Жаңалықтар

Кәсіпорындар жалақы көтеруге кірісті

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Қасіретті қаңтар» сабағында халықты сапалы өмірмен қамту мен әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті екенін атап көрсетті. Осы орайда халықтың біраз бөлігі еңбек ететін еліміздегі ірі кәсіпорындардың алатын орны ерекше. Мәселен, Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг) ЖШС қызметкерлерінің жалақысын көтеруге және әлеуметтік жағдайын жақсартуға 100 млрд-тан астам қаржы бағыттаса, «Атыналмас АК» АҚ қызметкерлердің еңбекақысын арттырды. Бұл туралы аталмыш кәсіпорындардың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Kazakhmys Holding ЖШС жыл сайын жалақыны және әлеуметтік пакетті қайта қарауды жүргізеді. Бұл өз кезегінде компанияның еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін қолдауға, қызметкерлерді жеке тиімділігін де, жалпы компания жұмысының тиімділігін арттыруға ынталандыруға мүмкіндік береді. Мәселен, компания 2022 жылғы 4-6 қаңтарда болған еңбек дауының қорытындысы бойынша қызметкерлерді қолдау жөніндегі шешімдерді әзірлеуде кешенді жұмыс жүргізген. Еңбек ұжымдарының, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері және компанияның бизнес-бірліктерінің басшылары қатысқан жиында келісімдер жүргізіліп, өңірлердегі еңбек ұжымдарымен бетпе-бет кездесулер жасалған. Нәтижесінде әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде зиянды еңбек жағдайларымен байланысты өндіріске тартылған жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелерінің емделуіне, сондай-ақ, санаториялық-курорттық емделуге жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымдарының қаражаты есебінен ақы төлеу туралы шешім қабылданған. 38 мыңнан астам қызметкері бар компания мұнымен де шектелген жоқ. Қаңтардан барлық санаттағы қызметкерлердің жалақысын орта есеппен 30-35%-ға арттыратынын атап өткен жөн.

– Лайықты жалақы әр қызметкер үшін ынталандыру болуы тиіс және бүгінгі күннің өзінде әрқайсымыз Қазақстан Республикасының өнеркәсібіндегі Қазақмыс көшбасшылығына қол жеткізуге жеке үлес қоса аламыз, – дейді Компания басшылығы.

Ал, бір жылғы өндірістік қуаты 2 млн. тоннадан аса кен шығаратын «Алтыналмас АК» АҚ да қызметкерлерінің еңбекақысын арттырғанын айту керек. Жалпы, 2019 жылдан жыл сайын Қазақстанның еңбек нарығының еңбекақыларына шолуларға қатысатын компания үшін тау-кен өндіру секторындағы тиісті көрсеткіштер мен инфляция деңгейі өндірістік персоналдың еңбегіне ақы төлеу деңгейі үшін бағдар болып табылады. Салыстырмалы талдау деректері негізінде компания басшылығы «Алтыналмас АК» АҚ жұмыс істеп тұрған барлық өндірістік алаңдарында еңбекақыларды кезең-кезеңімен дифференциалды қайта қарауға шешім қабылдады. Нәтижесінде, 1 қаңтардан бірінші кезекте, операциялық персоналдың, яғни, жұмысшылар мен қатардағы мамандардың жалақысы 10%-дан 30%-ға дейін көтеріледі. Бұл ретте қолданыстағы жалақы деңгейі еңбекақы төлеудің салалық көрсеткіштерінен төмен болған қызметкерлерде жалақының өсуі жоғары болады. Одан бөлек, тұрақты негізде елдегі макроэкономикалық жағдайына зерттеу жүргізетін компания қажет болған жағдайда, қызметтің өндірістік және қаржылық нәтижелерін ескере отырып, еңбекақы деңгейін де өзгертіп отырады.

– Пандемиядан туындаған қиындықтарға қарамастан, біз компания қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыруды жалғастыруға кезекті шешім қабылдадық. Бұл өңірлерді қолдаумен қатар, әлеуметтік қызметіміздің маңызды басымдықтарының бірі болып табылады, – дейді «Алтыналмас АК» АҚ Президенті – Басқарма Төрағасы Дияр Қанашев.

«Алтыналмас АК» АҚ толық геологиялық, тау-кен өндіру және алтын өңдеу циклінің компаниясы. Компанияның Қазақстан Республикасының төрт аймағында активтері бар. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы «Пустынное» жобасы осы компанияға тиесілі.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button