Бейжің - 2022Спорт

Әзірге қоржын бос

Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындары жалғасуда. Елімізден аттанған саңлақтардың соңынан үмітпен қарап отырмыз. Фристайл-могулдан Қазақстан командасының үздігі Юлия ГАЛЫШЕВА сайысты нәтижелі бастағанымен соңында сәтсіздікке ұшырады. Ол кейін жанкүйерлерге жазба арнап, сенім артқан жұртшылыққа ризашылығын білдірді.

– Олимпиадаға қатысуды 2010 жылы бастаған екенмін. Көзді ашып-жұмғанша 2022 жыл келіп, біршама уақытты артқа тастаппыз. Сол шақтарды еске алсақ, 2010 жылы Канадада – XI орын, 2014 жылы Ресейде – VII орын. 2018 жылы Оңтүстік Кореяда – III орын, 2022 жылы Қытайда – XI орынға ие болыппын. Осы жолды менімен бірге өткерген жандарға көп рақмет! Қуана еске алатын ұмытылмас сәттерім өте көп, – деді Юлия Галышева. Айта кетелік, Бейжің Олимпиадасында Юлия Галышева екінші финалға дейін табандылық танытып, 74,97 ұпаймен жетінші орынға жайғасқан болатын. Өкінішке қарай, трамплиннен секіру барысында қателік жіберіп, Қысқы ойындарды XI орынмен аяқтады. Сондай-ақ, шаңғымен жарысудан ерлер арасындағы скиатлон (15 шақырым классикалық әдіс және 15 шақырым еркін әдіс) бәсекесі де өз мәресіне жетті. 30 шақырымға созылған жарысқа Қазақстан атынан қос шаңғышы қатысқан болатын. Оның бірі Виталий Пухкалов 4 жыл бұрынғы нәтижесін қайталап, 70 спортшының ішінен XXXII орынға тұрақтады. Ол сайыс жеңімпазынан 7 минут 35 секундқа кейін қалды.

– Жарыс жолы қатысқан адамға расында қиын. Қардың құрылымы еркін сырғанауға мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан шаңғы да ырқыңа бағынбай, ауыр қозғалады. Шаңғымен жүгіру қиын болды. Десе де, барымды салдым. Қарсыластар дайындығы өте мықты. Бұл Олимпиада, сондықтан, мұнда осалдарға орын жоқ, – деді Пухкало.

Ал, екінші спортшымыз Евгений Величко жарысты сәтсіз аяқтап, скиатлоннан Олимпиада чемпионы атағын ресейлік Александр Большунов жеңіп алды. Күміс медальді оның отандасы Денис Спицов иеленсе, қола медальді финляндиялық Ийво Нисконен еншіледі. Сонымен қатар, шаңғымен тұғырдан секіруден де алғашқы сайыс мәреге жетті. Бұл іріктеу сынында финалға өткен 30 спортшының қатарына қазақстандық спортшылар ене алмады. Үміттенген қос спортшы Данил Васильев – 46- шы, ал, Сергей Ткаченко 41-ші орынға тоқтады. Конькимен жүгіруден әйелдер арасындағы кезекті бәсеке басталды. 1500 метр қашықтыққа жарысудан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Ел құрамасы атынан сынға түскен қарағандылық Екатерина Айдова межеленген мәре сызығын 1:59.01 секундта жүгіріп өтіп, әзірге VI орында келеді. Алдағы сын сағатта жерлестеріміздің бағы мен бабы қатар шауып, бөрікті аспанға атар күн туар ма екен?..

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button