«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»

Балықтан да табыс бар

Табыс арттыру үшін тек малға қарап қалған заман емес, қазір. Қолдан келсе түрлі кәсіп ашып нәпақа табуға болады. Бұрын балығы тулап жатқан өзен-көлдер бүгінде байлығынан айрылған. Дегенмен, ел Үкіметі жаңа бағдарлама түзген болатын.

Бағдарламаға сәйкес, біздің облыста 2030 жылға дейін тауарлық балық өсіру бойынша жоспарланған көлемі 15 мың тонна мұғдарында. Осы бағдарлама бойынша алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жемшөп сатып алу, балық өсіру және биологиялық өнімдерді сатып алу сияқты құнының негізгі құрамдас бөліктерін субсидиялауды қамтитын мемлекеттік қолдау шараларының кешенін әзірледі. «Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін облыс әкімдігі резервтік қордың балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) жергілікті маңызы бар учаскелерін табиғат пайдаланушыларға бекіту бойынша конкурстарды тұрақты түрде өткізеді. Балық шаруашылығы субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында облыс әкімдігі жыл сайын балық жемінің құнын төмендетуге субсидиялар бөледі», – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Сәуле Ахметжанова.

Сондай-ақ, биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсатында жыл сайын резервтік балық шаруашылығы су айдындарын паспорттау жұмыстары жүргізіледі. «Балық шаруашылығы қорында алаңы 73 908 га жергілікті маңызы бар 202 балық шаруашылығы су айдыны және республикалық маңызы бар 3 су айдыны (Балқаш көлі, Нұра өзені, Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың су тораптары) бар. Алаңы 36 144 га 83 су айдыны бекітілген, резервтік қор 37 764 га алаңда 119 су айдынын құрайды. 2021 жылы 90 су айдынына паспорттау жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 57 балық шаруашылығы су айдынын ғылыми ұйым балық шаруашылығын жүргізуге ұсынды», – дейді Сәуле Ахметжанова.

Маманның айтуынша, 2020 жылы өсірілген балық көлемі 250 тоннадан астам тауарлық балық пен басқа да су жануарларын құраған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда (129 тонна) 48%-ға артық.

Өңірдегі балықты көп өндіретін «Балқаш Балық» ЖШС өнімдері алыс-жақын шетелдерге экспортталады.

2020 жылы 206,4 мың АҚШ доллары сомасына 213 тонна балық өнімдері (мұздатылған балық және балық филесі), 2019 жылы 175,7 мың АҚШ долларына 64,8 тонна балық экспортталған.

Сонымен қатар, «Қарағанды Осетр» ЖШС бекіре балық кешені жұмыс істейді, ол айналымды сумен қамтамасыз ету әдісін қолданады. Бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығын өндіру көлемі жылына 2,5 тоннадан 5 тоннаға дейін өскен. Облыс орталығындағы «Көгілдір тоғандар» шағын ауданында орналасқан су қоймаларының бірінде ақ балық тұқымдасының балықтарын өсіру жоспарлануда. Бірер жылдың ішінде олар сол жерде ең ауқымды жобалардың бірін жүзеге асырмақшы. Қарағандыда барлық су айдындары кезең-кезеңімен тазартылып, балық жіберіліп, демалушыларды тартуға қолайлы жағдай жасалады. Ал жоспарды жүзеге асыру үшін инвесторлар тартылады.

Ауданы небәрі 900-ден 300 метрге, ал ең тереңдігі үш жарым метрге жететін облыс орталығы маңайындағы «Көгілдір тоған» атты көлшіктің жаңа иесі – «KazProfessionals» ЖШС.

Компания өкілі Денис Бурковтың айтуынша, «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» Кешенді жоспары аясында жоспарланғандай, толық көлдік-тауарлық балық шаруашылығы үшін нысан әлсіз. Енді спорттық-әуесқойлық балық аулауды дамытуға баса мән берілмек.

«Нарықта сұранысқа ие шаянды өсіру де жоспарда бар. Біз Қарағанды балық зауытынан балық тұқымын ішінара сатып алуды жоспарлап отырмыз. Алматы және Ақмола облыстарынан бағалы тұқымдарды әкелетін боламыз», – дейді Денис Бурков.

Айта кетерлігі, «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» Кешенді жоспарын жүзеге асыру аясында Қазақстанда 100 балық шаруашылығы мен 500 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Сонымен қатар, балық өсіру көлемін үш есе дерлік ұлғайтып, өңдеу қуаттылығын арттыру қажет. Бұл салада жұмыс істейтіндердің жалақысы кезең-кезеңімен 40 пайызға өсетін болады.

Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Бекзат Махажановтың айтуынша, биыл Қарағанды облысында екі көлдік-тауарлық балық шаруашылығы құрылады.

«2022 жылдың басынан бері инспекция балық шаруашылығы су айдындарын қамтамасыз ету бойынша төрт байқау өткізді», – дейді ол.

Тауарлы балық аулауға бекітілген су айдындарын беру қорытындысы бойынша 13 көлдік-тауарлық балық шаруашылығы және үш торлы балық шаруашылығы құрылған.

Иә, балықтан да табыс бар. Ол үшін тәуекел де керек.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button