Арқа аспанында Ақселеу рухы

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында белгілі қоғам қайраткері, көрнекті этнограф, жазушы, Алаштың аяулы азаматы Ақселеу Сейдімбектің туғанына 80 жыл толуына орай, жас жазушылар мен көсемсөз шеберлерінің республикалық әдеби­-шығармашылық байқауының жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті.

Арқа аспанында Ақселеу рухы

Айтулы кешке қазақ әдебиетінің белгілі тұлғалары, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, белгілі жазушы Әлібек Асқаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы және басқа да зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, студент жастар қатысты.

– Ақселеу Сланұлы атындағы республикалық байқауы айтулы тұлғаның мерейтойына орай биыл алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып, жүлде қоры ұлғайтылды. Бұған дейін облыстық деңгейде өтіп келген.

Қазақ шежіресінің білгірі, зерттеушісі бола білген ғалым сан ғасырлық салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Ғылым теңізінің тұңғиығына сүңгіп, тарих қатпарларынан сыр аша білді. Публицист, әрі журналист ретінде оның еңбектері отандық журналистиканы жаңа деңгейге көтерді. Әдебиеттанушы және ғалым ретінде қазақтың ауызша тарихын жаңғыртты. Осы мұраны барынша сақтап, елге насихаттап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғырту біздің басты парызымыз, – деді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова.

Дәстүрлі әннің дүлдүлі Сержан Мұсайын бастаған елімізге танымал әншілердің орындауында Ақселеудің әндері шырқалды, күмбірлеген күй төгілді.

Салтанатты кеш төрт бөлімнен тұрды. Әр бөлімде Ақселеу Сланұлының түрлі қыры жөнінде шағын сұхбат өрбіді. Бұл өз кезегінде қалың көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

Атап айтсақ, Әлібек Асқаров Ақселеу Сланұлының журналистік қырына тоқталып, сіңірген еңбегін, қазақ журналистикасын жаңа деңгейге көтергенін айрықша атап айтты.

Ал, Қойлыбай Асан қазір кенжелеп тұрған этнография бағытындағы еңбектерін атап өтті. Филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов жазушылық қырына, ел аузында жүрген белгілі шығармалары жөнінде айтты. Серік Ақсұңқарұлы Ақселеу Сейдімбектің ешкімге ұқсамайтын тұлғалық ерекшелігі, шешендігі мен білімділігі хақында ой өрбітті.

– Қазақтың руханият әлемінде түрлі әдеби қоғамдар болған. Соның бірі – Оралхан Бөкей мен Ақселеу Сейдімбек құрған «Жеті жетім» өнер-әдебиет қоғамы. Ол жетеу соғыс кезінде туғандар. Орекеңнен өзге алтаудың әкелері соғыста шейіт болған. Жетеуі бас қосып, әдеби шығармаларды талдайды. Түрлі ғаламат әңгімелер айтылады. Мәселен, «Мәскеуде қандай жаңа әдеби есім пайда болды?», «Алматыда кімнің кітабы шықты?» немесе өздерінің шығармашылығын да аямай сынға алады. Драмалық қойылымдарға бірге барып, талқылайтын. Сол әңгімелерді тыңдап, қастарында жүріп, қамқорлығын көріп өстім. Бұл топқа Оралхан Бөкей, Кәрібай Ахметбеков, Ақселеу Сейдімбек, Қуанышбай Құрманғалиев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Кәдірбек Сегізбаев, Төлен Әбдіков, Серік Әбдірайымов кірсе керек. «Жетімдер» деп аталуы да сондықтан екен. Бірде Асанәлі Әшімов «Үнемі қастарыңдамын, әмпей-жәмпейміз, қуаныш-тілегіміз ортақ, мені де жетімдерге мүше етіп алсаңдаршы» дейді. «Ой, бұл қиын шаруа, ол үшін сен біраз сыннан өтуің керек» деп достары әзілдеп жолатпайды. Жылдар жылжып жатады. Өмірден Оралхан Бөкей өтеді. Бірер жылдан соң Кәрібай Ахметбеков дүние салады. Астанаға көшіп кеткен Ақселеу кенеттен қайтыс болады. Ақселеуден соң араға бірер ай салып Серік көз жұмады. Сол қайғылардың бәрін бірге бөлісіп, оқиғалардың қалың ортасында бірге жүрген Асанәлі: – Әй, сендердің мына түрлерің жаман екен. «Жеті жетімдеріңе» мені қабылдамай-ақ қойыңдаршы, – деп әзілдепті, – деді Әлібек Асқаров.

Сонымен қатар, жиында Ақселеу Сейдімбек атындағы республикалық мүшәйрада жүлдегер атанған аймақтың жас ақындары Абай Ораз, Ерік Нарын және осы жолдардың авторы Ақселеудей дара тұлғаның рухына бағыштаған жырларын оқыды.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде, яғни, Ақселеу Сейдімбек атындағы арнайы жүлде астаналық Ғылымнұр Қадірбайға бұйырды.

Жас жазушылар арасында І орын Ұлытау облысы, Жезқазған қаласынан келген Абай Оразға, ІІ орын Ақтөбе облысы, Ойыл ауданынан қатысқан Жақсылық Әлиханға, ІІІ орын Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласынан келген Әсемгүл Серікболқызы мен қарағандылық Сабина Игілікке бұйырды. Жас көсемсөз шеберлері (публицистер) арасында І орын алматылық Ақниет Ералиеваның, ІІ орын Абай облысы, Семей қаласынан келген Жансая Сағындықованың, ІІІ орын қарағандылық Үміт Жұманның еншісінде. Жас этнографтардың арасында І орынға Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданынан қатысқан Мейіржан Мұхамеджанов, ІІ орынға қызылордалық Ерасыл Шәрібек лайық деп танылды.

Жәлел ШАЛҚАР

Ortalyq.kz