Жаңалықтар

Қос ақында қос жүлде

Қызылжар қаласында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, Ерік АСҚАРОВ атындағы айтыс мектебінің ұйымдастыруымен «Ұлтын сүйген ұлылар» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Сөз аламанында жерлестеріміз, қос жүйрік Тілеген ӘДІЛ мен Төлеген ЖАМАНОВ III орынды иеленіп, мерейімізді тасытты.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай төрағалық еткен айтыс Қазақстанның халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің – 120, Халық жазушысы, драматург, Сафуан Шаймерденовтің – 100, ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы, ақтаңгер ақын Жүрсін Ерман жүргізген айтыс өте тартысты өтті. Өйткені, ауыздығымен алысқан жүйріктер арасында елімізге танымал үздіктер Рүстем Қайыртай, Еркебұлан Қайназар, Қалижан Білдәш, Мейірбек Сұлтанхан, Төлеген Жаманов, Тілеген Әділ, Серік Қуанған, Шұғайып Сезімхан, Қазірет Бердіхан, Нұрзат Қару, Жұмабек Рахимов, Жарқын Жұпархандар болды. Сүйегіне сөз сіңген, елге танымал жерлестеріміз осылайша, Арқа жұртының даңқын асқақтатып, мерейін тасытты. Қос ақынды жеңісімен құттықтап, толағай шығармашылық шабыт тілейміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button