Карантинге жабылған қалалардың арасындағы қарым-қатынас шектелмейді
2020 жылдың 30 наурызы сағат 00:00-ден бастап Қарағанды, Абай, Теміртау, Шахтинск және Саран қалаларында карантин жарияланды. Карантин аталмыш қалалардың сыртқы шеңберінен басталады. Яғни, олардың ішіндегі қалааралық қатынастар шектелмейді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов өзінің “Фейсбук” парақшасында жазды.
“Карантин бес қаланың (Қарағанды, Абай, Теміртау, Шаxтинск, Саран) сыртқы шеңберінен басталады, олардың ішіндегі қалааралық қарым-қатынас әзірге шектелмейді (жағдайға байланысты жеке қалааралық шектеулер болса қосымша xабарлаймыз). Бұндай шешім төрт қаланың облыс орталығымен тығыз байланысын ескере отырып қабылданды (жұмыс, азық-түлік және т.б.). Осы шеңбердің ішінде барлық талаптар орындалуын бақылауымыз қажет. Бұл жұмысты құзырлы мемлекеттік органдар мен құрылымдар атқарады. Дей тұрғанмен, азаматтарымыздың амандығы әрқайсымыздың ісіміз деп білемін. Тұрғындар арасында өз қауіпсіздігі үшін сақ болуы туралы жұмыс жүргізу өзекті. Баршаларыңызды, азаматтық қоғам белсенділерін, БАҚ өкілдерін осы жұмысқа бір адамдай атсалысуға шақырамыз!”, – деп жазды Абзал Нүкенов.