Поэзия

Аңсау

Далада туып өстім де,

Даланың әнін мақтадым.

Бағынбай өткен ешкімге,

Арынды менің шақтарым.

Ішінде жүрген сағымның,

Сонау бір көздің ұшында.

Бауырдай туған сағындым,

Даланың құйттай құсын да.

Артық жоқ одан жалғанда,

Сағынып жүрмін мен енді.

Бұлаққа, суға барғанда,

Жас қыздар айтқан өлеңді.

Кеткендей еді келмеске,

Кім біледі мүмкін оралар.

Не солар мәңгі өлмес те

Немесе мәңгі жоғалар.

Өтер де әлі талай күн,

Артымда талай күн қалар.

Қалады әнсіз ақ айдын,

Кетеді ұшып тырналар.

Өкпелі емен бүгінде,

Мезгілге сонау мен енді.

Жылыта алмас күнің де,

Тоңазып қалған денемді.

Ерегіскенде ездерге,

Боратқан қыстың ақпанын.

Байсалды тартып өзгерген,

О, менің асау шақтарым.

Дауыл

Бір шөкім бұлт жотаның

Тұр еді қалғып төсінде.

Жоқ жерде келіп шатағын

Бастады дауыл бесінде.

Найзағай жүзі жалтылдап,

Бұлттарға отты шашқандай.

Талдар да басы қалтылдап,

Топырлап қашып жатқандай.

Ежелден тентек, еркеден

Еркіндік бәлкім сұрады.

Кетерде біздің өлкеден

Егіліп бұлт жылады.

Жаратылыс келісімі

Еш себепсіз таудан тас

домаламас,

Тіршіліксіз ұмтылмас жоғары

ағаш.

Күнге қарай майысып,

Мұң бұралып

Күнбағыстар жайнайды сарыала

бас.

Құстар әні төгіліп жиі көктен,

Жанымызға сол әннен жылу

өткен.

Құмырсқалар жорғалап,

Дән сүйретіп,

Табиғатты олар да сұлу еткен.

Дөңгеленіп,

Көлге кеп қосылысқан,

Бұл өлкенің көп еді досы құстан.

Бір топ аққу сұңқылдап кетті

алысқа

Әлденеден дүркіреп шошып

ұшқан.

Ұққанымнан көп әлі ұқпағаным,

Амалым жоқ сүймеуге,

Бітті амалым.

Жаратылыс жасаған

жарасымды

Сұлулыққа осынау сұқтанамын.

Сұлулықты жырлайды өлең

біткен,

Ырғақпенен, керемет

тереңдікпен.

Дүниенің бәрін де

жымдастырып,

Мүсіндейді табиғат

шеберлікпен.

Еске алу

Түседі еске,

Батқан кезде ойларға,

Көшіп барып

Алыс сонау қойнауға,

Жұмыртқадай киіз үйлер

тізіліп.

Отыратын баяғыда

Жайлауда.

Дала – дастан,

Өзінше бір дала – аңыз,

Сенбесеңіз жиегіне қараңыз.

Онда біздер

Сол даладан бірдеңе

Қанымызға сіңіп жатқан

баламыз.

Кеңдігімен өзгеше бір тірлігі,

Шалғынының сылдыры мен

сыбдыры

Қанымызға сіңе берді ақырын,

Далаға ұқсап

шығу үшін бір күні.

Сүйем, далам, айырылсаң да

іргеңнен,

Тіпті әуелі бұлтыңды да

түнерген,

Күздігүнгі желіңді де ысқырған

Ең бір сырлас жақынымдай

білем мен.

Сол күзде түсті ертерек

ызғырық,

Өз дегенін салды, сөйтіп, күз

бүлік.

Әлі есімде, көршіміздің күшігі

Отыратын күнге жонын

қыздырып.

Әлі есімде, қос құлағы қалқиып,

Жан-жағына ауыз ашып,

Аңқиып,

Барлық ауыл қыстау жаққа

көшкенде

Жұртта жалғыз қала берді

маңқиып…

* * *

Күн көрмедім, сондағы бір

түндердей,

Жыл көрмедім, сондағы бір

күндердей.

Сезінетін болып алдым кейде

мен,

Өлу үшін өмір сүріп жүргендей.

Арман емес, арман үшін өлсе де

ер,

Қорқақтық та қорлықпенен

өлшенер.

Ойланбай-ақ тігер едім

басымды,

Өмір сүру үшін өлу болса егер.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button