Шина зауыты салынады

Ресейлік «Татнефть» компаниясы Саран қаласында автокөлік шиналарын шығаруды қолға алмақ. Автомобиль кластері бұрынғы РТБ зауытының аумағында құрылады.

Ауқымды жобаны іске асыру бойынша жол картасы әзірленді. Зауыт құрылысын 2021 жылдың наурызында бастау жоспарланып отыр.

Ұйымдастыру мәселелерін шешу үшін Қарағандыға «Татнефть» компаниясының бас директоры Наиль Маганов бастаған делегация келді. Инвесторлар Саран қаласының құрылыс алаңына барып, облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесті.

– Жобаны сапалы және мерзімінде жүзеге асыру үшін ең жақсы ресурстарды жібереміз. Қазақстанның, атап айтқанда, Қарағанды облысының автомобиль өнеркәсібін дамытуға өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Жоба жаңа жұмыс орындарын құру, импортты алмастыру және экспорттық әлеуетті қамтамасыз ету сияқты өлшемдерге сәйкес келеді, – деп атап өтті Наиль Маганов.

Компания өкілдері өңірдің инвестициялық климатын жоғары бағалады.

Жеңіс Қасымбек инвестициялық келісім аясында алынған барлық міндеттемелер орындалатынына уәде берді. Зауыт құрылысына жер телімі берілді. Инфрақұрылымды жүргізу басталды.

Бірлескен кәсіпорынның қатысушысы «Сарыарқа» ӘКК болады.

– Бұл – біздің облыс үшін жаңа бағытты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Біз тек инвестицияларға ғана емес, сіздердің тәжірибелеріңізге де қызығушылық танытамыз. Мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Ресей аймақтарымен біз көптеген салаларда белсенді жұмыс жасаймыз. Облыста 891 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл Ресей Федерациясымен тауар айналымы 1 млрд. АҚШ долларынан асты.

Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 111 млрд. теңгені құрайды. Қарағанды облысындағы зауытта климат ерекшеліктерін ескере отырып, made in Kazakhstan шинасының жаңа түрі шығарылатын болады.

Жоба 2022 жылы іске қосылады деп күтілуде. 2025 жылға қарай жобалық қуаттылыққа шығып, жылына 3 млн. жеңіл көлігі шинасы мен 0,5 млн. жүк машинасы шинасын шығару жоспарлануда. Өнім ішкі нарыққа және таяу шетелдерге экспортталады.

Кездесуде кадр мәселесі де талқыланды. Кәсіпорында жергілікті мамандар жұмыс істейтін болады. Дайындық бағдарламасы үміткерлердің Татарстанда білім алуын қарастырады.

Естеріңізге сала кетейік, жоба қыркүйек айында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мен Татарстан Президенті Рустам Миннихановтың Қостанайда өткен кездесуінде басталған болатын. «Татнефть» КАҚ, «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ және Қарағанды облысының әкімдігі бірлескен шина кәсіпорнын құру туралы инвестициялық келісімге қол қойды.

Бұрынғы РТБ зауытының аумағында қытайлық Yutong компаниясымен бірлесіп автобус шығаратын жаңа зауыт салынып жатыр. Ол осы жылдың соңында алғашқы өнім шығарады. Бұл жобаларды іске асыру моноқаладағы индустриялық аймақты жандандыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.