Жаңалықтар

Намыс пен ақыл

Тағдыр тауқыметімен кезінде қазақ даласына неміс, шешен, тағы да басқа халықтарды әкелгенде біздің әкелеріміз олардан қазақша сөйлеуді талап еткен жоқ. Барымен бөлісіп, төріне шығарды. Ал, олар қазақтарға құрметпен қарады, ешкім айтпайақ, қыстамай-ақ қазақша сайрап кетті. Әлі күнге дейін олар елімізге ерекше құрметпен қарап, сүйіспеншілікпен еске алады.

Негізі, қазақ тілінде қызмет етуді талап еткендер намысшыл азаматтар деп бағалаймын. Намыс – адам баласының бойына біткен өте жоғары, қасиетті сезім. Адамзат намыспен бірге ақылмен де қаруланған. Ақылдың ерекшелігі – оқиғаларды, фактілерді саралап, салыстырып, шешім қабылдау. Жолда бір қазақ екінші қазақтың жолын кесіп өтсе, басып озса, екіншісі намыстан буынып қалардай болып, көлігінен шыға қырылысып жатады. Бұл да намыс. Бірақ, ақыл емес. Намыс пен Ақылдың басын қосуға бола ма? Егер қосар болсақ, тіл мәселесін осылай майдандатып шеше аламыз ба? негізі, қазақ тілін дамыту, пайдалану аясын кеңейту керек. Бірақ күштеп, зорлап емес. Бұндай әрекет керісінше елді жеккөрінішті етеді. Біздің халық өз қасиеттерімен тек құрметке ғана лайық. Бұл жайында Ата Заң не дейді? Конституцияның 7-бабына сәйкес, орыс тілі мемлекеттік тілмен қоса жүреді. Ата Заңның 19-шы бабы әр адам өз ана тілінде сөйлеуге, білім алуына, тәрбиелуге, шығармашылықпен айналысуына құқылы делінген. Тіл туралы заңның 5,6,7-баптары Ата Заңымыздың жоғарыда көрсетілген баптарының талаптарын қайталайды. Американың Алматыдағы консулы біздің елге қызметке келерде қазақ тілін оқып үйреніп, «Қазақ еліне барып қазақша сөйлеуге асығып отырмын» деп сұхбат беріпті. Ешкім оны қыстаған жоқ, ешкім күштеген жоқ. Адамзатқа деген құрмет, жоғары мәдениеттілік. Намыс пен Ақылдың басын қосқанда ғана Ата Заңымыздың 7-бабы мүлтіксіз орындалар еді.

Серік АЛПЫСОВ, заңгер.

Басқа материалдар

Back to top button