Жаңалықтар

Қазақ Наурызды қай кезден тойлай бастады?

Қазақтың осы төл мерекесінің 2-3 мың жылдық тарихы бар деген пікірді білеміз. Мен Наурыз мейрамы Еуразия даласында 2-3 мың жыл емес, 12-13 мың жыл бұрын тойлана бастады деген пікірдемін.

Наурыз мейрамының тарихынан бастасақ… Біріншіден, шығысында Қытай қамалынан басталып Дунайға дейінгі жерді алып жатқан далалық алқап «homosapiens», яғни саналы адам есебінде қалыптасқан орта. Оған себеп далалық алқап жылдың төрт мезгілі түгел континенталды табиғи ортада жатыр, бұл жерде адам табиғатпен партнер, бірде жеңіледі, бірде жеңеді. Бізден солтүстікке қарай жыл он екі ай адам жігерін құм қылатын қыстың суығы ұрып тұрады, бізден оңтүстікке қарай жыл он екі ай бойы адам жігерін езіп жіберетін ыстық аймақтар бар. Табиғатпен тепе-теңдікті ұстау үшін біздің ата-бабаларымыз оны жақсылап зерттеуге мәжбүр болғандығы аян. Наурыз деп біз алдымен күн мен түннің теңелген уақытын айтамыз, оны бар тіршілігі далада өтетін, еркін ойлы, ұшқыр қиялды сахара адамы аңғармағанда кім аңғарады ?! Екіншіден, қазақтың әңгімелері Наурызды Нұқ пайғамбардың заманымен байланыстырады. Жер бетін топан су басқан оқиға оқырманның бәріне де белгілі. Нұқтың жанында Құдайға сенген сексен адам бар, үш ұл, үш келіні бар алты ай он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айырылған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баяндай келе «Кеме Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебінен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді. Арабтың календары ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ, Хамап қазіргі уақытта Тоқты аталады және мартқа сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Ханалдан» шығады. Еуразия халықтарының көпшілігінде жаңа санат (григориан) календары кіргенге дейін жыл басы Наурыз болды. Қалай болғанда да Нұқ пайғамбардың кемесі тура наурызда Қазығұртқа тоқтаған болып отыр. Осыдан кейін Топан су қай заманда болған деген сұрақ туындауы заңды, қазіргі кешенді ғылыми-зерттеулер жер бетінде соңғы топан судың біздің жыл санауымызға дейінгі 12-13 мың жылдар бұрын болғанын айтады. Үшіншіден, қазіргі өркениеттің қарқынды дамуы сондай, біз өзімізді атабабаларымыздан ақылдырақ санайтын болдық, бұл адасқандық, адами негізден айырылып бара жатқандығымыз. Адамзаттың ең үлкен жаңалықтары көне тас ғасырында жасалған, біздің бабаларымыз миллион жыл бойы шошқа тағалап жүрген жоқ, тіршілікке керекті негізгі ұғымдарды қалыптастырды. Біз сол заманда қалыптасқан ұғымдармен, өзіміз соның маңызына бойламасақ та, әлі өмір сүріп келеміз. Наурыздың тарихын бергі заманнан іздеу адамзаттың көне тарихын, жасампаздығын мойындамаудың көрінісі. «Наурыз» деген сөз қандай мағына береді? Көп адамдар Наурыз сөзін парсы тілімен байланыстырады. Бұл – біржақты пікір. Наурыз сөзі Еуразия халықтарының көпшілігінде бар, әсіресе үнді-иран, герман-латын тілдес халықтарда «новый», «ньюз, «нео», яғни жаңа деген мағынада қолданылады. Қазақта тұтас бір айдың аты және ай болғанда жылдың басы. Осыған қарағанда бұл сөз Еуразия халықтары жеке тілдерге жіктелмей тұрғанда пайда болған көне ұғым. Жоғарыда біз Нұқ пайғамбар заманы туралы сөз еттік, сол сөзіміздің бір дәлелі осы мысал. Мен наурыз сөзі қазаққа сырттан (парсылан т.