АбайАймақ

Пәтер кілттері табысталды

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, жұмыс істейтін жастарға арналған кіші бағдарламаға сәйкес, Абай ауданы, Топар кентінде пәтер кілттері табысталды.

3 пәтердің кілті С.Қадыроваға (4 бала, асыраушысынан айырылған), И.Дияноваға (4 бала), Е.Чжанға (4 бала) табысталды. Топар кенті әкімінің орынбасары Марғұлан Сафаровтың айтуынша, пәтер үлестіруде көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінді.

Пәтерлерді «Абай ауданының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі әрқайсының құны 6 млн. теңгеге дейінгі бағамен сатып алды. Жалпы ауданы кемінде 60 м2 болатын бұл пәтерлер сатып алу құқығынсыз жалға беріледі, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік стандарттардың талаптарына сәйкес пәтер ішінде жайлылық қамтамасыз етілген. Тұрғын үй күрделі және косметикалық жөндеуді талап етпейді. Санитарлық-техникалық жағдайына сәйкес, орталықтандырылған жылу көзі және сумен қамтамасыз етілген. Электр қуаты бар, коммуналдық қызметтер үшін абоненттік қарыз тіркелмеген. Николаева және Бейбітшілік бульвары көшелерінде орналасқан 3 пәтердің бірі көпбалалы Дияновтар отбасына берілді.

– Ұлық мереке қарсаңында құрылысы мемлекеттік стандарттарға сай салынған кең үйге кіргенімізге қуаныштымыз. Үйіміздің жанында мектеп, балабақша, аурухана бар. Қуанышымызды айтып жеткізу мүмкін емес. Жаңа қонысқа ие болуымыз біздің отбасылық ахуалымыздың жақсаруына жол ашады. Үйіміздің іші қуаныш пен балалардың күлкісіне толсын деп тілейміз, – дейді Индира Диянова.

Келер жылы Абай ауданында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға және жұмыс істейтін жастарға пәтер кілттері табысталмақ. Осы мақсатта көпқабатты үйлердің құрылысы жүргізілуде.

***

Тәуелсіздік күні қарсаңында, сондай-ақ Абай ауданында қайырымдылық шарасы өтті. Аз қамтылған 30 отбасына азық-түлік таратылды.

Абай ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Айгүл Сейфуллинаның айтуынша, Абай ауданының кәсіпкерлері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері және ұйымдары жалпы сомасы 15,7 млн. теңгеге 3630 отбасыға (халықтың әлеуметтік осал топтары) қайырымдылық көмек көрсетті. Оның ішінде 1556 адам азық-түлік тауарларымен, 725 адам көкөністермен, 270 адам етпен, 50 адам қымызбен қамтылса, 566 адамға тәттілер (балмұздақ және кәмпиттер) таратылды.

Сондай-ақ, 18 адамға көмір, 50 адамға тұрмыстық заттар, 118 адамға ақшалай көмек көрсетілді.

Аяулым СОВЕТ.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button