Еріктілер ерлеп тұр

Биыл – Еріктілер жылы. Осыған байланысты жер-жерде ауқымды жұмыс атқарылуда. Әрине, бұл шарадан Бұқар жырау ауданының тұрғындары да қалыс қалмады. Айта кету керек, Үштөбе ауылының еріктілері елімізде өткен «Біргеміз: Таза әлем» акциясына қатысып, екі жоба бойынша жеңімпаз атанды.

Мысалы, «Үзілмес үміт» еріктілер тобы қайырымдылық бақшасынан 30 қаптан аса картоп жинап, жалғызбасты қарияларға, көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлестірді. «Еңбегіне қарай өнбегі» атты қайырымдылық бақшасын еріктілер көктемде егіп, жаз суарып, күзде жинап алған болатын.

– Көктемде егілген картоп жинап алынды. Сұрыптап, үлестірудеміз, – дейді «Үзілмес үміт» еріктілер тобының мүшесі Асхат Мұқашев.

Ал, ботақаралық Кипоренко Вячеслав бақшасына егілген сәбіз-пиязын денсаулығына байланысты жинауға шамасы келмейтінін айтып еріктілерден көмек сұраған. Ақсақалдың сөзін жерге тастамаған жастар қолұшын берді.

Сонымен қатар, еріктілер Агдам Ахмалов, Тамара Шевцова, Вячеслав Кипоренко, Раиса Коваленко сынды ардагерлерге азықтүлік пен тәтті-дәмді толы себет табыстады.

Осы ауданға қарасты Үштөбе ауылының жастары да елімізде өткен «Біргеміз: Таза әлем» акциясына қатысып, екі жоба бойынша жеңімпаз атанды.

Облыстық экологиялық музей өкілі Айгүл Мәлікова:

– Елімізде акция кезінде 68 жеңімпаз анықталса, соның екеуі осы Үштөбеден. Көбіне адамдар демалған, тыныққан орындарын жинамай, қалдықтарды шашып кететін жайтты жиі кездестіреміз. Тазалықты бірге сақтайық! – дейді.

Үштөбе ауылының көрікті алма бағының 10 гектар аумағы қоқыстан тазартылды. Еріктілер жеміс ағаштарының сынған, шіріген жерін де қиды. Сондай-ақ, осы маңдағы шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтарды жиыстырды. Бұл жобаға «Жасыл ел» тобы, «Экопатруль» мүшелері және мешіттің жастар секторынан белсенділер қатысты.

Үштөбе орта мектебінің директоры Сәуле Артықбаева:

– Ауқымы кең жоба аясында жастар белсенділік танытуда. Бұл – патриот жастар, – дейді.

Алма бағынан бөлек Соқыр өзенінің жағалауы да тұрмыстық қалдықтардан тазарып қалды.

Үштөбе ауылдық округінің әкімі Саят Шаяхов:

– Таза экологиялық акциясына 200-ге жуық адам қатысты. Карантиндік талаптарды орындауды көздеген жастар топ-топқа бөлініп, жұмыс істеді. Ауқымды шараны ұйымдастырушылар барша халықтың тынығу, серуендеу барысында тұрмыстық қалдықтарды шашпауға, табиғатты аялауға шақырады, – дейді.

Бұл – атқарылған істердің бір парасы, еріктілер шынымен де ерлеп тұр!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Бұқар жырау ауданы.