Бас тақырыпҚарағандыСпорт

“Ақ қарда көкпар тартысып”: Қарағанды шаһарында көкпардан ересектер арасында облыстық біріншілік өтті

Қарағанды шаһарының Оңтүстік-Шығыс ауданында Кенесары Қасымұлының 220 жылдығына орай облыстық «Ұлттық ат спорты федерациясы» ҚБ-нің қолдауымен һәм белгілі кәсіпкер «Natige» ЖШС директоры Ерлан Әшімнің мұрындық болуымен көкпардан ересектер арасында облыстық біріншілік өтті. Сайыс сапында 9 команда өнер көрсетті. Олар – «Қарқаралы», «Тұран елі», «Бұқар жырау», «Изенді», «Нұра», «Балқантау», «Сарыбел», «Ақтоғай», «Шет» командалары. Үш күнге созылған тартысты дода көкпаршыларды ауа райының қолайсыздығына да қаратпады. Ойыншылар жанын салып, салым үстіне салым салып, жиылған жанкүйердің ықылас-батасын алды.

Көкпар ойыншыларының күн санап қатары артуда. Тек саны ғана емес, сапалы ойыншылар сап түзеуде. Оған дәлел – ақтоғайлық Айбар Мәни палуан. 2002 жылғы жас палуан – бүгінде Қарағанды облысының «Тұран елі» көкпар командасының шабуылшысы. Осынау Хан Кененің мерейтойында туған өлкесі Ақтоғай ауданы атынан шықты. Өнеріне ел сүйіне, ер күйіне қарады десек, артық, яки, айып емес. Айбар палуан астына мінген «Айқасқасымен» көк серке тақымда, тізгіні қарында, таудан аққан тас бұлақша қарсыласқа қақтырмай бірнеше мәрте салым салғанына жиылған жұрт куә. Бұл алғашқы ойындардың бірі – «Изенді» командасы мен «Ақтоғайдың» арасындағы тартыс еді. Айбардай ойыншысы бар «Ақтоғай» командасы ақыры 7:2 есебімен алға шықты.

Осылай алаңға шыққан 9 команда өзара бір-бірімен ойнап, үшінші күні ақтық сынға түсті. Қарсыластарын ойсырата жеңген «Қарқаралы», «Нұра», «Ақтоғай», «Тұран елі» командалары финалдағы додада барын салды. Бұл сында үздік өнер көрсетіп, ел назарына іліккендер қатарында «Нұра» командасының ойыншылары – Дамир Қали, Рүстем Болатов, «Қарқаралы» командасынан Жанай Төкенов, «Ақтоғай» командасынан Айбар Мәни мен Айбол Оспановтар ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Расында, көрермен қарасы аз болса да жанкүйерлер әсерлі доданың қызығымен күннің қалай батқанын да байқамай қалғандай. Ақтық сында ақ қар, көк мұзға қарамастан көк серкенің көк етін сөге тартып, көкпар ойынына жан бітірген қос команда – «Қарқаралы» мен «Нұраның» кездесуі ауыз тыймай, айыл жимай айтарлықтай-ақ болды. Жоғарыда атаған «Нұра» командасының қос палуаны Дамир Қали мен Рүстем Болатовтың шеберлігі осы тұста айқындала түсті. Қарсылас «Қарқаралы» командасының Жанай Төкенов палуанының ептілігін қосыңыз. Көлденең жатқан көк серке алаңда емес, осы үш палуанның тақымында көп жүрді ме дерсің. Алаңдағы серкені көтеріп алып, жер қазандыққа қарай ұмтылғанда кейбір аттарды қарсылас команда ойыншылары қағып құлатып та жатыр. Кейбір аттылы көк айна мұзда тайып өзі құлауда. Алайда, алаңда тыным, серкеде дамыл жоқ. Жан-жақтан жанкүйерлер дауысы делебесі қозған көкпаршыларды одан сайын рухтандырып, арқа беруде.

– Бұл көкпар басқа көкпардан бөлек өтті. Ауа райының тудырған қолайсыздығы мен көктайғақтан адам түгіл ат аяғын әзер алып жүрер күнде арқалық палуандардың санасында тек салым ғана болды. Міне, нағыз патриотизм, міне – қайсарлық. Көкпаршылардың аты сүрініп, тайып, омақаса құлағанын бірнеше мәрте көрдім. Қарап тұрып «қайта шаппасы анық» деп ойлап тұрсақ, жоқ, тұра сала ер басына ілінер-ілінбес қайта мініп, төреші нұсқауын күтіп тұра қалады. Бұл не деген беттілік?! Арқа өңірі таң қалдырды. Кенесарыдай бабаның аруағы риза шығар, – деді сонау Алматыдан ат терлетіп келген, жылқы шаруашылығын ғылыми негізде зерттеген кәсіпкер-ғалым, экономика ғылымының кандидаты, қазақ-неміс «Қымыз» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айтуған Мұқашев.

Ақыры ақтық сында «Нұра» командасының мерейі үстем болды. 7-2 есебімен «Қарқаралы» командасынан басым түсті. Қарағандылық «Тұран елі» командасы III орынның 500 мың теңге ақшалай сыйын еншіледі. Ептілігі һәм беттілігінің арқасында «Қарқаралы» командасы II орын алып, 700 мың теңгені қанжығалады. Ал, I орын тұғырында «Нұра» командасының ақ туы желбіреді. Сондай-ақ, «Нұра» командасының 12 ойыншысына бірдей көкпардан спорт шеберлігіне үміткер атағы берілді. Бұл – команданың қоржынындағы 1 млн. теңге жүлде қорынан бөлек сый еді.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button