«АУЫЛЫНА ҚАРАП, АЗАМАТЫН ТАНЫ» Балқаш тұрғыны өз қаржысына көше жөндетті

Балқаш халқы қалаішілік жолдардың азабын тартып келеді. Бұл мәселеден билік те хабардар болар. Дегенмен, жергілікті биліктің әрекетін күтпеген қала тұрғыны Ғабит ЖАҚЫПОВ кетеуі кеткен жолдарды өзі жөндеуге кірісіпті.

Шаһар жұрты қоғам белсендісі деп танитын азамат жылда көше жөндеуді дәстүрге айналдырған. Бұған дейін де бірнеше жыл қатарынан көшелерді қырғызып, тас пен топырақ төсеп келгенін біреу білсе, біреу білмес.

Қар кеткелі көшелердің ой-шұқыры ашылды. Халық қиналып қалды. Қарап отыра алмадым, тұйық көшелерді автогрейдер жалдап, тегістеттім. Бұл жолдар қала құрылғалы күрек тимеген, ескерусіз қалған көшелер еді. Асфальт туралы армандамайды. Жұмысшылар қонысында көлік те, жаяу адам да жүре алмайтын көшелер әлі де жетерлік. Негізі, жаңадан салынып жатқан асфальт жолдардың қырындысын осы көшелерге төсесе болар еді. Мәселені қалалық әкімдікте талай мәрте көтердім, бірақ, әлі әрекет жоқ. Аз да болса сауапты іске қолдау білдірген «Тастемір» серіктестігінің басшысы Марат ағамызға мың алғыс. Өтінішімді жерге қалдырмай бірден іске кірісіп кетті, – дейді Ғабит Төлеуханұлы.

Айта кетейік, Ғабит ағамыз саяжай жолдарын, Прокатчиктер, Тоқтамысов, Лазо сияқты тұйық көшелерді күретіп, тегістетті.

Ал, Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Искандер Кабидулла Жұмысшылар қонысында біршама жұмыс жоспарланғанын айтады.

  • Биыл Жұмысшылар қонысында асфальт жабыны жоқ негізгі көшелерге қиыршық тас төселеді. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Олардың ішінде Тоқтамысов, Қайнар, 8 наурыз, Теміржолшылар, Мәметова көшелері бар, – дейді әкімдік өкілі.

Қоныс тұрғындары бұл шаруаны жеделдетуді сұрап отыр. «Жаңбырдан кейін көшелер ми батпаққа айналады, езіліп кетеді. Балалар мектепке бару үшін жолдың шетімен жүруге мәжбүр» дейді олар. Бармаған жері, баспаған тауы қалмаған халық әкімдік қызметкерлерінің уәдесі тағы да аяқсыз қаларынан қауіптенеді. Тек, Ғабит сынды елжанды азаматтарының барына шүкіршілік етеді.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.