Коронавирус азайып келеді
Коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның деректері бойынша 7 тамызда ел бойынша 1 373 адамнан індет анықталды. Мұның алдындағы тәулікте 1 988 жағдай еді. Індеттің таралуы бәсеңдеп келеді.
Жаңадан анықталған жағдайлар бойынша Қарағанды облысы алдыңғы орында. Нұр-Сұлтанда – 301, Алматыда – 202 жағдай, ал, облыста – 327. Пандемия басталғаннан бері өңірде коронавирустың 157 647 жағдайы тіркелді. Бүгінде «жасыл» аймақтамыз. Облыс тұрғындарын вакцинацияның бірінші компонентімен қамту 71,2%-ды құрайды. Яғни, 727 103 адам егілген. Бұл жалпы халық санының 50,9%-ын білдіреді. Вакцинациялауға жататын контингенттің ішінде екінші компонентті алғандар қатары 66,5% немесе 679 593 адам. Бұл жалпы халық санының – 47,5%-ы. Ревакцинацияға келетін болсақ, 256 543 адам ревакцинация, 27 128 адам қайта ревакцинация жасатты.
Дәрігерлердің пайымынша, вакцинация коронавирус инфекциясының алдын алудың ең тиімді әдісі, ал, ревакцинация иммунитетті арттырады. Екпе алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінуі қажет.
Соңғы деректер бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін – 9 564 711 адам, екіншісін – 9 343 683 адам салдырды. Одан бөлек, Pfizer вакцинасының бірінші дозасын – 1 235 977 адам, екінші дозасын – 1 190 660 адам алды.
Қазіргі уақытта елде вакцинация мен ревакцинация үшін QazVac, Sinofarm және Pfizer вакциналары қолданылады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ел көлемінде егу пункттерінде Sinofarm вакцинасының 1,1 млн. дозасы, QazVac-тың – 85 мың және Pfizer-дің – 29 мың дозасы бар. Ведомство жыл соңына дейін 500 мың доза QazVac, 300 мың доза Pfizer вакцинасын қосымша сатып алу жоспарлауда.
Мамандар коронавирустың омикрон штамы тез таралғанымен, аурудың жеңіл өтетінін айтуда. Дегенмен, ауыр жағдайдағы науқастар да бар. 8 тамыздағы мәлімет бойынша, 35 адамның жағдайы ауыр, 8 адамның жағдайы өте ауыр, 4 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған. Ел бойынша барлығы 27 116 адам коронавирустан емделуде. Оның ішінде – 1 466 пациент стационарда, 26 650 – амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы, жақындарымыздың амандығы үшін сақтық шараларын ұстанып, екпе алған абзал.
Жансая ОМАРБЕК.