«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»Бас тақырып

АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ Бірақ, қымбатшылық та қысып тұр

Азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жаһандық күрделі мәселе. Кез келген елді азықтүлікпен толық қамтамасыз етпейінше, өзгеге тәуелділіктен құтылу мүмкін емес. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын» қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда, облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қандай іс-шаралар жүзеге асып жатқандығын тілге тиек етпекпіз.

Жер шары тұрғындарының саны өскен сайын, оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету де қиындай түсуде. Бүгінгі таңда азық-түлік тапшылығынан зардап шегіп, ашаршылық орын алып жатқан мемлекеттер де жоқ емес. Осындай болжамды қауіпке жол бермеу үшін елімізде арнайы бағдарлама қабылданып, азық-түлік қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында кешенді жоспар жасалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай әзірленген жоспарда әлеуметтік экономикалық саясаттың басым бағыттары басшылыққа алынды. Атап айтқанда, бірінші–азық-түлік нарығындағы қолжетімділік деңгейін сипаттайтын азық-түлікке физикалық қолжетімділік, екінші – халықтың азық-түлік сатып алу мүмкіндігін сипаттайтын азық-түліктің экономикалық қолжетімділігі, үшінші – тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі. «Бұл, тұтастай алғанда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету салааралық сипатқа ие және барлық мүдделі тараптардың үйлестірілген іс-қимылын талап етеді», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Барлық талапқа сай құрастырылып, жоспар жүзеге асырылуда. Дегенмен, бірқатар азық-түлік бағаларының күрт өсуі халықтың алаңдаушылығын тудыруда. Бір ғана мысал, қант бағасының бірден 800-850 теңгеге көтерілуі халық арасында дүрбелең туғызды. Азық-түлік қауіпсіздігінің алдын алуда ауыл шаруашылығы саласының маңызы зор. Осы орайда, еліміздегі ішкі сұранысты қамтамасыз етуде облыстың ауыл шаруашылығы саласының қосып отырған үлесі қомақты.

Агроөнеркәсіп кешені алдында тұрған негізгі міндет – ішкі нарықты азық-түлікпен толықтыру және халықты толыққанды қамтамасыз ету. Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 14-ін жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер шығарады. Олар – І сұрыпты бидай ұны, І сұрыпты нан, картоп, сиыр және құс еті, макарон өнімдері, жұмыртқа, сәбізбен 100%-дан артық, қырыққабат, айран, сүзбе, пастерленген сүт, сары май, пиязбен 100%-дан аз қамтамасыз етілген. Қарақұмық, күріш, қант, өсімдік майы, тұз облыстан тыс жерлерден жеткізіледі. Облыс тұрғындарын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында егістік алқаптарының көлемі де ұлғайтылды. Яғни, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 38 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы көлемі 1 051,6 мың гектарға жетті. Оның ішінде дәнді дақылдардың үлесі басым, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының азық-түлік және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жасұлан Тарпанов.

Азық-түлік тауарларына инфляцияны тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қоры және жергілікті тауар өндірушілермен меморандум жасалған. Бүгінгі таңда өңірлік тұрақтандыру қорында 127,4 тонна қант, 116,6 тонна қарақұмық жармасы, 114,3 мың литр күнбағыс майы және 57,3 тонна күріш бар. Сонымен қатар, қосымша азықтүлік қорын қалыптастыру үшін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында 1,5 млрд. теңге тұр.

Аймақтағы тұрақтандыру қорындағы өнім қоры мол болғанымен қымбатшылық байқалуда. Дүкен сөрелеріндегі азық-түлік бағасы күн санап өсіп келе жатыр. Ал, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары әлеуметтік павильондарда ғана сатылғанымен барлық тұрғынға жете бермейтіні тағы бар.

Азық-түлік тауарлары қауіпсіздігінің қамтамасыз етуді халық санының өсуімен байланыстыра біржақты көзқарас білдіруге болмайды. Қосымша факторлардың да әсері бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласын дұрыс игере алмауы, аграрлық секторды озық технологиямен жабдықтай алмау да азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізері анық. Отандық өнімнің көлемі мен сапасын арттыруда материалдық-техникалық базаны дұрыс жасақтаған абзал. Мәселен, Қарқаралы ауданы халқын өзінің таза табиғи өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған Егіндібұлақ ауылындағы «Балқантау» цехы 15 түрлі өнім шығарады.

– Цех шетелдік жабдықтармен жабдықталған. Ет өнімдерінің үлесі басым. Тәулігіне 1 тонна өнім шығарып, ауданнан басқа, облыс орталығы мен НұрСұлтан қаласына жеткізіп отырмыз. Бүгінгі күнде цехта таза сапалы өнімдерін саудалайтын 300-дей дүкен бар. Сапасы жоғары тағамға сұраныс та үлкен. Шикізат көзі ретінде жергілікті жердің ірі қараларын қабылдаймыз. Жалпы, бағаның өсуі барлық жерде байқалуда. Осыған орай, біздің өнімдердің де бағасы 10-15%-ке өсті, – дейді жеке кәсіпкер Рымкеш Қапсаттарова.

Бағаны бақылау мен тұрақтандыру азық-түлік қорына тікелей тәуелді. Ауыл шаруашылығын дамытуға қомақты қолдау бар, тек ұқсата білсе болғаны. Агроөнеркәсіп кешені ел экономикасының негізгі драйвері дегенімізбен, отандық өніммен алдымен өзімізді қамтамасыз етіп, жоқ-жітігімізді жамағанымыз дұрыс. Ауыл шаруашылығы саласы және тамақ өнеркәсібіне инвестиция тартуды ұлғайтудың маңызы зор. Ел мұқтажы қанағаттандырылмай тұрған тұста «экспорттық әлеуетке иеміз» деп мақтануға әлі ерте.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button