б.) келіп сіңіп кетті деген пікірлердің бәрі негізсіз деймін. Әлемде өзінің жерінен Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтады деп белгі көрсете алатын төрт халық қана: арабтар Жуды тауын, еврейлер Сион тауын, армяндар Арарат тауын, қазақтар Қазығұрт тауын көрсетеді. Енді осыншама тарихи мұраны сақтап келген қазақтың Наурызын өзгеге телу дұрыс па? Жарайды, біз парсыдан алдық дейік, сіз солтүстіктегі чуваш халқының наурызды «кноурас ойахск» дейтін себебін түсіндіріп бере аласыз ба? Олардың парсыға қатысы шамалы емес пе? Біз Наурызды Қазығұрт сияқты қасиетті жерлерден қарсы алып, содан бастап тойлауымыз керек. Біздің ата-бабаларымыз күн мен түннің теңелген, яғни Наурыздың келген сәтін қалай анықтады? Наурыздың басы деп революцияға дейінгі уақытта 9 наурызды айтатын, бұл ескі юлиан есебі бойынша. 1918 жылы Совет үкіметі еуропалық календарьды қолдану жөнінде декрет қабылдап бұрынғы есепке 15 күн қосты. Осылайша біз қазір Наурызды 22-наурыз күні тойлап жүрміз. Батыс өлкенің қазақтары Совет календарь реформасын мойындамай әлі де 14-нен бастап Наурызды тойлап жүр. Ертеде қазақ арасында ай мен жұлдыздың қозғалысын бақылап отыратын есепшілер болған, олар сәл өзгеріс болса елге хабарлап отырар еді. Себебі, аспан денелері де мәңгілік қозғалыстағы тірі дүниелер, алашақ, берешектері болады. Осыған қарағанда дәл тепе-теңдікті шығару қазір астрономдардың міндеті, ондаған, жүздеген жылдарда олардың орын өзгертіп отыратыны сөзсіз. Қазақ халқы ертеде Сырдың бойын қыстап, Сарыарқаны жайлап жүргенде Мәуреннахрға бір табан жақын болған, сол себепті қазақтың Наурызды тойлайтын дәстүрінде Мәуреннахр өлкесімен ортақтық көп, Наурыздың келген сәтін анықтайтын астрономиялық есепті де қазақ «Бұхар есебі» дейді. Біз Наурыз мерекесін Батыс Қазақстанда қалыптасқан 14-наурыздан, «Көрісуден» бастап тойлағанымыз жөн. «Көрісу» 22-наурызға дейін созылады. Бүкіл халық болып Күн мен Түннің теңелген сәтін тосып, бірбірімізді құттықтап, мемлекет астанасында, ірі қалаларда от шашу жасап, осыдан кейін Наурыздың тойына кіріскеніміз дұрыс. Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері бастап, алдын ала Наурызбен құттықтау шараларын ұйымдастырып жатсақ қандай тамаша ?! Наурыз тойындағы «Көрісу рәсімі» Көрісу қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Совет заманында әбден ұмытылып барып, жаңа жанданып жатыр. Қазаққа қыс мезгілі қашанда ауыр болған, тіпті ертеде түгелге жуық Сырдың бойынан бастап Жиделі Байсынға дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі, қыс қытымыр болып жатса мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып жұт басталып кетеді. Көтерем мал қырыла бастайды. Мал ашуы – жан ашуы, қысқамытта бір жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дауласып бір-бірімен араздасып, елдің есі шығады. Оның үстіне малдың пайдасына бола қазақ шаруашылықтары бір-бірінен қыс кезінде алыстау отырады, себебі қыста да жайылым керек, ол уақытта қазақ шөпазық дайындамайды дегендей. Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады? Наурызға қазақ қуанбағанда кім қуанады? Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бірбірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі. Наурыздың дастарханы туралы Қазіргі күні Наурыз күні көже дайындауды халық үйренген сияқты, бірақ Наурыздың тағамын әлі түгендеп бола алмай жатырмыз. Ертеде берекелі бәйбішелер Наурызға дайындықты бір жыл бұрын бастайды. Ең алдымен Наурыздың басты тағамы жент дайындалады. Қыс бойы тас қайрақтай қатып тұрған қарын-қарын жентті бәйбішелер «Самарқанның көк тасы жібіген күні біздің жент те балқып, босады» деп дастарханға алып шығады. Сары май, қазы-қарта Наурыз дастарханының басты белгілері. Наурыз мейрамының дастарханын байлар көтереді, олар семіртіп мүйізі шаңырақтай нән өгіз сояды. Осы Наурызға өгіз союдың өзі көне дәстүр, яғни бұл мейрам жылқыны қолға үйретпей тұрған