Руханият

Сахнада – дәстүрлі ән

Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері, Арқа дәстүрлі ән мектебі орындаушыларының қатысуымен 15 наурыз күні, яғни бүгін сағат 18.30-да Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында «Ән керуен» атты дүбірлі концерт өтеді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді КЕМАЛОВ «Құрмет» орденінің иегері Сержан МҰСАЙЫН, мәдениет қайраткері Меруеш БАШАЙ, республикалық конкурс лауреаттары – Ришат ШАБДЕНОВ, Дулат АХАНОВ, Сырым ХОРДИН, Нұрлытаң ЕРМЕК Арқа мектебінің атақты туындыларын шырқайды.

Қарағанды халқы бұл күні Ақан серінің «Нәзік гүл», Біржан салдың «Айбозым», «Жалғыз арша», Жаяу Мұсаның «Құлбай бай», Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық»классикалық туындыларын және «Смет», «Балқурай», «Қайран заман», «Дей салдым», «Назқоңыр», тағы да басқа жүректі елітіп, көңілді көтеретін халық әндерін тыңдай алады.

Қазақтың дәстүрлі ән мен күй өнері Сарыарқа, Батыс, Сыр, Жетісу мектептеріне бөлінеді. Әр мектептің өз орындау ерекшеліктері, мақамы бар, әр мектеп өз алдына қойнауы мол тарих. Халық дәстүрлі ән өнерін әркез ыстық ықыласпен қабылдап, сүйсіне тыңдайтыны белгілі. Сол себепті, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік облыс халқына ерекше сый дайындауда. «Ән керуен» дәстүрлі әндер кеші тыңдарманға наурыз мерекесіне орай сыйға тартылып, ұлттық мұрамыз – асыл қазынамызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Қазақтың дәстүрлі ән мектебі бай, ірі, сұлу өнер болып есептеледі. Ұш қиыры көрінбейтін кең даламыздай мол иірім, маржандай асыл сөздер, мағынасы терең философиялық ойлар Арқа мектебіне тән қасиет. Ғасырлар қойнауынан мирас болып бүгінгі күнге жеткен бұл асыл өнерімізді дәріптеп, мәпелеп, биікке көтеру міндетіміз болып есептеледі. Осы орайда көрерменге тарту болатын «Ән керуен» кеші жалғасын таба бермек. Есімдері қазақ еліне жақсы таныс Жақсыкелді Кемалов пен Сержан Мұсайын бастаған дәстүрлі ән орындаушылары 15 наурыз күні болашақта үрдіске айналатын ұлттық өнер кешінің шымылдығын ашып, бастаса, ары қарай жалғасын табады деген ойдамыз. Бұл ретте халық қолдап, қолпаштап отырса,  келесі дәстүрлі ән кеші облыстық, аймақтық деңгейге көшеді деп жоспарлануда. Қарағанды халқы осы дүбірлі кештің көрермені болып, Арқа ән мектебінің құдыретіне куә болсын дейміз. Кешегі өткен сал-серілеріміздің классикаға айналған туындыларын бүгінгі серілердің орындауында құлақ құрышын қандыра тыңдай аласыздар.

Президент айтып өткендей, еліміздің жаңа баспалдағы ұлт өнерімен бастау алуы тиіс. Ұлттық өнерін құрметтей білген халық жаңа белестерді бағындырып, асқар шыңнан көрінері хақ.  

Марал НҰРТӨЛЕУОВА,

Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің бас редакторы.

Басқа материалдар

Back to top button