында жазушының бюсті, ал, кітапханадан М.Әуезов залы ашылды. Аталған шаралар қайталанбас жазушының туған күніне орай қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылды.


Алдымен, конференция өз жұмысын бастады. Жиынға қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедқали Әбдуов «М.Әуезов шығармаларындағы Абай мұрасы», филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Құрманғазы Сембиев «М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы лексикалық қолданыстар», Қарағанды университетінің IV курс студенті Ақбота Шодырова «М.Әуезовтің әдеби мұрасының зерттелуі», №61 мектептің 10-сынып оқушысы Жанар Жумабекова жазушының «Қорғансыздың күні» әңгімесі мен «Қараш-қараш оқиғасы» повесі туралы тұшымды баяндама жасады. №4 кітапхана филиалының меңгерушісі Дана Ақпанбек М.Әуезовтің шығармасына арналған менталды картамен таныстырса, балаларға қызмет көрсету бойынша №5 филиал меңгерушісі Айғаным Балдаева да жазушының балаларға арнап жазған шығармаларына тоқталды.

Әрі қарай М.Әуезовтің бюсті салтанатты түрде ашылды. Оған аймақтың зиялы қауым өкілдері мен жастар, кітапханашы мамандар және бюсттің авторы, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Ербосын Бағыбаев Астана қаласынан арнайы келіп қатысты. Қонақтар жазушыны еске алып, гүл шоқтарын қойды.

Жиында ҚР Білім меценаты, AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков, «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің директоры һәм бюсттің ашылуына бастамашы болған Есжан Әміров жылы лебізін білдіріп, бұл шараның жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеудегі маңызы ерекше екенін айрықша атап өтті.

Ал, қоғам белсендісі, Майра Абдрахманова енді осы маңда қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары оқылып жататын орталыққа айналдыру қажеттігін айтты.

Іс-шарада жас ақын Мәди Ұлағатұлы Мұхаңа арнау өлеңін, жас актер Ахай Жұмамұратов «Абайдың монологын», Ақшарқат Ешқұлова хакімнің өлеңін оқыды. Абайдан Мұхтарды бөліп қарау мүмкін еместігін тағы бір рет түйсіндік.

– Мұхтар Әуезовтің бюстін жасау мәртебесі бұйырғанына қуаныштымын. Бұл менің атақты тұлғалардан бесінші жұмысым. Бұған дейін Қалибек Қуанышбаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Дінмұхамед Қонаев, Жұмабай Шаяхметовтердің мүсінін салғанмын. Мұхаңның бюстін 1 айдай уақытта аяқтадым. Қиындау болды. Өйткені, ойлы көзі мен бөлек болмысын, образын ұқсату оңай емес. Өте жауапкершілікпен қарадым. Биіктігі – тұғырын қосқанда 2,5 метр, – дейді Ербосын Тоқтасынұлы.

Бюст ашылуынан соң, жиылған қонақтар кітапханаға кіріп, жаңадан ашылған жазушы залымен ондағы жазушының өмірі мен шығармашылығын қамтитын жәдігерлермен танысты. Соңында айтыскер ақын Еркеғали Бекболат жырдан шашу шашты.

Осылайша, бір күнде үш бірдей шара өтіп, жиылған жұрт Әуезов әлеміне сапар шекті…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button