уақытта қалыптасқан дегенді білдіреді. Жылқыны Еуразия даласында біздің жыл санауымыздан 4 мың жыл бұрын үйретті десек, сиыр малын қолға үйрету одан да ертерек заманның жемісі. Шумерлер біздің жерімізден Месопотамияға қарай (Екі өзен арасы) өгізді арбаларға жегіп аттанған болса керек. Қазақта соңғы кезге дейін сақталған бұқа культі де сол заманның бір мұрасы. Жалпы жағдайы келсін-келмесін әр қазақ Наурыз мейрамында қазан көтереді. Көрші-қолаңды шақырады, жолаушы жүрген халыққа таратады. Әр қазанда бас болуы шарт, сол себепті тым кедей деген адамның өзі қыста сойылған қойдың басы болса, алып қалып Наурызкөже пісіретін қазанға салады. Қазіргі уақытта қой сойса, оның басын ішек-қарынымен қоса лақтырып жіберу орын алып отыр. Наурыз мейрамы басты қадірлеуден басталады және сол арқылы біз қазақ құндылықтарына қайтып келеміз. «Ұлыстың ұлы күні» деген сөздің мағынасы туралы Наурыз мейрамын қазақ «Ұлыстың Ұлы күні» деп атайды. Түрік-моңғол тілдес елдер ұлыс деп мемлекетті айтады. Бұл ғажап ұғым, бұл кішкене ғана сөз тіркесі Наурыз мемлекеттің ең басты мейрамы дегенді білдіреді. Қазақ халқының осындай керемет сөздерді сақтап қалғанына таң қаламын. «Ұлыстың Ұлы күні» деген сөз қазақтың бұрын мемлекеті болмаған т.б. деп былшылдап жүргендердің бәрінің аузына құм құятын тарихи дерек емес пе?! Наурыз мейрамы – Қазақстанды мекендеген сан түрлі этностардың басын қосатын нағыз халықтық мейрам. Тек қазақ емес, өзге де халықтардың арғы тарихында Наурыз болған. Наурызды қазақ баласы өмір бақи тойлап келген, оның тарихы оны мың жылдан асатынын жоғарыда айттым. Әрине, қазақ баласы Сырдың бойында қыстап жүрген заманда, Түркістанда әз Тәуке сияқты хандары отырғанда Наурыз тойы ерекше болған. Кейін хандықты жоғалтып, Ресейдің боданы болғанда да Наурызды тойлай бердік, бірақ мемлекеттік мейрамды мемлекеті жоқ халық өз дәрежесінде қалай тойлайды? Біртіндеп наурыздың мәртебесі түсе берді. Совет үкіметінің қазаққа жасаған қастандықтарының бірі ХХ ғасырдың 20 жылдары Қазақ автономия алғаннан кейін мәртебесі қайта жаңғыра бастаған мейрамды ескіліктің қалдығы деп тиып тастады. Шындығында Совет үкіметі Наурыздың тәуелсіз елдің мейрамы, яғни «Ұлыстың Ұлы күні» екенін өзіне сенімді ғалымдар арқылы біліп, анықтап барып шешім қабылдады. Наурыз дәстүрлері Наурыздың қазақтың салт-дәстүрін есіне түсіретін этнографиялық тойына айналып кеткені де рас. Әркім өзінің есінде қалғанын, білгенін істеп жүр. Біреулер келін түсіру ырымын жасайды, біреулер баланың тұсаукесерін өткізеді деген сияқты. Наурыз жаңа жылдың басы, бірнеше мың жылдық тарихы бар қасиетті мейрам есебінде тойланбай келеді. Менің ойымша Наурыз біздің ұлттық жаңғыруымыздың, ұлт құндылықтарына көзқарасымыздың, ұлтжандылығымыздың көрсеткіші. Егер қазақтың байырғы дәстүрлеріне келсек Мәшһүр Жүсіп шежіресінде қызықты деректер бар екенін айтқан жөн. «Наурыздың келген сәтін жандыда балық біледі» дейді шежіреші: «Наурызнама той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» – деп. Наурызда арнайы наурызнама жасап құрбы-құрдас, бастас-сыйлас азаматтар бір-бірінің ауылына барады. Наурызнама жасап арнайы келген адамға деген құрмет шексіз болады. Дәулеті жеткендері «тоғыз» деп тоғызмал байлайды, орта шаруалар ат мінгізіп, шапан кигізіп жатады. Әйтеуір наурызнама жасап келген адам құрқол қайтпауы керек, тіпті бір көйлектік деп мата береді. Қазіргі күні Наурыз мейрамы заманға бейімделуі керек-ақ. Ол үшін ол жастарға ұнамды болуы керек, яғни жастар іліп алып кететіндей дүниелерді ұсынуымыз керек.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button