Руханият

Өлеңге құмар өрендермен кездесу

Биылғы Балалар жылына орай облыстың Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде «Өнер – баршаға ортақ» пилоттық жобасы аясында «Өлең әлемі» танымдық әдеби-сазды кездесу кеші өтті. Кездесуге арнайы шақырылған қонақтар ақын, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары Ілияс МҰҚАЙ және ақын Қайрат ИМАНБЕК өз шығармашылықтары мен өлең әлемі жайында сөз өрбітіп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Аталған мәдени іс-шараға Ә.Бөкейхан ауданындағы білім беру ұйымдарынан шығармашылыққа жақын оқушылар шақырылып, ақындық өнер жайлы ой-пікірлерін ортаға салды. Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері дәстүрлі әншілер С.Бөдесов, А.Рымғали орындаған әуезді әндер көрермендер ықыласына ие болды. Сондай-ақ, жалпы өнердің бұл саласы туралы ақын, жаңа Майқұдық мәдениет үйі директорының орынбасары Саят Тұяқбаев та өз пікірін білдірді.

 – Небір үлкен өзендер буырқанған бұлақтан бастау алады. Бұл танымдық әдеби-сазды бағдарламаны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – жас жеткіншектердің әдебиетке, ақындық өнерге, өлең әлеміне қызығушылығын арттыру. Бағдарлама барысында өлеңмен өрнектелген мазмұнды әңгіме, мағыналы ой оқушылардың шығармашылыққа құлшынысын оятты. Осылайша, біз қонақтармен бірге еркін форматта өткен мәдени іс-шараға оқушылардың еркін араласуына және жоғарыда айтылған мақсаттың орындалғанына көз жеткіздік. Алдағы уақытта мұндай іс-шаралар жалғасын табады, дейді Саят Қабдырашұлы.

Асылында, ұрпақтың рухани жандануына осындай шағын кездесулер жетіспей жатады. Поэзия әлемінің аға буыны тұрғысынан өскелең өнерпаздарға ақыл-кеңестердің маңызы зор-ақ. Ендеше, сол берер ақыл-кеңес санаға жүйелі түрде сіңірілсе санаға нұр үстіне нұр болмақ.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button